Жанармайдың шекті бағасы тығырыққа тіреді
Жанармайдың шекті бағасы тығырыққа тіреді
216
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­лы­сында жанар-жағармай­дың шекті бағасы осы кәсіп­пен айналысатын кәсіп­кер­лерді шығынға батыруда. Олар мемлекеттен көмек сұ­рап отыр. Әйтпесе, көк­тем­гі егіс қарсаңында жабы­лып тынбақ. Қаңтар оқиғасынан кейін ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі мұ­най өнімдерін бөлшек сауда арқылы сатуға 180 күнге шекті ба­ғалар белгілеген болатын. Ми­нистр­дің бұйрығына сәйкес, АИ-92 бензинінің шекті бағасы – литріне 182 теңге. Солтүстік­қа­зақ­стандық кәсіпкерлер осы баға бел­гіленген кезде, өңірлердің ерек­шеліктері ескерілмеген деген пікірде. «Эталон Регион» ЖШС дирек­торы Мәден Жұмағұловтың ай­туын­ша, министрлік шекті баға­лар­ды белгілеген кезде PetroRetail мұнай компаниясының, яғни бұ­рынғы «ҚазМұнайГаз»-дың сол күн­гі бағаларын негізге алған. «Сол кезде асығыс шешім қабыл­данып, біздің солтүстік өңір мұнай өңдеу зауыттарынан шалғайда ор­налас­қанын ешкім де ескермеді. Қазақ­стан бойынша бір баға – 182 теңге. Мұнай өңдеу зауыттары бар Павло­дар, Шымкент, Атырауда да, қа­шық­тағы бізде де бір баға. Ло­гис­тика, тасымалдау, жеткізу шы­ғын­дары ескерілмеген. Оның үс­тіне, Петропавлда Ресей теміржо­лының учаскесі бар, яғни қосар­лан­ған тариф төлеуге мәжбүрміз», – деген Мәден Дәуренбекұлы шығынмен жұмыс істеп жатқанын ашына жет­кізді. Әрі мұндай қа­лыппен биз­нес­тері ұзаққа созыл­май, көктемгі дала жұмыстары басталғалы тұрған кезде жабылып тынатынын да жа­сырмады. Яғни, жұмыс орындары жабылып, өңір­де әлеуметтік шие­леніс туындау қаупі бар.

