Ауған соғысының ардагерлері далада қала ма?
Ауған соғысының ардагерлері далада қала ма?
1,066
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Ауған соғысының ардагерлері әлі күнге дейін пәтерге қол жеткізе алмай жүргендеріне назалы. Олардың пікірінше, Петропавлда тұрғын үй кезегі өте баяу жылжып жатыр. Үй кезегінде тұрғандардың біразы біртіндеп келместің кемесіне мініп, о дүниелік атанып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Соғыс ардагерлері одағының төрағасы Эрик Тәттібаев 2020 жылы одақтың бұрынғы төрағасын қосқанда 7 ардагерді жер қойнына тапсырғанын айтады. Олардың төртеуі үй кезегінде тұрған екен. Былтыр қайтыс болғандардың біреуі пәтерге қол жеткізе алмай кетті. Кезінде Солтүстік Қазақстан облысынан 1 500 сарбаз жарияланбаған соғысқа аттанса, соның бес жүз шақтысы майдан даласынан оралмапты. Бүгінде солтүстік өңірде көзі тірі 684 ауған соғысының ардагері бар. Солардың алпысы Петропавл қаласында пәтер кезегінде тұрғалы талай жылдың жүзі болды. Олар бүгінде пәтерден үміт үзе бастаған. Өйткені жаңадан салынған әрі жалдамалы-коммуналдық үйден оларға бір ғана пәтер бөлінеді екен. Биыл Петропавлда салынатын алты жалдамалы-коммуналдық үйден 6 пәтер берілген соң бұл бағдарлама тоқтатылады деген сыбыс бар. «Одан соң жалдамалы-коммуналдық үйлер салынбай ма, тек ипотекалық үйлер ғана тұрғызылатын бола ма, ол жағы беймәлім. Әлі қарастырылу үстінде. Осылайша, біз аспан мен жердің арасында қалдық», – дейді одақ төрағасы. Эрик Иланұлының айтуынша, 2018 жылға дейін ауған соғысының ардагерлеріне тегін баспана беріліп, кейін оны қалдық бағасы бойынша сатып алуға болатын. Соңғы 3 жыл бойы берілген пәтерлер жекешелендірілмейді екен. Соңғы жылы беріліп жатқан пәтерлердің барлығы тек жалдамалы-коммуналдық баспана ғана. Оның өзі Ауған соғысының ардагері о дүниелік болған соң тартып алынып, басқа ардагерге берілетін көрінеді. Бұл жайттың өзі кейін сол пәтерге қоныс тепкен адамдар үшін психологиялық тұрғыдан қолайсыз. «Неліктен мұндай өзгеріс енгізілді? Еліміздің мәртебесі өзгеріп кетті ме? Ардагерлерге пәтер тегін берілуі керек. Кейін пәтерін сата ма, балалары мен немерелеріне бере ме – өздері шешсін. Олар қандай құрметке болса да лайық», – дейді Эрик Иланұлы. Оның сөзін NEXT қоғамдық қорының президенті Алма Мұстафина да қолдады. «Ауған соғысының ардагерлері мұндай құқықтан айырылды. Неліктен? Не өзгерді? Үйлер бұрынғысынша салынып жатыр. Жергілікті және сырттан келген құрылыс компаниялары жетерлік», – деп қынжылыс білдірді Алма Таласпайқызы.

ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ӘСЕРІ

Бар гәп мынада: бұрындары Ауған соғысының ардагерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілген болса, қазір ұрыс қимылдарына қатысушылар мәртебесіне ие. Сондықтан бұрынғыдай тұрғын үйге бірінші кезекте ие бола алмайды. Бұған 2020 жылы қабылданған «Ардагерлер туралы» заң себеп. Өңірде аз қамтылған, әлеуметтік қолдауға зәру әлжуаз топтар, жетім балалар, жалғызбасты аналар тым көп. Ауған соғысының ардагерлері олармен бір кезекте тұрғандықтан пайыздық қатынас ескеріледі. «Бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтер кезегінде 14 мың адам тұр. Соның ішінде 5,5 мыңы – әлеуметтік әлжуаз топтардың өкілдері. Соның 1,7 мыңы – жетім балалар, 300-і – көпбалалы аналар. Біз салынатын үйлердегі пәтерлердің жалпы санынан пайыздық қатынаста баспана бөлуіміз керек. Ауған соғысы ардагерлерінің кезегін барынша жеделдету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Әр үйден бір пәтерден бөлеміз», – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин. Алайда алдағы жылдарға жалдамалы-коммуналдық үйлер салуға қаржы бөлінбегенін ашып айтты. Тек коммерциялық үйлер ғана салынады екен. Сондықтан Ауған соғысы ардагерлерінің баспанадан үміт үзуіне тура келмек. Осы мәселені көтеріп, олар қалалық, облыстық әкімдіктің, мәслихаттардың, ардагерлер кеңесінің, билік партиясының табалдырығын тоздырып жүр. Олар өздеріне соғыс ардагері мәртебесі берілгенін қалайды. Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары Дмитрий Колода мен Ерлік Тайжанов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келіп, «AMANAT» партиясының өңірлік филиалында азаматтарды қабылдағанда да, бір топ ауғандықтар келіп, ең өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Ауған соғысының ардагерлеріне әлеуметтік төлемдерді республикалық бюджеттен төлеу керектігі, тұрғын үй кезегінің жылжымайтыны, Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні, яғни 15 ақпанда төленіп келген жәрдемақыны төлеуді жандандыру, Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін қайта қарау, «Ардагерлер туралы» заңға өзгеріс енгізу, жалдамалы пәтер құнының 50 пайызын төлеу туралы мәселелер көтерілді. Оларды мұқият тыңдаған депутаттар ақыл-кеңес беріп, толғандырған мәселелерді жеке бақылауға алатындықтарын, олар жұмыс тобының отырыстарында қаралатынын жеткізді. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күнінде төленіп келген жәрдемақыға келетін болсақ, ол биыл тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана төленбепті. Эрик Иланұлының айтуынша, бұл солтүстік өңірдің дотациялық облыс болғанына байланысты. Ал басқа өңірлерде әр ардагерге 100-150 мың теңгеден жәрдемақы төленген екен. Ұлы Жеңіс күнінде де оларға жәрдемақы беріледі. Әрі өзге өңірлерде Ауған соғысы ардагерлері пәтерсіз жүр дегенді солтүстікқазақстандық одақ мүшелері естімепті.

ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР

Сонымен қатар бұрындары басқа да жеңілдіктер болған көрінеді. Мәселен, пойызда тегін жүру құқығы жойылған. Коммуналдық шығындарының 50 пайызы мемлекет қаржысы есебінен төленіп келген болса, қазір ол да жоқ. Санаторлық-курорттық жолдама берілгенімен, жолақысы өздерінің есебінен әрі кез келген санаторийге 150 мың теңгеден ғана беріледі. Жетпегенін тағы өз қалтасынан төлеу керек. Бұрын екі жылда бір рет тіс емдеу құқығына ие болса, қазір бұл мерзім үш жылға созылған. Бұл мақсатқа бөлінетін 200 мың теңге аздық ететін көрінеді. Сондықтан санаторлық-курорттық ем-шараға бөлінетін 150 мың теңге мен тіс емдеуге арналған 200 мың теңгені қосып, бір ғана мақсатқа бөлінгенін қалайды. «Ауған соғысы ардагерлері үшін медициналық сақтандыруды неліктен тегін етпеске? Көбі жұмыс істемейді. Аяқ-қолсыз қалған ардагерлеріміз ем-дом ақысын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Бойында оқ-дәрі қалдықтары бар. Шамамыз келгенше көмектесеміз. Мемлекет қарайласып жатқаны шамалы. Осы күнге дейін үндемей келдік. Себебі еліміз үшін қиын кезеңдер болғанын түсіндік. Енді заман өзгерді ғой. Біз артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Өзімізге тиесілі құқықтарды ғана қайтаруын өтінеміз», – дейді Эрик Тәттібаев. Бүгінде олардың ай сайын алатыны – 19 мың теңге жәрдемақы. Бұған қоса 9 мамыр күні 45 мың теңге төленеді деп күтіп отыр. Әріптесінің сөзін Солтүстік Қазақстан облысы «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі республикалық бірлестік төрағасының орынбасары Марат Әлжанов та құптады. Айта кету керек, солтүстік өңірдегі Ауған соғысының ардагерлері қол қусырып отырған жоқ. Кейінгі толқынға әскери-патриоттық тәрбие беру, қоғамдық тәртіпті қадағалау ісіне белсене араласып, ешбір шарадан шет қалған емес. Эрик Иланұлы өзі негізін қалаған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубына 150 өрен барып, бастапқы әскери және жалпы физикалық даярлық, өзін-өзі қорғау бойынша дәріс алып жатыр. «Жас сарбаз» клубының жылусыз, жарықсыз, сусыз, суық әрі сыз гаражда орналасқаны – басқа мәселе. Қоғамдық қор президенті, Социалистік Еңбек Ері Сәруар Байсаринаның қызы Алма Мұстафина Ауған соғысы ардагерлерінің мемлекетке қол жайып жүргені біз үшін ұят әрі масқара деген ойда. «Неліктен билік басындағылар олардың мұңына әлі күнге дейін құлақ аспай отыр? Кезек неліктен өте баяу жылжып жатыр? 33 жыл бойы мәселе шешілмей келеді. Біздің қазақстандық ұстанымның деңгейі осыдан-ақ көрінсе керек. Дабыл қағатын уақыт келді. Бұл мәселені кезінде Кеңес Одағы құрамына кіріп, Ауғанстанға әскер жіберген басқа елдердегімен салыстырып, бірлесіп көтеру керек. Сонда ғана ауғандықтардың қиындықтарын шешуге қозғау салынады», – дейді Алма Таласпайқызы.

Солтүстік Қазақстан облысы