Жалғанды «жалған дипломмен» жалпағынан басып...
Жалғанды «жалған дипломмен» жалпағынан басып...
© коллаж: Әсел Балтақызы
832
оқылды
Бұрын айлығы шайлығына жетпеген соң ұстаздық қылудан қашатындар көп еді. Қазір жалақысы өскен сайын мұғалім болғысы келетіндердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Алайда күнкөрістің қамы үшін жүргендер де аз емес. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуды сылтау ететіндер жалған диплом жасаушылардың бизнесін жандандырған. Құзырлы орындар жоғары оқу орнын оқымай-ақ жалған диплом­мен қызмет етіп жүргендерді жыл сайын анықтап жатады. Олардың арасында адам өмірінің маңызды салаларында жүрген мемлекеттік қызметкерлер көп. Әсіресе, әлеу­меттік жағдайын жақсартып, ай­лығын өсірген сайын мұғалім мен дәрігер болуға асығатындардың қатары артқан. Қайбір жылы Білім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғамбетов отандық университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтқан болатын. Сонда жоғары бі­лім алған 700 адам жалған «маман­дардың» қатарын толтырады. Өкі­ніштісі сол, төрт жыл оқу қабыр­ға­сында білім алған кәсіби маман­дар­ды жалған құжатпен жүргендер ығыс­тырып барады. Бұрын диплом жұмысын сата­тындардың әрекетіне тосқауыл жоқ­тығын айтып келсек, қазір дип­ломның өзін сататын түрлі сайттан көз сүрінетін болды. Алдыңнан шық­қан кез келген жарнамада дип­ломның қандай мамандыққа, қан­дай оқу орнынан керегін де таңдауға болатынын жазып қояды. Қажет болса, қажетті құжатты тиімді баға­да, қолжетімді уақыт ішінде жасап беруге келісуге де кедергі жоқ. Оны айтасыз, жалған құжаттың түпнұс­қадан еш айырмашылығы жоқ еке­ніне кепілдік беретіндер бакалавр дипломынан бөлек магистр, ғылым кандидаты, ғылым докторы атағын растайтын дипломды сатылымға шығарып жатыр.

Жаза жеңіл ме?

Жұмысқа қабылданар кезде құ­жаттарын тәптіштеп тексеріп жат­қан ешкім жоқ па, әйтеуір төрт жыл жоғары оқу орнының қабырғасында уақыт жоғалтқысы келмейтіндер жалған дипломмен-ақ жоғары жа­лақы алып, алаңсыз қызмет етіп жүр. Мәселен, былтыр Батыс Қа­зақ­стан облысында жалған құжат­пен жұмысқа қабылданып, он жыл бойы адам өміріне араша болатын жауапты мамандық – медицина са­ласында медбике болып қызмет ет­кен әйел анықталды. Ал екі жыл бұ­рын Ақмола облысында 12 мұға­лімнің жалған дипломмен жұмысқа тұрғаны тексеріс кезінде белгілі бол­ған. Олар аудандық білім бөлі­міне жоғары білім жөнінде жалған диплом тапсырған. Департамент қыз­меткерлері кезекті тексерістің ке­зінде ғана қызметкерлерінің жал­ған құжатпен жұмыс істеп жүргенін дәлелдеген. Олардың барлығы дер­лік соңғы екі жылдан бері мектепте жұмыс істеген. Былтыр Түркістан облысында да сырттай оқу бітірген мұғалімдердің арасында жалған құжатпен жүргендер үлесі 80 па­йыздан асатыны анықталды. «Бұ­дан бұрын да ақтөбелік 34 педагогтің жалған құжатпен жұмыс істеп жүргені анықталып еді. Соның ішінде 7 мұғалім арнаулы білім бе­ре­тін колледждерде, 11-і мектеп­терде және 13 тәрбиеші балабақ­шада тәлім берген. Бес күн бұрын Қызылорда об­лысында да орта білім беру ұйым­дарында жалған дипломмен жұмыс істейтін 112 мұғалім әшкере болып, барлығы жұмыстан босатылды. Об­лыстық Білім басқармасының бас­шысы Ақзира Қасымованың ай­туынша, жыл сайын педагогтерді аттестациялау барысында мұғалім­дердің портфолиоға жалған құжат­тарды салатынын анықталып жа­тады екен. Әсіресе, күмән келтіре­тін құжаттарды (сертификат, гра­мота) ұлттық біліктілік тестілеудің түпнұсқаға сәйкестігін нақтылау ісін ашық жүргізіп, заңбұзу­шы­лық­тар дер кезінде белгілі болатын кө­рінеді. Мәселен, былтыр қаңтар-мау­сым айларында аттестаттау ко­миссиясы 863 құжатты қарап, 24 мұ­ғалімнен жалған құжатты бай­қаса, шілде-желтоқсан аралығында 587 құжат қарап, 14 мұғалім түпнұс­қаны дәлелдей алмаған. Басқарма кәсіпті игермей, дипломды қолдан сатып алған 112 «ұстазға» қатысты деректерді құзырлы органға жол­дапты. Алайда жалған құжатпен қыз­мет етіп келгендер айыппұл тө­леу­мен немесе жұмыстан кетумен ғана шектеледі. Күні кеше Ақмола облысында спорт мектебі жаттық­тырушыларының жоғары білімі жоқ екені белгілі болды. Елорданың үш тұрғыны екі жылдай жалған дипломмен жұмыс істеген. Олар Қазақ спорт және туризм академия­сын «тәмамдаған» екен. Қылмыстық кодекстің 385-ба­бына сүйенсек, жалған құжаттарды қолдан жасағандарға екі мың АЕК-те айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тар­тылады. Не болмаса екі жылға де­йінгі мерзімге бас бостандығын шек­теуге не сол мерзiмге бас бос­тан­дығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ бiрнеше рет немесе адамдар тобының алдын ала сөз бай­ласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет төрт мың айлық есептік көр­сеткiшке дейiнгi мөлшерде айып­пұл салуға алып келеді. Сол мөл­шерде түзеу жұмыстарына не 1 000 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға болмаса 4 жылға бас бос­тандығынан шектелуі мүмкін. Бұ­дан басқа көрiнеу жалған құжатты пайдаланғандарға 160 АЕК-де айып­пұл салынады. Болмаса сол мөл­шерде түзеу жұмыстарына, не 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ары кетсе, 40 тәулікке қамауға алынады. Қарап отырсақ, жалған құжатты жасаушылар мен сатып алушыларға да берілетін жаза жеңіл. Содан да болар, диплом сататын сайттардың санынан көз сүрінеді.

