Ақмола облысының Целиноград ауданында үш бапкердің жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Нұр-Сұлтан қаласының 1980, 1983 және 1995 жылғы тұрғындары шамамен екі жыл бойы жалған дипломмен балаларды жаттықтырып келген. Жоғары білім туралы құжаттарында олардың Қазақ спорт және туризм академиясын бітіргені көрсетілген. Алайда аталмыш оқу орнына сұрау салу кезінде бұл азаматтар онда оқымағаны анықталды. Жалған дипломдарын 2003, 2009 және 2018 жылдары алған.
Қазір осы 3 жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі «көрінеу жалған құжатты пайдалану» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Жалған дипломдар заттай дәлелдемелер ретінде алынды, тергеу жалғасып жатыр.