Жаңа реформа – жаңа кезеңнің бастауы
Жаңа реформа – жаңа кезеңнің бастауы
325
оқылды
Жаңа реформалар – сөзсіз жаңа өзгеріс­тердің бастауы. Бұл жаңа кезеңге қарай жа­са­ған батыл қадам болмақ. Халық осыны кү­тіп отыр. Өйткені жұрт жадағай жалаулатқан науқандық жұмыстардан шаршады. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, барлық саладағы тоқырау тығырыққа тіреді. Ел ертеңге сенуден қалды. Жалпы, мемлекеттің саяи-әлеуметтік жүйесіне өз­геріс көптен қажет еді. Басқару тетіктерінде де жаңа талаптар енгізу керек болды. Көпшілік нәти­жесіз іс-шаралардан әбден шаршады. Орындалмайтын уәделер үмітсіздікке әкеліп соқты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында осыған айрықша тоқталды. Жаңа Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдар­ламасын ұсынған Мемлекет басшысы бұл өзгерістер жұртқа жақсы көріну үшін жасалмайтынын атап өтті. Президент қағаз бетінде ғана жүзеге асы­рыл­ған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кеткенін ашық айтты. – Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет бас­шысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе», – деді Президент. Сонымен, жұрт күткен жаңа реформалар елдегі басқару жүйесіне қандай өз­герістер әкеледі, соның маңызды бірнеше қадамына тоқталсақ. Мемлекет басшысы, алдымен бұған дейін қалыптасқан «барлық іс Президенттің ара­ласуымен шешіледі» деген  қағиданы өзгерту қажеттігін баса айтты. Жасыратыны жоқ, қоғам демократия үдерістеріне сай, президенттік-парламенттік бас­қа­­ру жүйесінің іс жүзіндегі шынайы бейнесін қалыптастыратын осындай ке­сім­ді сөзді ұзақ күтті. Бұл бетбұрыс Парламенттің рөлі күшейетінін көрсетеді. Өңірлерде азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәсли­хаттардың да мәртебесін көтеру керек екені айқын нәрсе. Мемлекет басшысы әр деңгейдегі мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамта­масыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. «Сондай-ақ мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін та­ғайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», – деді Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Жаңа реформада тізбекті түрде өзара өзгеріске бастайтын – жаңа қайта құрулар бар екенін атап өткен жөн. Ал бетбұрыстардың негізгісі – өңір­лер­дегі диспропорцияны жою мақсатында қабылданған шешімдер. Атап айт­сақ, бірнеше жаңа облыстың құрылатыны, тарихымызды танытар Ұлытау да­ласының енді бір өңірге айналатыны, Абай атындағы облыстың пайда бо­ла­тыны – жұрт құптайтын бастамалар. Жетісулықтардың көкейінде жүр­ген облыс орталығының шалғайлығы туралы мәселе де шешімін табатын болды. Ең бастысы, Алматы облысының орталығы – Қапшағайға ұлттың ар­да ұлы Дінмұхаммед Қонаевтың есімімен атауды көпшілік қуана қолдайтынына сенім мол. Қолдаймыз, қуаттаймыз!