«Қаралы қаңтар» біз үшін үлкен сабақ болды
«Қаралы қаңтар» біз үшін үлкен сабақ болды
278
оқылды
Осы аптада Мә­жілісте аса маңыз­ды отырыс бол­­­ды. Барша күштік құры­лым­ басшы­ла­ры­ның Парламентке ке­ліп, есеп беруі – Қазақ­стан­ның жаңа тарихында болмаған оқиға. «Қаралы қаңтар» біз үшін үлкен сабақ бол­ды. Көкейдегі көптеген сұраққа жауап алып, біраз мәселе туралы ой қорыттық. Шынын айтайықшы, қаң­тар күндері қазақ елі өзі­нің мем­лекеттігінен, тәуелсіз­дігі­нен айырылып қала жаз­да­ды. Осы трагедияны жос­пар­лаған, мемлекетті төң­кер­гісі келген­дердің діттеген мақсаттары мен пасық ойлары іске асқан болса, елімізде кейбір патриоттар­дың түсіне кірмеген антиутопиялар жүзеге асар еді. Мемлекетті құруға, нығайтуға ондаған, жүзде­ген жыл керек болса, оны ойрандау үшін бір аптаның, бір ай­дың өзі жеткілікті екенін көзімізбен көріп отыр­мыз. ХХІ ғасырда Сирияның, қазір соның ізімен бара жатқан Украинаның қанды трагедиялары тікелей эфирде жүріп жатыр. Тізім әлі де жалғасуда... Көптеген жағдайда біздің жұрт кінәліні, жауап­тыны тез-ақ таба салады. Өз өмірінің өзегіне өзінен өзгені кі­нәлі ету, өкінішке қарай халқымыздың жаман қасие­тіне айналып бара жатыр. Мен болсам, дәл қазір, бүгін дәл осы мінберден барлығымызды терең ойлануға, түсінуге, түйсінуге шақырғым келіп отыр. Менің ай­тайын деп отырғаным – тарихтық, ұрпақтық жауапкер­шілік пен мемлекетшілдік сана хақында болмақ. Мойындайықшы, «Қаралы қаңтар» күндері көп­шілігіміз миссиямыз, міндетіміз, мансабымыз талап еткен жауапкершілікті көрсете білмедік! Жағынайын деп айтып отырғаным жоқ, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде тиісті тарихи шешімдерді қабылдамағанда, «Қайтсе де астанада қаламын, елмен бірге боламын» деп табан­дылық танытпағанда, біз бүгін мына жиынды өткізіп отырмас едік. Шынын айтайық, мұндай тарихи шешімдерді Прези­дент Тоқаев жеке-дара қабылдады. Ең бастысы, сол үшін орасан зор жауапкершілікті де мойнына жеке-дара артты. Көпшілігіміз Президент мойнына артқан тарихи жауапкершілік, мәңгілік миссия биіктігіне сол күндері шыға алмадық. Көпшілігіміз Президентті алға шы­ғарып, өзіміз тығылып, жасқанып қалдық! Әншейінде пиардың пиазын аршыған, той-садақадан, жиын-жиналыстан қалмайтын, кез келген мінберді ерттеп мініп алатын мен деген мемлекеттік қайраткерлеріміз, серкелеріміз үндемей отырды. Өз басым сол күндері үш күн бойы елордадағы «Қаз­медиаорталығында» қонғандай болдым. Жур­налистердің «Айдос аға, осында жүрген бес-алты адам­нан басқа азаматтар қайда? Ел басына күн туған заманда ел азаматтары осында тізіліп тұруы керек еді ғой! Ағалық сөздерін, мемлекеттің позициясын осын­дайда неге таныптайды?» дегенге ұқсас сұрақтарын естігенде жүрегім ауырып, не дерімді білмедім... Мен бір нәрсені анық білемін, есі дұрыс елде поли­цей, жауынгер, сарбаз, судья, прокурор – ең сыйлы, жұрт құрметтейтін кәсіп иелері. Әлем елдерінде бұл кәсіп иелерін жұрты астындағы джипі үшін немесе қолындағы тоқпағы үшін құрметтемейді. Қызметін таза атқаратын, ұлтына, антына адал, қажет кезде жанын қиюға әзір кәсіп иелері болғандықтан, төріне отыр­ғызады, жағдайын жасайды. Елге, өңірге шыққан кезде талай әскери бөлім­шелерді аралап көрдік. Ашығын айтайын, кейбір әскери бөлімшелерді, әскери қосындарды көріп көпті көрген менің өзімнің төбе шашым тік тұрды! Мұндай тұрмыстық, жабдықтық, техникалық жағдайда қызмет етудің өзі садомазохистік қорлық түрі. Сонда осы кезге дейін армиямызға бөлінген қаржы-қаражат қайда, қалай жұмсалды?! Осыны да егжей-тегжейлі қарауымыз керек! Геосаяси жағдай ушығып, ашық соғысқа алып келген заманда біз қорғаныс доктринасын, сыртқы саяси доктринамызды қайта қарауға, күштік құры­лымды қайта жасақтауға, сарбаздарымызды заманауи, гибридтік соғыс тәсіл-тәмсіліне үйрету, қажетті за­манауи техникамен және қарумен жабдықтауға дайын болуымыз міндет. Керек болса, бюджетті толықтырған кезде қорғаныс бюджетін арттыруға да әзір болуымыз шарт. Әрине, аста-төк принциппен емес, керісінше кәсіби аудит пен парламенттік бақылауды күшейте отырып арттыру қажет! Көптеген нәрсеге көзіміз ашылды, әлі де ашыла жатар. Елімізде кімнің кім екенін енді ғана түсініп келеміз. Бұл шындық, бұл ақиқат бәрімізді де үлкен бір жауапкершілікке итермелеуі тиіс. Жаңа Қазақстан­ды ескі полициямен, ескі прокурормен, ескі судьямен құра алмаймыз! Жаңа Қазақстанды ескі армиямен, ста­линизмнің иісі мүңкіп тұрған күштік құрылымдар­мен құра алмаймыз! Бүгін Мемлекет басшысы өзінің тарихи маңызы бар саяси реформаларын жариялайды. Ең болмаса осы жолы Президенттің жанына топтасып, үйреншікті жолмен Жолдауды қолдай салмайықшы! Президентке еліктесек, мойнымызға жеке-дара, тарихи жауапкер­шілікті алу тұрғысынан еліктейік! Елдің армиясын, полициясын, сотын бүгін реформаламасақ, жаңғырт­пасақ, ертең кеш болып кетуі мүмкін. Елдегі рефор­маны, модернизацияны бүгін, бүгінгі ұрпақ атқармаса, ертең кеш болып кетуі ықтимал! Бұл үшін бізге мен айтқан мемлекетшілдік сана, ұрпақтық жауапкершілік, батыл іс ауадай қажет. Осыны естен шығармайық!