Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауы дамудың жаңа кезеңінде бетпе-бет келген сын-қатерлерге берілген нақты жауап болды. Онда қасіретті қаңтар оқиғасы мен әлемдегі қазіргі геосаяси шиеленістерден дұрыс қорытынды шығару және жаңару мен жаңғыру жолындағы батыл қадамдар атап көрсетілген.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда жыл басындағы оқиғаларға нақты құқықтық баға берді және қайғылы оқиғаға қатысы барлардың ешқайсысы жазасыз қалмайтынын баса айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізді одан әрі демократияландыру бағдары жалғаса беретініне назар аударып, қоғамдық-саяси саладағы ауқымды және жүйелі реформалар топтамасын ұсынды. Бұл жаңа бастамалар еліміздің қазіргі саяси жүйесін түбегейлі қайта жаңғыртып, оның ашықтығын, есептілігін және тиімділігін арттыра түседі.
Негізгі реформалардың бірі басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу екені сөзсіз. Соның аясында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салу ұсынылды. Сондай-ақ ел Президенті өз өкілеттігін атқару кезеңінде ешқандай саяси партияға мүше болмайтыны да айтылды.
Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлы жұртшылыққа еліміздің жоғары басшылығы, ең алдымен реформаны өзінен бастауға дайын екенін жеткізді. Бұл – барлық қазақстандықтың талап-тілегіне сай келетін және мемлекеттік аппаратқа үлгі болатын маңызды қадам.
Сонымен қатар еліміздің сайлау жүйесі және Парламент пен мәслихаттардың құрылымы мен жұмысы да түбегейлі қайта жаңғырады. Енді Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Одан бөлек, саяси партияларды тіркеу процедурасы да айтарлықтай жеңілдейді. Мұның бәрі халық сеніміне ие, елге сыйлы жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Сондай-ақ депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігін арттырады.
Бүгінгі Жолдауда Сенаттың құрылымы мен қызметіне қатысты бірқатар тың жаңалық сөз болғаны белгілі. Мемлекет басшысы атап өткендей, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуі дұрыс әрі орынды. Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанмен салыстырғанда халқы аз болғанына қарамастан қос палаталы Парламенті бар мемлекеттер жеткілікті.
Ұсынылған реформалар бойынша Сенат алдағы уақытта нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Бұл оның өкілеттігін өзгертуді талап ететіні түсінікті. Сонымен бірге енді сенаторлар қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де болады. Осы ретте оларды бұрынғыдай Ассамблея сайламайтынын, тек оның ұсынуымен Президент тағайындайтынын атап өткен жөн. Соған сәйкес, Сенаттың өңірлермен бірге қоғамдағы түрлі этникалық топтың да мүддесін ескереді.
Жолдау жүктеген ауқымды міндеттерді сапалы әрі нәтижелі орындау үшін алдағы уақытта кешенді конституциялық реформаларды іске асыруымыз керек. Ең басты мақсат – барлық деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне азаматтарды көбірек жұмылдыру және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет және жыл соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдауымыз керек. Барлық заң сарапшыларымен, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп алдын ала талқыланғаннан кейін қабылданады. Сенат депутаттары мұндай ауқымды және маңызды жұмысқа тас-түйін дайын.
Осылайша, Президентіміз тың саяси реформалармен ел тарихының жаңа парағын ашып отыр. Алдағы уақытта бұл бастамалар ашық, демократиялы және құқықтық мемлекет – «Жаңа Қазақстанның» бастауы боларына ешқандай күмән жоқ.