Президент бастамаларын қолдау – Сенаттың басты міндеті
Президент бастамаларын қолдау – Сенаттың басты міндеті
237
оқылды
Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат отырысы өтті. Сөз басында Палата Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына назар аударды. Сенат Төрағасы ел Президенті жаңа Жолдауымен қоғамды алаңдатқан бірқатар түйткілге, оның ішінде елімізді саяси жаңғыртуға қатысты мәселеге нақты жауап бергенін айтты. «Президентіміз Жолдауда еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Соның ішінде Парламенттің рөлін күшейту керектігі айтылды. Осылайша, депутаттарға Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыру жөнінде ауқымды міндет жүктеліп отыр», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенат Спикері Жолдауда еліміздің сайлау және партиялық жүйесін жетілдіруге, жергілікті билік органдарының дербестігін күшейтуге арналған нақты ұсыныстар айтылғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың маңызды екенін айтты. Сондықтан Сенат Жолдауда белгіленген басымдықтарды заңмен қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізуі керек екенін тілге тиек етті. Осы ретте сенаторлар бүгіннен бастап өңірлерге барып, халықпен кездесетінін атап өткен жөн. Соған сәйкес Мәулен Әшімбаев азаматтармен кездесуде Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан бастамаларға баса мән беру керектігін жеткізді. Сенаторлар бүгінгі отырыс барысында «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Келісімге сәйкес адам басқа елде алған жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан кезде оның жеке басын растау, сондай-ақ шетелде тұратын жерін анықтау бойынша қосымша жағдайлар жасалады. Одан бөлек, отырыста бірқатар депутаттық сауал жолданды. Нұржан Нұрсипатов еліміздің Қарулы Күштеріндегі аутсорсингтің қазіргі жүйесіне кешенді талдау жүргізуді ұсынып, шұғыл жағдайларда қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасындағы тәуекелдерді атап өтті. Ғұмар Дүйсембаев еліміздің моноқалаларының, соның ішінде Құлсары қаласының проблемаларын шешуде кешенді тәсілдің қажеттігі туралы айтты. Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысында жер қойнауын игерумен айналысатын бірқатар кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтарын қорғау үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізу қажеттігіне назар аударды. Ақмарал Әлназарова еліміздегі жолдарда адамдардың жарақаттану және қаза болу оқиғалары жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Ол өз сауалында осы жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар шараны қарастыруды ұсынды. Бақытжан Жұмағұлов ұлттық құндылықтарды одан әрі ілгерілету және жастарды адамгершілік пен еңбексүйгіштік рухында тәрбиелеуге қатысты мәселені көтерді.