Сайлау жүйесі концептуалды өзгерістер қарсаңында тұр
Сайлау жүйесі концептуалды өзгерістер қарсаңында тұр
277
оқылды
– Әрине, бұл жолғы Жолдаудың тағ­дыр­шешті мағынаға ие болып отыр­ғаны сөзсіз. Кеше қоғам мен  аза­маттардың «Жаңа Қа­зақ­станның сая­си конфигурациясы қалай құ­рылады?», «Оның негізі қандай саяси ре­формалардан тұрады?» деген си­паттағы көп­теген сұрағына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толыққанды жауап берді. Бұл тұста мен үшін ең алдымен айтылға тиіс маңызды дү­ние – сайлау жүйесіне байланысты концептуалды өзгерістер туралы. Бұрынғы «Де­мократияға бара жатырмыз!», «Азаматтық қоғам құру жолында!» деген сияқты жалпылама ұрандардың орнына енді нақты ұсыныстар айтылды. Парламент пен  мәсли­хаттарды, жалпы сайланбалы органдарын қалып­тастыру тәртібі ең алдымен қалай болуы тиіс екенін Президент өзі ашып ай­тып берді. Ең алдымен, бұл – барлық деңгейдегі сайланбалы ор­ган­дардың аралас болуы. Яғни, Мәжілісте 30% мажоритарлы, 70% про­пор­ционалды жүйе бекітілмек. Ал облыстық мәслихаттарда және республика дең­гейіндегі қалаларда мәслихаттардың жартысы бір мандатты округ­терден, жартысы партиялардан сайланатын бо­лады. Аудандық, қалалық мәслихаттар толыққанды мажори­тар­лық жүйемен сайланбақ. Бұл – өте маңызды реформа! Өйткені өзім сайлау жүйесінде қызмет еткендіктен білетінім, соңғы кезде өзін-өзі ұсыну институты жабылып қалған болатын. Халықтың ішіндегі белсенді, саяси сауатты, халықтың мүддесін қорғайтын азаматтар сайлауға тікелей қатыса алмайтын немесе тек партиялар арқылы сайлана алатын жүйе қалыптасты. Бұл түбегейлі дұрыс емес еді. Белсенді азаматтардың өзінің кандидатурасын кез келген сайлау деңгейінде ұсынып, ашық саяси күреске түсіп, осы ман­дат­ты иеленуге мүмкіндігі болуы керек болатын. Енді, міне кеше­ден бастап осыған толыққанды мүмкіндік беріліп отыр. Бұл жағ­дай, әрине халыққа жаны ашитын, оны түсінетін, ішінен шыққан нағыз белсенді, білімді, патриот азаматтардың депутаттық ман­даттарды иеленуіне жол ашып отыр. Биыл елімізде билік тармақтарына қатысты маңызды рефор­малар жүреді. Ең бастысы, суперпрезиденттік үлгіден президенттік үлгіге көшу туралы, Президенттің өкілеттігін шектеудің нақты жолдары туралы ай­тылды. Сонымен қатар Парламентті, мәслихаттарды күшейту, осы арқылы негізгі шешім шығару орган­дары халық сайлайтын өкілетті билікке айналатынын көрсетіп отыр. Сайлау жүйесінің ашықтығы, сайлау комиссияларының дер­бес­тігі соңғы жылдары халық тарапынан қойылып отырған – басты талаптардың бірі. Оған бүгін Президент өте нақты рефор­малық түсініктер мен ұсы­ныстар айтты. Сонымен бірге осы уа­қытқа дейін көп айтылып, баяу ғана жүзеге асырылып келе жат­қан мәселенің бірі – жергілікті өзін-өзі басқару институттарын қалыптастыру және дамыту, оған нақты өкілет­тіліктер беру. Ендеше алдағы өзгерістер мен аталған реформалар маңызды қа­дам болмақ. Бірақ оны бізге сырттан келіп ешкім жасап бермесі анық. Бұл ре­фор­маларды Қазақстанның әрбір азаматы бір­ кісі­дей атсалысып, жүзеге асыруы керек. Бұл – біздің әрқайсы­сымыздың жеке-дара жауапкер­шілігіміз.

Ләззат СҮЛЕЙМЕН, Сенат депутаты