Кепілге қойылған жерлер игерусіз жатыр

Кепілге қойылған жерлер игерусіз жатыр

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы ауыл тұрғындары мыңдаған гек­тар жерінен айырылып қалған. «Жерлеріңді жалға алып жарылқаймын, балқып-шалқып өмір сүресіңдер!» деп құрғақ уәдені үйіп-төгіп келген жайын ауыз фирмалардың көпшілігі қазір ізім-қайым жоғалған. Банктерге кепілдікке қойылған жерлер де аз емес. Оларды кепілге қойғандар қашып кеткен, ал банк иеленіп алған жерлер бос жа­тыр. Бірақ оны тұрғындар пайдалана алмайды.

Миллиондаған гектар жер кепілге кеткен...

Өзекті әрі тым кінәмшіл мәселе болғандықтан ба, ресми органдар нақты қанша жердің «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткені жайлы нақты ақпар бермей тұр. Дегенмен жағдайдың басы-қасында болып, мәселемен бірталай жылдан бері тұрақты айналысып келе жатқан ауыл белсенділерінің айтуынша, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана банктердің кепілдігіне өтіп, арты сиырқұйымшақтана жоғалған жердің көлемі 1,5 миллион гектардан асып жығылған. Бір айта кетерлігі, барлық жерде оқиға тек бір «сценарийде» өрбіпті. «Солтүстіктің түгін тартсаң, майы шығатын мыңдаған, тіпті миллиондаған гектар жерлері банктердің кепілдігіне қойылып кеткен. Мәселен, тек Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облыстарында «Әліби» компаниясы 1 миллион гектар жерді ал «КазЭкспортАстық» ЖШС 600 000 гектар алқапты еш ойланбастан «Аграрлық келісімшарт корпорациясына» кепілдікке бере салған. Ал алған несиелерін өз пайдаларына жаратқан. Қан қақсап қалған бұл ауылдардың көпшілігінде қазір, тіпті егін де егілмей, бос жатқан жерлерді қурай мен жусан басып кеткен. Ал өңделмеген соң шұрайлы жерлердің де құнары төмендейтіні айтпаса да түсінікті. Ғалымдардың пайымдауынша, теріскейдегі қара топырақты жерлердің ең төменгі сапасы 55 бонитет балл болса, көп жерлер 100 балл бонитетке дейін жетеді. Ал мұндай жағдайда аталған жерлердің сапасы да төмендей бермек. Аса ірі көлемде алаяқтық жасалғаны анықталып жатса да, кінәлі азаматтар күні бүгінге дейін лайықты жауапкершілік арқаламай тұр. Бұл жерде, тіпті аудан және облыс әкімдіктерінің де құйтырқы әрекеттерге қатысы болуы әбден мүмкін», – дейді ауыл белсенділерінің бірі Ернұр Нұрғали. [caption id="attachment_188123" align="alignleft" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption]

Жалған есеп жарға жығады

Әкімдік демекші, Ақмола облысының әкімдігі берген деректерге сенсек өңірде ауыл халқына жайылым жер бөлу туралы 500-ге жуық меморандум бекітілген. Алайда ауылдағы әкімдер жалған статистика жасапты. Сөйтіп, 21 меморандумнан қате табылған. Яғни, әкімдер 36 мың гектар мал жайылымы берілді деп жалған есеп берген. Жергілікті билік осылай деп есеп берсе де өңірде 400-ден астам елді мекеннің малы өріс таппай тұр. Әсіресе, Бурабай, Зеренді және Целиноград аудандарындағы ахуал күрделі. Күнкөрісі қорадағы малына байланған жұрттың тұяқты түлігін жаятын жайылымы да, шөп шабатын шабындығы да қалмауға айналған. Ал жаз шыға егін салынып, жыл сайын жағдай тіпті ушыға түсетін болған. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов жағдайды реттеуге заңнаманың да тұсау болып отырғанын атады. «Баламалы жер сұрамай, мемлекеттік меншікке өткізу деген құқықтық норма керек. Заңнама бойынша бізде шабындық пен жайылым жерді ғана алуға болады, егістік жерді ауылға болмайды. Егістік жерді жайылымға ауыстыруға, трансформация жасауға, алуға да болмайды деген норма бар. Сондықтан екінші бір мәселе егістік жерді жайылымға ауыстыру үшін бізге рұқсатнама қағаз керек», – дейді Ғалымжан Әбдіхалықов. Әкімдік биыл ауыл халқы үшін 445 мың гектар жайылым жер бөлінетінін мәлімдеді. Оның ішінде елді мекендердің шекарасын кеңейту жолымен 33 мың гектар алынбақ. Дегенмен облыс аумағында әлі де болса 640 мың гектар жер игерусіз қалып отыр.

P.S.

Қарапайым халықтың банктерге кепілге кеткен жерлер енді көзден мәңгі бұлбұл ұша ма деген қаупі басым. Өйткені соттың шешімі болса да, сенімхатқа қайтыс болып кеткен ондаған адамның да қол қойып жібергені анықталса да «көкесі барлардың» күші басым.

Өкініштісі сол, кепілге кеткен жерлердің біршамасы ресейлік «Сбербанкке» де кетіп қалғаны мәлім болды. Бәлкім, солтүстік облыстардың жерін «біздікі» деп даулап жатқан Ресей Думасының айтып отырғаны осы болмасын?!. Сақтанғанды Құдай сақтайтынын ұмытпайық... Кеш болмай тұрып жағдайды түзеткен жөн болар!

Ақмола облысы