Шекарадағы ауыл өзеннен су ішіп отыр
Шекарадағы ауыл өзеннен су ішіп отыр
318
оқылды
Әкімдік өкілдері «Шығыс Қазақстан тұрғын­дарының 96,4 пайызы орта­лықтан­ды­рылған ауызсумен қамта­ма­сыз етілген» десе де, шал­ғайдағы ауылдарда өзен­нен су тасып ішіп отыр­ған тұр­ғындар бар. Шекара шебіндегі, елдің шеті, желдің өтіндегі Ка­тонқарағай ауданының Шыңғыс­тай ауылының халқы елді мекен­нен екі шақырым жердегі бұлақ­тар­дың суын ішуге мәжбүр. «Су­дың жаға­сында отырсақ та, сапалы ауызсуға жарымай отырмыз. Ауыл тұрғын­дары Қызылқайың мен Күр­кіреме өзендерінен су тасиды. Көлігі бар­ларға оңайлау, көлігі жоқ­тарға қиын. Көлігі жоқтар ат-шанамен, қол шанамен тасиды», – дейді ауыл тұрғыны Бақты Нұрсапарова. Ауыл тұрғындары, әсіресе көк­тем кезінде қиналатынын айтады. «Қыста Бұқтырманың суын пай­далана береміз. Көктемде қар ері­генде өзен ластанады. Сондықтан таңертең ерте тұрып, таудан ағып шығатын бұлақтарға барып су аламыз. Ерте бармасаң, ол жерге мал келіп, суды ластап кетеді», – дейді ауыл тұрғыны Әсет Исаханов. Шыңғыстайлықтар таза ауыз­судың берілуін тағатсыздана күтіп жүр. Ауыл тұрғындары 2019 жылы басталған ауызсу тарту жұмыс­та­рының сағыздай созылып, төртін­ші жылға кеткеніне қапалы. «2019, 2020 жылдары жұмыс дұрыс жүр­ген жоқ. Былтыр бұрынғы брига­да­ның орнына басқа бригада ке­ліп, резервуар орнатты. Қазір бір ғана скважина тұр. Екінші, қо­сым­ша скважина керек. Апатты жағдай болса, ауыл сусыз қалуы мүмкін», – дейді Шыңғыстай ауылдық ар­дагерлер кеңесінің мүшесі, зей­нет­кер Тельман Кітапбаев. өзен Жергілікті журналист Жәнібек Қызыр Шыңғыстайға су тартып жатқан мердігер компания «НКО» ЖШС-ның жауапсыздығына на­лиды. «Бұл компания 2019 жылы Шыңғыстайдың суын алды. 2020 жылы Ластаев мектебін алды. 2021 жылы Солоновка ауылының суын алып, бітіріп берді. Ал одан екі жыл бұрын басталған Шың­ғыс­тайдың суы әлі біткен жоқ. Төр­тінші жылға кетті», – дейді ол. Ауыл тұрғындарының айтуын­ша, елді мекенге ауызсу тартумен шұғылданған мердігер компания жұмысшылары құбырларды ор­натқан кезде тиісті талаптарды сақтамаған. Құбырды орнатқанда сыртқа шыққан тастарды қай­тадан қалай болса солай көме салған. «Технология бойынша құбырдың орнын қазғаннан кейін әуелі тегістеп, құм себеді. Сосын ба­рып құбырды қояды. Жан-жа­ғын 30 сантиметр шамасында то­пырақпен қымтайды. Ауыл адам­дары «су тартқанда мұны жа­са­мады, сыртқа шыққан тастарды қайтадан итере салды» деп отыр. Ол тастар құбырды бүлдірді ме, бүлдірмеді ме, әзірге белгісіз. Жаз­да суды қосқан кезде белгілі бо­лады», – дейді осы саланың ма­ма­ны, Катонқарағай ауылының тұрғыны Алтай Имашев.

Тұрғындар Бұқтырмадан неге қорқады?

