«Жетісу» мен «Алтай» финалда
«Жетісу» мен «Алтай» финалда
333
оқылды
Талдықорған қаласында волейболдан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында ҚР ХХХ чемпионатының плей-офф бәсекелері нәтижесінде финалға шыққан командалар анықталды. Өткен жылғы ел чемпионы Өскеменнің «Алтайы» «Алматыны» екі рет жеңіп, финалға жолдама алды. Екінші жолдаманы 2021 жылғы күміс жүлдегер «Жетісу» (Талдықорған) мен қола медаль иегері «Қуаныш» (СҚО) клубы сарапқа салды. Бұл бәсеке өте шиеленісті өтіп, бір-бір жеңістен кейін үшінші матчты өткізуге тура келді. Соңғы ойынды сербиялық маман Дарко Добресков жаттықтыратын «Қуаныш» командасы қарқынды бастап, бірінші партияда айқын басымдылық танытты – 25:15. Әйтсе де екінші партияда үш сетболды пайдалана алмай, қарсыласына жол берді – 27:29. Үшінші сетте де солтүстікқазақстандықтар өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады, ал Елена Павлова баптайтын талдықорғандықтар шешуші сәттерді мүлт жібермеді – 26:24. Төртінші партияда олар «Қуанышқа» дес берген жоқ – 25:20. Серия қорытындысы – 2:1. Осылайша, биыл да күтпеген нәтиже бола қойған жоқ. Жетісу» мен «Алтай» алтын, «Қуаныш» пен «Алматы» қола жүлдені сарапқа салады.

Әбілмансұр ЖАСАН