Реформалардың ауқымы кең, мазмұны терең
Реформалардың ауқымы кең, мазмұны терең
244
оқылды
– Бүгін – баршамыз үшін ерекше күн. Пре­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы үшін мәні зор  саяси реформалар жариялады. Біз Жаңа Қазақстанның бүгіні мен ертеңін ай­қындайтын тарихи Жолдаудың куәсі болдық. Онда билік тармақтарының өкілеттігінен бастап, азаматтардың құқығын қорғауға дейінгі барлық мәселе қамтылған. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы ауқымы жағынан еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңі іспетті. Бұл – ел алдында тұрған сынақтарға мемлекеттің берген жауабы деп айтуға болады. Президент 2,5 жылдың ішінде осымен саяси реформалардың 5-ші пакетін жариялап отыр. Олардың барлығы Жаңа Қазақстанның келешек келбетін қалыптастыруда. Жаңа Қазақстан дегені­міз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды жою, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты аза­маттық қоғамы бар тиімді әрі өркениетті мемлекет құру. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қос палаталы кәсіби Парламенттің мәртебесі мен рөлін арттырып, сайлау жүйесін жетілдірудің жолдарын көрсетті. Бірінші. Елімізде жаңа саяси партиялардың құрылуына жағдай жасалуда. Осы орайда партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдеп келеді. Соңғы 2,5 жылда тіркеу шегі 40 мыңнан 5 мың адамға азайды. Жаңа партиялар халықтың мүддесін қорғап, депутаттық мандат алу үшін бәсекеге түседі. Мемлекет басшысының «пікірталас көшеде емес, Парламентте болуы керек» деген сөзі бар. Бұл жеңілдіктер жалпыхалықтық талқылауды күшейтіп, мәселелерді Мәжіліс мінберіне көтеруге жол ашады деп ойлаймын. Көп партия, жан-жақты саяси көзқарас ел өміріне тың серпін әкелері сөзсіз. Екінші. Мәжіліс толығымен тікелей сайлау арқылы жасақталады. Енді депуттаттар партиялық тізіммен қатар мажоритарлық жүйемен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайлана алады. Тікелей дауыс беру арқылы сайланған депутат өз сайлаушыларының сенімін ақтай алмаса, халық мандатты қайтарып алуға құқылы. Үшінші. Мәжіліске заң жобаларын қарау және мақұлдаумен бірге заңды қабылдау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл – бұрынғыдан да зор жауапкершілік. Енді Мәжіліс депутаттары қабылданған әрбір заңның сапасына толық жауап береді. Төртінші. Мәжілістің бюджет шығындарын бақылау өкілеттігі күшейеді. Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палатаға айналады. Сөйтіп, палата Мәжіліске келіп, жылына екі рет есеп беруге тиіс. Яғни, депутаттар министрлермен бірге бюджеттің тиімді жұмсалуына халық алдында тікелей жауапты. Атап өтерлік жайт, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына да өзгеріс енгелі отыр. Осы орайда елімізде үш бірдей жаңа облыстың пайда болуы өңірлердің дамуына тың серпін берері сөзсіз. «Жер жәннаты – Жетісу, ұлт киесі – Ұлытау» деген бабадан қалған сөз бар. Ұлтымыздың ұлы перзенті, кемеңгер Абай атамыз­дың есімі елмен бірге жасап келеді. Президенттің ұлан-байтақ жеріміздің байырғы атауларын, ұлылардың есімін жаңғырта отырып, жаңа облыстарды құруы – елдіктің, ұлтжандылықтың биік рухын көрсетті. Бұл шешім халықтың жүрегінен ерекше орын алды. Осының барлығы еліміздің жаңа дәуірге нақты әрі батыл қадам жасағанының айқын көрінісі. Өз кезегінде Мәжіліс алдында Президент Жолдауын іске асыруды заңды тұрғыда қамтамасыз ету бойынша маңызды міндеттер тұр. Осы орайда Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 конституциялық және 15-тен астам заңға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Бұл жұмысты сапалы және мүмкіндігінше қысқа мерзімде орындауымыз керек. Депутаттар Мемлекет басшысының елдігімізді нығайтуға, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге бағытталған Жолдауын жан-жақты қолдауға дайын. «Бірлігі бекем ел озады» дейді дана халқымыз. Сондықтан баршаңызды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына топтасуға, ел игілігі жолындағы жауапты жұмысты бірге атқаруға шақырамын!