Бегі әділ болса, халқы ынтымақта болар
Бегі әділ болса, халқы ынтымақта болар
428
оқылды
Әуелі қаңтар оқиғасына баға бере келе, Мемлекет басшысы  өзінің екі жарым жыл бұрын бастаған саяси-әлеуметтік және экономикалық реформаларының бұдан әрі де жалғаса беретініне тоқталды. Елдегі өзгерістердің кейбіреулерге ұнамайтындығын, олардың ішкі және сыртқы деструктивті күштерге сүйеніп, мемлекетіміздің іргесін шайқалтуға дейін барған әрекеттерін сынай келе, «Іштен шыққан жау жаман» екендігін тілге тиек етті. Тіпті, митингілер мен шерулерді өткізу мен ұйымдастыру жолындағы өзгерістерге қарамай, елде саяси мәдениеттің төмендігінен, шерулерді даңғазалықпен шатастырушылардың да қаптап кеткенін айта келе, енді келешекте оларға жол бермейтіндігін, барлық сұрақтардың тек заң аясында шешілетіндігін, бұдан былай қоғамда мұндай  бассыздықтың    болмауы керектігін ескертті.  Бірақ, уақыт пен кеңістіктегі болып жатқан халықаралық ахуал мен геосаяси жағдай Қазақстан халқына, әсіресе, билікке қол қусырып отыруға болмайтындығын көрсетті. Сол себептен, «саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық сала мен әкімшілік –территориялық өзгерістер жасау уақыт талабы» деп атап өтті. Президентіміздің осы жолғы жолдауы негізінен тоғыз басымдылықтан  тұрады. Сірә, ол да бекер болмас, өйткені тоғыз саны қазақ қоғамы үшін қашанда қасиетті сандардың бірі де, бірегейі. Әуелі, саяси реформаны мемлекет басшысы елдегі жоғары билік – Президенттік биліктен бастады.  Мемлекетіміздің дамуының алғашқы сатысында суперпрезиденттік басқару формасының қажеттіліктен туындағанын айта келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы уақыт талабына сай бұл формадан бас тартатын кездің келгенін  және  «мықты Президенттік басқару мен пәрменді парламенттік басқару» жүйесіне көшетінін жариялады. Қажет болған жағдайда, Конституцияға Президенттің жақын туыстарын жоғары мемлекеттік  лауазымға тағайындауға заң жүзінде тыйым салу керектігін ерекше ескертті. Бұл үрдістің мемлекеттің тұрақтылығына және саяси шешімдерді қабылдау кезінде кері әсер беретінін саяси өмірдің өзі дәлелдеп бергенін  атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттегі болатын саяси өзгерістерге де нақты тоқталды. Сенаттың құрамын азайтуға және оның заңға ветто салу механизмдерін қайта қарауды тапсырды.  Заң қабылдау барысында негізгі жұмыс Мәжілісте атқарылады, сондықтан да оның жауапкершілігі арта түсетіндігіне аса мән берді. Сондай-ақ, Президентіміз сайлау жүйесіне де реформалардың қажет екендігін баса айтты. Келешекте болатын сайлаулар пропорционалды-мажоритарлық формада өтетінін, сонымен бірге сайлаудың  аралас түрін қарастыруды тапсырды. Сайлаудың 70%  пропорционалды, ал 30% мажориторлық принципте өткізуді, сонымен бірге аралас сайлаудың артықшылығына тоқталды. Аралас сайлау кезінде саяси лидерлерді анықтау мүмкіндігі артатынына мән берді. Сондай-ақ, саяси партияларды құру жолындағы кедергілерді азайтуды тапсырды. Президентіміз «төртінші билік өкілдері» «БАҚ құралдары» туралы заңға да өзгерістер мен толықтыру енгізу - заман талабы» деді. БАҚ саласының  барынша ашық және шынайы болуы, олардың бәсекелестік қабілетін жоғары деңгейге көтеру керектігіне назар аударды.  «Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты» деп шегеледі. Жаһандық заманда ақпарат өкілдерінің білімді де білікті  болуының маңыздылығына мән берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы билікті децентрализациялау мен дебюракратизациялау  мәселесіне де ерекше тоқталды. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруді, оларды қаржылық жағынан қолдауды үкіметке тапсырды. Бұл өз кезегінде мықты аймақтардың қалыптасуына жол ашатынын  және  Парламентке Европалық өзін – өзі басқару хартиясын тезірек мақұлдаудың маңызды екендігін ескертті. Президентіміздің Жолдауда көтерген тағы бір өзекті мәселесі - бюрократиялық кедергілерді жою туралы тапсырмасы. Қазіргі  мың құбылған заманда мәселені сиыр құйымшақтануға салмай, үш күнде тезірек шешуді, тіпті керек болса, бір күнде шұғыл шешім  қабылдау қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ, азық – түлік тауарларының  қауіпсіздігі де үкіметтің назарында ылғи болу керектігіне тоқталды. Ол үшін Ауыл шаруашылық министірлігіне көктемгі егіс науқанында фермерлермен қоян-қолтық қызмет етуді тапсырды. Мемлекеттік емес ұйымдардың да қоғам өміріне белсене араласуын, олардың қоғамда қабылданып жатқан заңдарды талқылау барысында барынша белсенділік пен азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды. Президентіміз «Мемлекет пен қоғамның  саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты  сын айтқан болатынмын. Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек.  "Кеңесіп пішкен тон келте болмас" деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз  ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді  бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Біз  бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады.Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады» -деп, жаңа саяси институт құрылатынын айтты. Бүгінгі Жолдаудың ең негізгі мәйегі - жаңадан әкімшілік-территориялардың құрылуы десек еш қателеспейміз. Президентіміз бұған дейінгі болған оңтайландырулардың мән – жайын түсіндіре келе, халықтың сұрауы бойынша: Абай, Ұлытау, Жетісу мен Алматы облыстарының ашылуы және «керек болған жағдайда Қапшағай қаласын Қонаев деп өзгертуге дайынмын» – деген сөзі бұқараның жүрегін жылытқан жағымды жаңалық болды. Бұл әкімшілік-территориялық өзгерісті қазақ елі көптен күткен ізгі іс деп бағалау керек. Зулфухар Сұлтанұлы Ғайыпов – әділ Жолдаудың соңында Мемлекет басшысы барша жұртты бірігіп, қасиетті Отанымызды, Жаңа Қазақстанды бірге дамытып, гүлдендіруге шақырды. «Менің арманым - қазақ халқының бүгін бақытты өмір сүргені және халқымның бақыты жолында перзенттік парызымды ақырына дейін адал  орындау» - деп  аяқтады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Жаңа Қазақстан құру жолында халықты ақыл мен парасатылыққа, сабыр мен жауапкершілік танытуға шақырды. «Жаңғыруды әркім өзінен бастағаны абзал, тек  сонда ғана біз жетістіктер мен жеңістерге жетеміз» деп мәлімдеді.  Құрметті әлеует, баршаңызды Жаңа Қазақстан құру жолында ел басқарып отырған Ел ағаларының айналасына топтасукға шақырамын. «Бегі еліне, елі бегіне сенген ел мәңгі жасайды» -деген аталарымыздан қалған қанатты сөзді ұмытпайық. Келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні оң болсын, Әз-Наурыз құтты болсын, ағайын!

Зулфухар Сұлтанұлы Ғайыпов, Саяси ғылымдарының докторы