Шыңғыстай халқын, әсіресе ауыл шетіндегі Бұқтырма көше­сі­нің тұрғындарын алаңдатып жүр­г­ен тағы бір мәселе – көшемен ат­тас өзеннің жылдан-жылға елді мекенге жақындап, жолын­дағы­сын жайпап келе жатқаны. Бұрын Бұқтырма көшесінің бойында көп үй болса, қазір ат төбеліндей аз қа­лыпты. «Мен келін болып түс­кен­де үлкен жазық болатын. Бала­лар ойнап жүретін. Қазір бұл жер үлкен жыра. Бұқтырма жыл сайын тасиды, тасыған сайын бері жа­қындап келеді. Талай тұрғынның бау-бақшасы, қорасы суға кетті. Біздің бау-бақшамыз да суға кетуге жақын тұр», – дейді ауыл тұрғыны Бақты Нұрсапарова. өзен Орайы келгенде айта кетейік, Шыңғыстай – әйгілі жазушы Орал­хан Бөкей дүниеге келген ауыл. Өкініштісі, қаламгер тұрған үйдің орнын да Бұқтырма шайып кетіпті. «Бұл мәселені айта-айта шаршадық. Осыдан біраз жыл бұрын өзеннің ағып шығар тұсына бөгет қойған. Екі жылға шыдады да, қайтадан таз қалпына келді. Біздің тілегіміз – сол бөгетті қал­пына келтірсе, жағалауға тастар төгіп, бекітсе. Катон­қа­рағай ауылдық округінің әкімі бөгет орнатуға 110 миллион теңге бөлінді деген. Сөздерінде тұрса дей­міз. Қазір өзі біреуге сенуден де қал­дық», – дейді Тельман Кітапбаев. Алыстағы ауылда ауызсу мен Бұқтырма өзенінен басқа да мә­селе аз емес. Бұрын Шыңғыстайда 500-ге тарта үй болса, қазір 140-тай ғана түтін қалған. «Халықтың тұр­мысы нашарлап кетті. Мал ұста­йын десе, жер жоқ. Сосын амалсыз балалары оқуға түскен соң арты­нан қалаға кетеді. Жердің бәрі же­­кеменшікте. Шаруашылық құр­ғандар алып алған. Ауылдан ел кө­шіп жатыр. Жастардың баратын жері жоқ. Біраз уақыт бұрын ауы­лымыздағы екі көпбалалы отбасын Катонқарағай мен Үлкен Нарынға көшіріп әкетті. Сол жақтан жаңа үй беріпті. Ауылдағы мектепте бала саны онсыз да аз еді. Сондай жаңа үйлерді неге ауылдарға да салмайды? «Ауылды көтеру керек» дейді. Бұдан кейін қайтіп көте­рі­леді? Интернетің анау. Біресе бар, біресе жоқ. Министрлік қуаты өте төмен интернетті қояды да, «бүкіл ауылда интернет бар» деп өтірік айтады. Ауылда WhatsApp ұстайды. Тек жазбаларды ғана оқисың. Видео мүлде ашылмайды. Оралхан Бөкейдің ауылы деп мақтанамыз. Ауыл ішіндегі балалар алаңдары жазушының мерейтойы кезінде ғана жөнделеді. Қазір қайта ескіре бастады. «Қаламгердің мерейтойы қашан болады?» деп күтіп жүрген жайымыз бар», – деді Оралхан Бөкейдің ауылдасы.

ТҮЙІН:

«Шыңғыстай ауылына ауызсу қашан қосылады?» деген сұрақты Катонқарағай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімінен сұрадық. «Шың­ғыстай­дағы ауызсу құрылысына 610 мил­лион теңге бөлінген. Мердігер ком­пания – «НКО» ЖШС. Қазір нысан консервацияда тұр. Техникалық жағынан бәрі дайын. Тек абат­тан­дыру жұмыстары қалды. Күн жы­лыған суды жібереді» деп қысқа қайырды бөлімнің бас маманы Әділжан Түркістанов. Реті келгенде айта кетейік, «Өңір­­лерді дамыту» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында былтыр Ка­тонқарағай ауданының Аршаты мен Солоновка ауылдарына ауызсу тар­тылған болатын. Ал Топқайың ауы­лына су тарту жұмыстары 2021 жы­лы басталған, бірақ әлі аяқталмаған.

Шығыс Қазақстан облысы