QR коды жоқ құжат жарамсыз

БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекованың айтуынша, жалған құжат алушыларға қарсы күрес жү­ріп жатыр. Мәселен, жоғары оқу орын­­дары деректер базасын тол­тыру арқылы білім туралы құжат­тардың тарихи деректерін цифр­лан­дыру бойынша жұмыс жүргізеді. Қа­жет болса, жоғары оқу орындары деректер базасын толтырған жағ­дайда жұмыс беруші лауазымға үміт­кердің дипломын арнайы сер­висте онлайн режимде тексеруге мүм­кіндік бар. Сондай-ақ қазір дип­лом­ның электронды нұсқасы «eGov Mo­bile» электронды үкімет қо­сым­шасында да орналасты­ры­ла­ды. Со­нымен қатар білім беру қыз­метімен айналысуға лицензиясы барлар мен аккредиттеуден өткен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары өзіндік үлгідегі құжаттарды қоса беруі керек. «Бүгінде жоғары оқу орын­да­рының бітірушілері үшін берілетін білімі туралы өзіндік үлгідегі құ­жат­тардың серияларын білім беру сала­сындағы уәкілетті орган бекі­теді. Өзіндік үлгідегі дипломдар үшін нө­­мірлер мен QR кодтарын ге­нера­циялау арнайы Сервис ар­қы­лы жү­зе­ге асырылады, оның көме­гімен жоғары оқу орындарына се­риялар мен реттік нөмірлер, сон­дай-ақ QR кодтар беріледі. Бұл сер­виске тір­кел­ген қызметкерлер ғана кіре ала­ды. Білім туралы өзін­дік үлгідегі құ­жат­тың нөмірлерін генерациялау Ұлт­тық білім беру деректер қорына ен­гізілген білім алушылар туралы ақпарат негізінде жүзеге асырылады. Ұлттық білім беру деректер қорында білім алушы болмаған жағдайда диплом нөмірі берілмейді. Сон­дық­тан нөмі­рі мен QR кодтары жоқ өзін­дік үл­гідегі бі­лім туралы құ­жат­тар жа­рам­сыз», – дейді министрлік өкілі.

Біліктілікке емтихан тапсыру керек

Академиялық адалдық лигасы хатшылығының жетекшісі Яков Воронков былтырдан бастап қол­данысқа енген QR кодпен тексеруді жұмыс берушілер қажет деп тапса, «жалған» мұғалімдерді мектептің есігінен кіргізбеуге болатынын ай­тады. Ол үшін бар болғаны мектеп әкімшілігі алдына келген маман­ның құжатын тексеріп беруді дип­лом берген ұйымға арнайы сұрау хатпен жіберсе де жетіп жатыр. Екін­шіден, оқу орнының сапасына көз жеткізу ЖОО-ның ресми веб-сайтын және онда ұсынылатын бі­лім беру бағдарламаларының маз­­мұнынан да қарау қажет. «Мы­салы, жоғары оқу орны шынайы бі­лім берсе, онда ондай оқу орны­ның атынан жалған құжат беру мүмкін емес. Дипломды қолдан жа­сау­шы­лар да білім рейтингі төмен, жалған диплом жасайтын фабрикаға ай­нал­ған оқу орындарын жағалайды», – дейді Яков Воронков. Академик Кәрімбек Құрман­ә­лиев «жалған» мамандардың ар­туына білім алмай-ақ «білім» беріп, жоғары жалақы алатындарға жа­уапкершіліктің аздығынан көреді. Айтуынша, заңсыз жолмен диплом алып, ұрпақ тәрбиесімен айна­лысудың өзі қылмыс. «Дегенмен соңғы жылдары жалған құжатпен жұмысқа тұрғандарға ашық күрес жүріп жатыр. Оның бірі – Ұлттық біліктілік тесті», – дейді ол. Мәсе­лен, былтыр пилоттық негізде ұйым­дастырылған тестте қолына жо­ғары білімі бар 32 мың педагогтің 15 мыңы ғана біліктілігін дәлел­деп­ті. Ал 54 пайызы жоғары білім алған дәлелдеп бере алмаған. Биылдан бас­тап ереже бойынша жұмысқа кі­ретін мамандар міндетті түрде ұлт­тық біліктілік тестін тапсыруы тиіс. Алайда бұл кедергінің өзін кей­біреулер тиімді пайданалып ке­туі де ғажап емес. Сол үшін акаде­мик әлемдік тәжірибеден аларымыз көп екенін жеткізді. Яғни, кез кел­ген маман өз саласы бойынша қыз­метке тұратын кезде біліктілігін дә­лелдеп, сертификат алу үшін ем­тихан тапсыруы керек. Бұл ереже заңнама арқылы бекітілсе, құба-құп.