Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 3 миллионға жуық адам шетелге бас сауғалап кетті
Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 3 миллионға жуық адам шетелге бас сауғалап кетті
© azattyq-ruhy.kz
554
оқылды
Украинадағы қарулы қақтығыс ұзаққа созылса халықтың 90 проценті, яғни әр он тұрғынның тоғызы кедейдің кебін киюі мүмкін, - деп хабарлайды «Хабар 24».  БҰҰ даму бағдарламасы осылай деп дабыл қағып жатыр. Себебі әскери қимылдардан Украина соңғы 20 жылда қол жеткізген экономикалық жетістіктерінен айырылып, экономикасы күйреуі мүмкін. Агенттік апаттың алдын алу үшін Киевпен бірігіп әрекет етіп жатқанын айтады. Мысалы, тұрғындар үйлерін тастап босып кетпесі үшін азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуға қаржы бөлуді қарастырып жатыр.
"Егер Украинада қарулы қақтығыс ұзаққа созылатын болса, елде кедейшілік күрт өседі. Қарулы қақтығысқа дейін Украина халқының 2 проценті кедейшілік жағдайында, яғни күніне 5,50 долларға өмір сүріп келген. Баяндамада көрсетілген сандар шынымен қатты алаңдатады. Біз қарулы қақтығыстың апатты салдарын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Мысалы, Украинада кәсіпорындардың 50 проценті толықтай тоқтап, қалғаны түрлі жағдайда жұмыс істеп жатыр", – деді БҰҰ даму бағдарламасының әкімгері Ахим Штайнер.
Украинаға өзге де халықаралық ұйымдар жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Халықаралық Қызыл крест комитеті Венгриядан шыққан гуманитарлық жүк керуені Украинаның Румыниямен шекарасына жеткенін мәлімдеді. Қазір Қызыл крест қоршауға алынған Сумы қаласынан 30 автобуспен бейбіт тұрғындарды эвакуциялауға күш салып жатыр. Айта кетейік, Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 3 миллионға жуық адам шетелге бас сауғалап кетті.