Голливуд қайда, біз қайда?

Голливуд қайда, біз қайда?

Голливуд компаниялары өз фильмдерін Ресейде көрсетуден бас тартқан еді. Оның салқыны қазақстандық компанияларды да айналып өтпеген секілді. Еліміздегі кейбір кинотеатрлар желісі де 1 сәуірден жұмысын уақытша тоқтатамыз деп шешті. Кинокомпаниялар жұмысын тоқтатса, 800-ге жуық адам жұмыссыз қалайын деп тұр. Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев белгісіз мерзімге жабылатынын айтқан еді. Кейін жағдай не болмақ? Ресейлік кинотеатрлар Голли­вуд фильмдерін көрсетпейді. Қа­зақстандық компаниялар да дайын өнімді ала алмайды. Белгісіз мер­зімге жабылудың да себебі сон­дықтан. Сол себепті «1 сәуірден бас­­тап бізде көрерменге көрсеті­летін фильм жоқ» деген-ді.

Келісімдерге келуге еш кедергі жоқ

Осыған орай 10 наурызда Мә­дениет және спорт министрлігінде Дәурен Абаевтың төрағалығымен еліміздегі киноиндустрияны да­мыту мәселелеріне арналған кеңес өткен. Оған кинопрокат нары­ғын­да танылған отандық компания­лардың басшылары қатысты. Жиында кинопрокат мәселесі сөз болды. Министрліктің айтуынша, әзірге шетелдік компаниялармен барлық қажетті келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. «Атап айтқанда, Голливудтың үш студиясы – Universal Pictures, Warner Bros және Paramount Pictures бұрын бекітілген кестеге сәй­кес, қазақстандық көрермендерге өз картиналарын ұсынуды жал­ғастырады. Walt Disney Company және Sony компанияларымен отандық кино­прокатшылар ҚР МСМ қатысуы­мен тікелей келіссөздер жүргізіп жатыр. Тиісті келісімдерге қол жет­кізу үшін айтарлықтай кедер­гілер жоқ. Келіссөздер нәтижесі мен қа­зақстандық кинотеатрлардың одан әрі жұмысының басқа да егжей-тегжейі туралы қосымша хабар­ланады» деген еді. Бұған дейін де «Меломан» ком­паниясы Голливудтың барлық кар­тиналары кесте бойынша орыс тіліндегі дубляжбен және қазақша субтитрлермен шығатынан мә­лімдеген еді. Яғни, бұған дейін ке­лі­сілген фильмдерге қатысты мә­селе туындап отырған жоқ. «Әзірше ешқандай өзгеріс жоқ, бәрі кесте бойынша тұр. Disney, Sony Pictures және Warner Bros-тың барлық картиналары экранға уақытында шығады. Ком­паниялар бізге олардың кө­шір­ме­лерін жіберуге уәде берді. Біз қазір Sony, Pictures және Disney-дің ресейлік бөлім­ше­лерімен жұмыс істейміз. Олардың тарапынан бізге өзгеріс туралы жаңа ақпарат келген жоқ» деген екен «Меломан» ком­па­ниясы­ның пиар-менеджері Ка­милла Исмаилова «Азаттық ру­хына» бер­ген сұхбатында. Одан бөлек, Sulpak Cinema өкілдері де елдегі прокаттың ре­сейлік компанияларға қатысы жоқ екенін айтқан еді. «Кино kz» сай­тына кіргенімізде, жоспардағы фильмдердің кесте бойынша ки­нотеатрларда көрсетілімі жүріп жат­қанын байқадық. Кинопрокат нарығында танылған отандық ком­­паниялардың кейбірі Ресейдегі жағдайдың қазақстандық прокатқа әсер етпейтінін де айтқан еді. [caption id="attachment_188120" align="alignleft" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Алайда кинотеатрлар желісі басшылығы өкілдері дубляждың орташа бюджеті 100-300 мың АҚШ доллары тұратынын, елімізде жы­лына кем дегенде 300-ге жуық фильм көрсетілетінін, шығынның қандай болатынын айтқан еді. Олар осындай күрделі техноло­гия­лық процесті қысқа мерзімде ұйым­дастыру да іс жүзінде мүмкін емес екенін сенімді түрде жеткізген. «Егер де Шүкенов мырза кино­орталық аясында дубляжға қаржы бөліп, студиялармен ке­ліссөздер жүргізуге дайын болса, мұндай кө­мек пен қолдауды ри­зашылықпен қабылдаймыз», – деді Алмас Мал­дыбаев.

