Голливуд қайда, біз қайда?
Голливуд қайда, біз қайда?
326
оқылды
Голливуд компаниялары өз фильмдерін Ресейде көрсетуден бас тартқан еді. Оның салқыны қазақстандық компанияларды да айналып өтпеген секілді. Еліміздегі кейбір кинотеатрлар желісі де 1 сәуірден жұмысын уақытша тоқтатамыз деп шешті. Кинокомпаниялар жұмысын тоқтатса, 800-ге жуық адам жұмыссыз қалайын деп тұр. Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев белгісіз мерзімге жабылатынын айтқан еді. Кейін жағдай не болмақ? Ресейлік кинотеатрлар Голли­вуд фильмдерін көрсетпейді. Қа­зақстандық компаниялар да дайын өнімді ала алмайды. Белгісіз мер­зімге жабылудың да себебі сон­дықтан. Сол себепті «1 сәуірден бас­­тап бізде көрерменге көрсеті­летін фильм жоқ» деген-ді.

Келісімдерге келуге еш кедергі жоқ

Осыған орай 10 наурызда Мә­дениет және спорт министрлігінде Дәурен Абаевтың төрағалығымен еліміздегі киноиндустрияны да­мыту мәселелеріне арналған кеңес өткен. Оған кинопрокат нары­ғын­да танылған отандық компания­лардың басшылары қатысты. Жиында кинопрокат мәселесі сөз болды. Министрліктің айтуынша, әзірге шетелдік компаниялармен барлық қажетті келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. «Атап айтқанда, Голливудтың үш студиясы – Universal Pictures, Warner Bros және Paramount Pictures бұрын бекітілген кестеге сәй­кес, қазақстандық көрермендерге өз картиналарын ұсынуды жал­ғастырады. Walt Disney Company және Sony компанияларымен отандық кино­прокатшылар ҚР МСМ қатысуы­мен тікелей келіссөздер жүргізіп жатыр. Тиісті келісімдерге қол жет­кізу үшін айтарлықтай кедер­гілер жоқ. Келіссөздер нәтижесі мен қа­зақстандық кинотеатрлардың одан әрі жұмысының басқа да егжей-тегжейі туралы қосымша хабар­ланады» деген еді. Бұған дейін де «Меломан» ком­паниясы Голливудтың барлық кар­тиналары кесте бойынша орыс тіліндегі дубляжбен және қазақша субтитрлермен шығатынан мә­лімдеген еді. Яғни, бұған дейін ке­лі­сілген фильмдерге қатысты мә­селе туындап отырған жоқ. «Әзірше ешқандай өзгеріс жоқ, бәрі кесте бойынша тұр. Disney, Sony Pictures және Warner Bros-тың барлық картиналары экранға уақытында шығады. Ком­паниялар бізге олардың кө­шір­ме­лерін жіберуге уәде берді. Біз қазір Sony, Pictures және Disney-дің ресейлік бөлім­ше­лерімен жұмыс істейміз. Олардың тарапынан бізге өзгеріс туралы жаңа ақпарат келген жоқ» деген екен «Меломан» ком­па­ниясы­ның пиар-менеджері Ка­милла Исмаилова «Азаттық ру­хына» бер­ген сұхбатында. Одан бөлек, Sulpak Cinema өкілдері де елдегі прокаттың ре­сейлік компанияларға қатысы жоқ екенін айтқан еді. «Кино kz» сай­тына кіргенімізде, жоспардағы фильмдердің кесте бойынша ки­нотеатрларда көрсетілімі жүріп жат­қанын байқадық. Кинопрокат нарығында танылған отандық ком­­паниялардың кейбірі Ресейдегі жағдайдың қазақстандық прокатқа әсер етпейтінін де айтқан еді. [caption id="attachment_188120" align="alignleft" width="1200"]Голливуд © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Алайда кинотеатрлар желісі басшылығы өкілдері дубляждың орташа бюджеті 100-300 мың АҚШ доллары тұратынын, елімізде жы­лына кем дегенде 300-ге жуық фильм көрсетілетінін, шығынның қандай болатынын айтқан еді. Олар осындай күрделі техноло­гия­лық процесті қысқа мерзімде ұйым­дастыру да іс жүзінде мүмкін емес екенін сенімді түрде жеткізген. «Егер де Шүкенов мырза кино­орталық аясында дубляжға қаржы бөліп, студиялармен ке­ліссөздер жүргізуге дайын болса, мұндай кө­мек пен қолдауды ри­зашылықпен қабылдаймыз», – деді Алмас Мал­дыбаев.