СҰРАҒАНЫН АЛА АЛМАЙДЫ

Сондықтан кәсіпкерлер ми­нистрдің бұйрығына өзгеріс енгізуді сұрап отыр. Атап айтқанда, тасымал шығындары ескеріліп, солтүстік өңірлерге басқа шекті баға белгіленгенін қалайды. Айта кетсек, дизель отыны мен АИ-95 бензинінің шекті бағасы белгі­ленген кезде, тасымал шығындары ескерілген: шекті баға көтеріл­мей­тінін түсінген кәсіпкерлер АИ-92 бензинін сатып алу бағасы сол­түстік өңір үшін арзандатылғанын сұрап отыр. Мәселен, зауыттан бен­зиннің бір тоннасы 198 мың теңгеге сатылса, солтүстік өңірлер үшін тым болмаса, 190 мың теңге болғанын қалайды. Бұған қоса, кәсіпкерлер Сол­түстік Қазақстан облысына 6-7 мың тоннадай квота бөлінсе екен деген өтініштерін де жеткізді. Солтүстік Қазақстан облысындағы отын нарығы бойынша тәуелсіз сарапшы Ерғали Жұмағұлов түсіндіргендей, мұнай өңдеушілер өңірлерге өнімнің шекті көлемін ғана бөледі. Бұған дейін Энер­г­е­тика министрлігі арқылы осы кө­лемді көбейтіп, квота берілетін тәжірибе болыпты. «Қазіргі қиын-қыстау кезеңде осы тәжірибені жандандырудың жөні бар», – дейді сарапшы. Петропавл мұнай база­сының директоры Ерғали Серға­лиұлы тіпті өз кәсіпорнында 50 мың тонна мұнай өнімін сақтауға мүмкіндік бар екенін, сондықтан өңірге қажетті өнімді сақтау үшін резервуар паркін ұсынуға дайын екенін жеткізді. «Эталон Регион» ЖШС дирек­торы өздері сұраған өнім көлемін ала алмай отырғанын, бұдан К­ә­сіпкерлік және Индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабардар екенін ашып айтты. «Мәселен, АИ-92 бензинінің 3 мың тоннасын сұрасақ, бізге 500 тонна ғана беріледі. Ақпан-наурыз айларына 2,5 мың тонна дизель оты­нын сұрадық. Алайда 30 жа­нар-жағармай құю стансамызға ақ­пан айына берілгені – тек екі ва­гон. Ал PetroRetail мұнай компа­ния­сына келсек, ол да дәл бізді­кіндей жекеменшік компания еке­ніне қарамастан, оларға же­ңілдік бар. «ҚазМұнайГаз» өңдеген барлық дерлік өнім соларға бері­леді. Ал біз баршаға белгілі түрлі қитұрқы кестелер арқылы делдал­дардан қымбатқа сатып аламыз. Өйткені бізге дизель отыны мүл­дем берілмейді десе де болады, тікелей ала алмаймыз», – дейді Мәден Жұмағұлов. Ал өндірушілер министрлікке Солтүстік Қазақ­стан­ға бөлінген 10 мың тонна жө­нелтілді деп есеп беретін көрінеді. Он­ың 4 мың тоннасын «Қаз­Мұ­най­Газ» жанар-жағармай құю стан­салары тікелей алса, қалғанын бас­қа желілер алыпсатарлардан екі есе қымбат бағаға сатып алып жат­қанында ешкімнің шаруасы жоқ. Әріптесінің сөзін құптаған «Тим Консалтинг компания» ЖШС директорының орынбасары Татьяна Бариева сұраған 6 вагон өнімінің тек біреуі бөлінгенін айт­ты. «Қалған 5 вагонды бір тоннасы үшін 10-15 мың тонна айырмашы­лықпен сатып аламыз. Былтыр бір жыл бойы осылай жұмыс істедік. Бұл қалай?», – деп наразылығын білдірді ол.

ЖҰМЫС ТОБЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Сонымен қатар жанар-жағар­май бизнесімен айналысатындар ресурс иесімен тиімсіз келісімшарт жасауға тура келетінін айтып ша­ғымданды. Мәселен, келісімшарт бойынша 4 күн ішінде тауардың құнын толығымен төлеу керек. Ал мұнай өңдеуші тарапынан сол та­уарды жеткізіп беру туралы мін­деттеме мүлдем жоқ. Таңдаудың екі-ақ жолы бар: келісімшартқа не қол қою, не қоймау. Басқа амал жоқ. Сондықтан жанар-жағармай сатушылар осындай келісімшарт бойынша жұмыс істеуге мәжбүр. Бүгінде банктердің базалық став­касы көтерілгендіктен әрі несие­леу тоқтатылғандықтан, төрт күн ішінде өнім бағасын толық төлеуге қиналған кәсіпкерлер бұл төлемді бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс білдірді. «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасы өңірлік кеңесінің отырысына қатысқан Солтүстік Қазақстан об­лысы әкімінің орынбасары Дәу­рен Жандарбек кәсіпкерлер кө­тер­ген мәселелерді қарастыру үшін жұмыс тобын құруды ұсынды. «Біз бұл қиындықтан хабар­дармыз. Осы мәселелер бойынша Энергетика министрлігіне жүгін­дік. «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасына барлық калькуляция, шот-фактуралар ұсынылса, са­рап­тама жасауға болады. Министр­лікке өті­ніш жасаған кезде, елдің қиыр солтүстігінде орналас­қа­ны­мыз ту­ралы ғана жалаң сөз бол­масын. Барлығын есептеп, дә­лел­дей білу керек», – деді Дәу­рен Жандарбек. Бұл мәселелер тез арада ше­шу­ді қажет етеді. Әйтпесе еліміздің ең астықты өңірінде жуырда бас­та­латын көктемгі-дала жұмыс­та­рына қауіп төнуі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысы