Нұр-Сұлтанда бухгалтерлер мен жетекшілерге арналған «1С» IX форумы өткізіліп, онда сарапшылар 2020 жылғы ҚР Салық Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылады. Сонымен бірге форумға қатысушылар ҚР азаматтарына арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) аспектілері мен МӘМС бойынша төлем қабылдау тәртібін, «1С» шешімдері үшін заңнамалық өзгерістерді қолдау мәселелерін қарастырды.
Қазақстанның Салық Кодексіне енгізілген барлық өзекті өзгерістер мен 2019 жылғы жылдық есеп беру мәселелері бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ-ның, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ, сертификатталған бухгалтерлер мен практиктер, кеңесшілер «1С-Қазақстан» компаниясының мамандары сөз сөйледі.
Салық заңнамасындағы биылғы жылдың басты жаңашылдықтардың бірі – мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, шағын және микрокәсіпкерліктің дамуына жайлы жағдай жасау мақсатында тексеріске, профилактикалық, сондай-ақ салықтық бақылау мен қадағалау шараларына үш жыл мерзімге мораторий енгізу.
– «1С-Қазақстан» салық заңнамасындағы өзгерістерді талқылап, түсіндіру мақсатында осы форумды тоғызыншы рет өткізіп отыр. Әр кезде осынау алаңға түрлі ұйымдардың 1000-нан аса өкілдері жиналады. Біз қызығушылық танытқан барлық қатысушыға ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ, сіз Салық Кодексіндегі өзгерістер бойынша, біздің компанияның бұрынғы әрі бүгінгі өнімдерінің қызметі турасында сұрақтардың бәріне толымды жауап ала аласыздар деген үміттеміз. Өз кезегінде біз өз қызметтеріміз бен өнімдерімізді жақсарту жолында сіздерден тың ұсыныстар мен пікірлер күтеміз, – деді «1С-Қазақстан» директоры Дмитрий Годун.
Шағын және микробизнеске көмектесуді көздейтін биылғы жылдың тағы бір жаңашылдығы – корпоративті табыс салығы (КТС) мен жеке табыс салығынан (ЖТС), әлеуметтік салықтан және жер салығынан босату. Бұл өзгерістер келесі санаттарды қамтиды:
Патент негізіндегі ЖК (жеке кәсіпкер);
Жеңілдетілген режимде, тіркелген шегерімді қолдана отырып арнайы салық режимі (АСР) бойынша жұмыс атқаратын ЖК мен заңды тұлға;
АСР-ды қолданатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері;
Кейбір санаттарды қоспағанда фермерлік және шаруа қожалықтар.
Қазіргі таңда шағын бизнес субъектілеріне жылдық орташа кірісі 795 300 000 теңге (300 000 АЕК) болатын ЖК мен заңды тұлға кірсе, микрокәсіпкерлік субъект санатына жылдық орташа кірісі 79 530 000 теңге (30 000 АЕК) болатын ЖК мен заңды тұлға жатады.
Форумға қатысушылар ҚҚС бойынша есепке тіркеу шегін төмендетуге қатысты жаңа заң жобасына ерекше назар аударды. ҚР кәсіби бухгалтерлер палатасының әрі ҚР Салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобының мүшесі Елена Коломейцеваның айтуынша: «Тексерулерге мораторий жарияланғаннан кейін тіркеу органдары кейбір кәсіпкерлердің өз бизнестерін бөлу тенденциясын байқай бастады. Орта бизнесі бар адамдар туыстарының атынан екінші, үшінші, төртінші фирмаларды ашып жатыр. Олардың тек заңды атаулары өзгеше. Осыған байланысты, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті айналым критерийлерін екі есе, яғни 300-400 миллион теңгеге дейін төмендетуді жоспарлауда».
Салық Кодексінде назар аудартарлық тағы бір өзгеріс талап қою мерзімін қысқартуға қатысты болып отыр. Осылайша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап талап қою мерзімі 3 жылды құрайды. Ал салықтық мониторингке жататын әрі жер қойнауын пайдалану келісімшартына сәйкес жұмыс жүргізетін салық төлеушілер үшін талап қою мерзімі бес жыл болып өзгертілді.
Үш жылдық талап қою мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарынан кейін туындаған салықтық міндеттемелер мен талаптарды қамтып, аталмыш заңды енгізбей тұрып туындаған жағдайларды қамтымайды.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағы бойынша тауарды тиеп, орнын ауыстырып, сатқан және ЕАЭО-ға мүше саналатын немесе саналмайтын мемлекетке Қазақстаннан тауарды шығарған немесе елге тауарды кіргізген барлық кәсіпкерлер ілеспе жүкқұжат (ІЖҚ) толтыруы керек. Ілеспе жұкқұжат электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіндегі «Виртуалды қойма» модулінде келесі тауар түрлері бойынша жазылып беріледі.
Ілеспе жүкқұжат келесі жағдайда жазылып беріледі:
ҚР аумағы бойынша тауардың орнын ауыстыру, сату және (немесе) тиеу кезінде - тауардың орнын ауыстыру, сату және (немесе) тиеу басталғаннан бір күн өтпей.
Қазақстан аумағына тауарды кіргізу кезінде (импорт): ЕАЭО мүшесі саналмайтын мемлекеттің аумағынан – тауар еркін айналымға шықпастан бір күн өтпей; ЕАЭО мүшесі саналатын мемлекеттің аумағынан – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бір күн өтпей.
Қазақстан аумағынан тауарды шығару кезінде (экспорт) тауардың орнын ауыстыру, сату және (немесе) тиеу басталғаннан бір күн өтпей.
Форумға қатысушылардың көбін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналары мен биылғы жылдың «айлық» жаңашылдықтарына байланысты азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімдер бойынша айлық төлемақыны есептеу мен есеп айырысу тәртібіндегі өзгерістер қызықтырды. Қабылданған және жоспарлы өзгерістерді есепке ала отырып, 2020 жылдан бастап айлықты қалай дұрыс есептеу керек, медициналық сақтандыру бойынша кімге қанша жарна аударылуы тиіс, сонымен бірге Қазақстан үшін 1С типтік шешімдегі фирмаларда 2020 жылдың заңнамадағы басты өзгерістерін қалай іске асыру туралы «1С Қазақстан» («1С-Рейтинг») әзірлеушісі Виктория Гусева кеңінен айтып берді.