Қазақ мемлекеттілігінің жаңа саяси дәуірі
Қазақ мемлекеттілігінің жаңа саяси дәуірі
698
оқылды
Президент Жолдауы ұлыстың ұлы күні қарсаңымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символикалық мәні бар деп ойлаймын. Жолдау ең алдымен қазақ мемлекеттілігінің саяси жүйесінің жаңа, әрі сара жолын сипаттады. Реформалардың жаңа бағдарламасы нақтыланды, биліктің тармақтары жүйеленді, халықтың азаматтық қатысу белсенділігінің сипаты белгіленді. Сол арқылы Қазақстандағы жаңа саяси мәдениеттің жарқын үлгісі айшықталды деп білемін. Саяси модернизацияның елімізді ұшпаққа шығарарын айтудай айтып келеміз. Енді соның кезі келді. Әсіре президенттік биліктен парламентінің пәрмені артқан президенттік билікке қарай ойысқанымыз жаңалықтың төресі десем шындықтан қағыс кетпейміз. Президенттік билік шектеліп, Парламентіміздің қос палатасының жұмысы күшейеді. Конституциялық сот, ұлттық құрылтай сияқты билік институттары тұралай бастаған саяси жүйемізге жан бітірері сөзсіз. Қазақ Электорат қауымын қуантқан жаңалықтың ендігісі – пропорционалды-мажоритарлық аралас жүйенің енгізілуі. Мажоритарлық жүйеде тек партияға дауыс беріп келді. Партия тиісінше өзінің ыңғайына көнетін өз өкілін өзі таңдап келді. Пропорционалды қағидат енгізілген тұста халық аманатын арқалайтын тұлғаны қалың бұқара өзі таңдау құқына ие болады. Мұның саяси тұрғыдан тиімділігі зор. Мәжіліспен қатар, сол арқылы мәслихаттың да ықпалын күшейтеніміз оң өзгеріс. Бұрындары мәслихат тек әкімдердің қолбаласына айналып, өзі-өз болып, дербес шешім қабылдай алмайтын босбелбеу болғанын несін жасырайық. Енді депутаттардың 70% пропорционалды, 30% мажоритарлы жүйе арқылы сайланғандықтан, депутаттық корпусымыз халық қалаулысы деген атқа мейлінше сай болары шүбәсіз.

Қанат Әуесбай, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының астаналық филиалы төрағасы