Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дүйім жұрттың қолдауымен еліміздің басшысы болып отырғаннан бері бірқатар реформаларды бастап, іске асырып келеді. Соның нәтижесінде көптеген түйткілді мәселелер де шешімін тапты және тауып келеді. Қабырғамызды қайыстырып кеткен «Қаңтар оқиғасынан» кейін, билік «Жаңа Қазақстан», яғни еліміздің басқару және саяси даму жүйесінде өзгерістер, жаңару мен жаңғырту болатынын айтқан еді. Содан бері, жұртшылық өзгерістердің болатынын күтті. Бүгін Президенттің халыққа Жолдауында сол бастаманың қадамдары жасалды.
ХІ ғасырдың ақыны, ойшылы, ғалымы, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік») еңбегі белгілі бір дәрежеде Ата Заң қызметін атқарған. Осы еңбекте мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы керектігі айтылады. 1995 жылдан бері Заң мен заңнамаларымыз жыл өткен сайын күшейіп, толықтырулар мен өзгерістер еніп келеді.
Президент бүгінгі халыққа жолдауында осы Ата Заңымызға 30 өзгеріс енгізетінін, оның нәтижесі оң өзгерістерге алып келетінін жеткізді. Мұның барлығы Отанымыздың берік, әрі мығым дамуына, саяси жүйенің дұрыс және ел мен жеріміздің тұтас болуына бағытталды. Елдің басқару жүйесінде біраз өзгерістердің болатыны, оның барысында еліміздің демократиялық саяси жүйесі ілгерілейтіндігін айтып өтті.
Саяси басқару жүйесі ғана емес, аймақтық басқару бойынша да бірқатар ұсыныстар берді. Ол бойынша жаңа үш облыс: Жетісу, Ұлытау және Абай облыстары құрылып, екіге бөлінген Алматы облысының орталығы Қапшағай, Жетісу облысының орталығы Талдықорған, Ұлытау облысының орталығы Жезқазған, Абай облысының орталығы Семей қалалары болатын болды. Бұл бір жағынан, орталықтан шалғайда орналасқан халықтың жүріп тұруына ыңғайлы болса, екінші жағынан, сол қалалардың дамуына септігін тигізеді. Бұл қыруар жұмыстар екендігі анық болса, сол өңірдің дамуында пайдалы болмақ.
Сөз соңында Президентіміз бүгінгі геосаяси жағдайда еліміздің аумақтық және бірліктік тұтастығымызды сақтауда бәріміздің жұмыла жұмыс істеп, сол жолда өзі аянбай тер төгетіндігін нақты айтты. Ел басшысының осы жолдағы жұмыстарының іске асуына қолдау білдіру Қазақстанның әрбір азаматының парызы деп санаймын.
Ералы Ақымбек,
Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты
Орта ғасыр археологиясы бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор