Тұрғындар Бұқтырмадан неге қорқады?
Шыңғыстай халқын, әсіресе ауыл шетіндегі Бұқтырма көшесінің тұрғындарын алаңдатып жүрген тағы бір мәселе – көшемен аттас өзеннің жылдан-жылға елді мекенге жақындап, жолындағысын жайпап келе жатқаны. Бұрын Бұқтырма көшесінің бойында көп үй болса, қазір ат төбеліндей аз қалыпты. «Мен келін болып түскенде үлкен жазық болатын. Балалар ойнап жүретін. Қазір бұл жер үлкен жыра. Бұқтырма жыл сайын тасиды, тасыған сайын бері жақындап келеді. Талай тұрғынның бау-бақшасы, қорасы суға кетті. Біздің бау-бақшамыз да суға кетуге жақын тұр», – дейді ауыл тұрғыны Бақты Нұрсапарова. Орайы келгенде айта кетейік, Шыңғыстай – әйгілі жазушы Оралхан Бөкей дүниеге келген ауыл. Өкініштісі, қаламгер тұрған үйдің орнын да Бұқтырма шайып кетіпті. «Бұл мәселені айта-айта шаршадық. Осыдан біраз жыл бұрын өзеннің ағып шығар тұсына бөгет қойған. Екі жылға шыдады да, қайтадан таз қалпына келді. Біздің тілегіміз – сол бөгетті қалпына келтірсе, жағалауға тастар төгіп, бекітсе. Катонқарағай ауылдық округінің әкімі бөгет орнатуға 110 миллион теңге бөлінді деген. Сөздерінде тұрса дейміз. Қазір өзі біреуге сенуден де қалдық», – дейді Тельман Кітапбаев. Алыстағы ауылда ауызсу мен Бұқтырма өзенінен басқа да мәселе аз емес. Бұрын Шыңғыстайда 500-ге тарта үй болса, қазір 140-тай ғана түтін қалған. «Халықтың тұрмысы нашарлап кетті. Мал ұстайын десе, жер жоқ. Сосын амалсыз балалары оқуға түскен соң артынан қалаға кетеді. Жердің бәрі жекеменшікте. Шаруашылық құрғандар алып алған. Ауылдан ел көшіп жатыр. Жастардың баратын жері жоқ. Біраз уақыт бұрын ауылымыздағы екі көпбалалы отбасын Катонқарағай мен Үлкен Нарынға көшіріп әкетті. Сол жақтан жаңа үй беріпті. Ауылдағы мектепте бала саны онсыз да аз еді. Сондай жаңа үйлерді неге ауылдарға да салмайды? «Ауылды көтеру керек» дейді. Бұдан кейін қайтіп көтеріледі? Интернетің анау. Біресе бар, біресе жоқ. Министрлік қуаты өте төмен интернетті қояды да, «бүкіл ауылда интернет бар» деп өтірік айтады. Ауылда WhatsApp ұстайды. Тек жазбаларды ғана оқисың. Видео мүлде ашылмайды. Оралхан Бөкейдің ауылы деп мақтанамыз. Ауыл ішіндегі балалар алаңдары жазушының мерейтойы кезінде ғана жөнделеді. Қазір қайта ескіре бастады. «Қаламгердің мерейтойы қашан болады?» деп күтіп жүрген жайымыз бар», – деді Оралхан Бөкейдің ауылдасы.ТҮЙІН:
«Шыңғыстай ауылына ауызсу қашан қосылады?» деген сұрақты Катонқарағай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімінен сұрадық. «Шыңғыстайдағы ауызсу құрылысына 610 миллион теңге бөлінген. Мердігер компания – «НКО» ЖШС. Қазір нысан консервацияда тұр. Техникалық жағынан бәрі дайын. Тек абаттандыру жұмыстары қалды. Күн жылыған суды жібереді» деп қысқа қайырды бөлімнің бас маманы Әділжан Түркістанов. Реті келгенде айта кетейік, «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр Катонқарағай ауданының Аршаты мен Солоновка ауылдарына ауызсу тартылған болатын. Ал Топқайың ауылына су тарту жұмыстары 2021 жылы басталған, бірақ әлі аяқталмаған.
Шығыс Қазақстан облысы