«Болашақ» аударған сапалы фильмдер

Соңғы он жыл ішінде «Бола­шақ» корпоратив қоры 38 шетелдік фильмге дубляж жасады. Бұл фи­льм­дердің барлығы дерлік меце­наттардың көмегімен жүзеге асты. Қор алғаш бұл жобаны 2011 жылы қолға алған. Қордың қолдауымен шетелдік үздік фильмдерге дубляж жасалып, соның арқасында қазақ тілі Disney студиясының 39-тілі және Sony Pictures студиясының 7-тіліне айналды. «Біздің қор бүгінге дейін 38 шетелдік туындыны қазақ тіліне дубляждады. Жағдай қазір әр күн сайын өзгеріп жатыр. Алайда дуб­ляж мәселесі көтеріліп, жан-жақ­ты қарастырылып жатқаны қуан­тып отыр. Қазір біздің студиялар 50-ден аса фильмді дубляждауға қауқарлы. Енді мемлекет тарапы­нан бұл бастама жақсы қолдау алса дейміз. Біздің қор қазір «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан заңының жобасы бойынша Мәжілісте құ­рылған жұмыс тобына қосылған болатын. Былтыр аталмыш жоба бойынша жұмыс тобы Мәдениет министрлігінің төңірегінде болған. Біз дубляжға қатысты оннан аса ұсыныс бердік. Қазір жұмыс тобы­мен үлкен жұмыс атқарылып жа­тыр. Енді алдағы уақытта жақсы жаңалықтар есту бұйырсын», – дейді қордың өкілдері. Ақан Сатаев та, Бауыржан Шүкенов те келіссөздер түзілсе, еш қиындықсыз батыс фильмдерін мемлекеттік тілде дыбыстауға бо­латынын айтып отыр. «Қазақ­фильм» киностудиясының басшы­сы: «Біз енді олардың фильмдерін ешқандай делдалсыз өзіміз сатып алып, дубляждап, көрерменге ұсы­натын боламыз. Бізде бәрі жақсы болады», – десе, Бауыржан Шүке­нов: «Орталық Азия мен Қазақ­станға ешқандай санкция жария­ланған жоқ. Сол себепті бұл мәсе­лені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», – дейді. Осылайша, мамандар еш қиын­дықсыз батыс фильмдерін мемле­кеттік тілде дыбыстауға бо­латынын айтады. Walt Disney Com­pany және Sony компанияларымен келіс­сөз­дер жүргізіліп жатыр. Керісін­ше, кей мамандар ағылшын тіліндегі фильмдерді субтитрмен көрсетуді дұрыс деп санайды. Бұл әдіс кино­туындының түпнұсқа атмо­сфе­расына нұқсан келтір­мейді, әрі дубляжға қарағанда анағұрлым арзан болады дегенді алға тартады. Ал Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығына хабар­лас­­қа­нымызда, олар әзірге келіс­сөздер жүргізіліп жатқанын, жұ­мыс енді басталғанын айтты. Ке­ліссөздер нәтижесі қандай бола­тыны әзірге белгісіз. Делдалсыз, тікелей голли­вудтық компа­ния­лармен байланыс жасағанымыз­дың тиімді де тұсы бар. Бұл әрі мемлекеттік тілдің да­муына оң ықпал береді. Бұрынғы­дай ресми тілде қазақша субтитр­мен көр­се­туден құтылатын бола­мыз. Оның үстіне, елімізде дубляж жасауға дайын мамандар да жет­кілікті. Оны «Болашақ» корпо­ра­тив қоры 38 фильмді қазақша тәржі­ма­лау арқылы дәлелдеген болатын. Биыл кинотеатрларда көрсетіле­тін шетелдік фильмдердің бар­лығын дерлік көрерменге қа­зақша ұсына алсақ, онда Мәдениет ми­нистр­лі­гінің де ұтқан тұсы бо­лар еді. Іске сәт дейміз!

Айым БЕКТҰР