«Болашақ» аударған сапалы фильмдер

Соңғы он жыл ішінде «Бола­шақ» корпоратив қоры 38 шетелдік фильмге дубляж жасады. Бұл фи­льм­дердің барлығы дерлік меце­наттардың көмегімен жүзеге асты. Қор алғаш бұл жобаны 2011 жылы қолға алған. Қордың қолдауымен шетелдік үздік фильмдерге дубляж жасалып, соның арқасында қазақ тілі Disney студиясының 39-тілі және Sony Pictures студиясының 7-тіліне айналды. «Біздің қор бүгінге дейін 38 шетелдік туындыны қазақ тіліне дубляждады. Жағдай қазір әр күн сайын өзгеріп жатыр. Алайда дуб­ляж мәселесі көтеріліп, жан-жақ­ты қарастырылып жатқаны қуан­тып отыр. Қазір біздің студиялар 50-ден аса фильмді дубляждауға қауқарлы. Енді мемлекет тарапы­нан бұл бастама жақсы қолдау алса дейміз. Біздің қор қазір «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан заңының жобасы бойынша Мәжілісте құ­рылған жұмыс тобына қосылған болатын. Былтыр аталмыш жоба бойынша жұмыс тобы Мәдениет министрлігінің төңірегінде болған. Біз дубляжға қатысты оннан аса ұсыныс бердік. Қазір жұмыс тобы­мен үлкен жұмыс атқарылып жа­тыр. Енді алдағы уақытта жақсы жаңалықтар есту бұйырсын», – дейді қордың өкілдері. Ақан Сатаев та, Бауыржан Шүкенов те келіссөздер түзілсе, еш қиындықсыз батыс фильмдерін мемлекеттік тілде дыбыстауға бо­латынын айтып отыр. «Қазақ­фильм» киностудиясының басшы­сы: «Біз енді олардың фильмдерін ешқандай делдалсыз өзіміз сатып алып, дубляждап, көрерменге ұсы­натын боламыз. Бізде бәрі жақсы болады», – десе, Бауыржан Шүке­нов: «Орталық Азия мен Қазақ­станға ешқандай санкция жария­ланған жоқ. Сол себепті бұл мәсе­лені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», – дейді. Осылайша, мамандар еш қиын­дықсыз батыс фильмдерін мемле­кеттік тілде дыбыстауға бо­латынын айтады. Walt Disney Com­pany және Sony компанияларымен келіс­сөз­дер жүргізіліп жатыр. Керісін­ше, кей мамандар ағылшын тіліндегі фильмдерді субтитрмен көрсетуді дұрыс деп санайды. Бұл әдіс кино­туындының түпнұсқа атмо­сфе­расына нұқсан келтір­мейді, әрі дубляжға қарағанда анағұрлым арзан болады дегенді алға тартады. Ал Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығына хабар­лас­­қа­нымызда, олар әзірге келіс­сөздер жүргізіліп жатқанын, жұ­мыс енді басталғанын айтты. Ке­ліссөздер нәтижесі қандай бола­тыны әзірге белгісіз. Делдалсыз, тікелей голли­вудтық компа­ния­лармен байланыс жасағанымыз­дың тиімді де тұсы бар. Бұл әрі мемлекеттік тілдің да­муына оң ықпал береді. Бұрынғы­дай ресми тілде қазақша субтитр­мен көр­се­туден құтылатын бола­мыз. Оның үстіне, елімізде дубляж жасауға дайын мамандар да жет­кілікті. Оны «Болашақ» корпо­ра­тив қоры 38 фильмді қазақша тәржі­ма­лау арқылы дәлелдеген болатын. Биыл кинотеатрларда көрсетіле­тін шетелдік фильмдердің бар­лығын дерлік көрерменге қа­зақша ұсына алсақ, онда Мәдениет ми­нистр­лі­гінің де ұтқан тұсы бо­лар еді. Іске сәт дейміз!

Айым БЕКТҰР