Киіз басуды жаңғыртып келеді
Киіз басуды жаңғыртып келеді
1,082
оқылды
Қазақ халқы ата кәсібі саналатын мал бағуды өмірімен біте қайнастырып, төрт түлігінен алған өнімді ысырап етпей, тұрмысына кеңінен қолданған. Табиғи таза өнімді пайдаланудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екені айтпасақ та белгілі. Малды жесең – азық, кисең – киім. Кейбіреуі тіпті мінсең көлік те болған. Ал жүнінен төсеніш болар киіз басылып, неше түрлі асыл жүн маталар тоқылады. Бүгінде ұмыт қалған осынау дәстүрді жалғастырып, жүнді кәдеге асырып, заманауи түрлі бұ­йым жасайтындар да бар. Есе­сіне табиғи өнімнен жасалған ерек­ше стильдегі киімнің де, бұ­йымның да құны жоғары баға­ла­нып, сұранысқа ие болып тұр. Со­нымен бірге жүннен ба­сыла­тын киіз де қайта жаңғырып ке­леді. Түркістан облысына қа­рас­ты Сауран ауданындағы Құс­шы ата ауылында киіз басу дәстүрін дәріптеп жүрген әжей бар. Фа­рида Ереханова бола­шақта киіз басу дәстүрінің қайта жаңғыра­тынына сенеді. Былтыр киіз басу­дан аудан орталығында өткен бай­қауға ол басшылық жасайтын «Дария-Толқын» әже­лер тобы да қатысып, бас жүлдені жеңіп алып­ты. «Қазір менің бар ықы­ла­сым киіз басуға ауып жүр. Өйткені соңғы уақытта ел ішінде киізге де­ген қызығушылық арта баста­ды. Әсіресе, қыстыгүні еліміздің солтүстігіне, шығысы мен баты­сына көкөніс таситын жүк көлік­терін жылытуға киіз сұрай келу­шілер көп. Одан бөлек, көліктің моторын да қат­ты аязда орап қо­йып, жылы ұс­тауға болады», – дейді әжей. Бұдан жүннен ба­сы­латын киіздің жылуды жақсы ұс­тайтынын, суыққа төзімді бірден-бір бұйым екенін аңғаруға болады. Фарида әжей қазір адам­дар­дың қой жүнінің қадірін біл­мей­тінін айтады. Мәселен, жүргі­зу­шілер киізден көліктің орындық­тарына жабу жасап алса, бұл олар­дың омыртқа ауруына шал­дығуына жол бермейді екен. Расында да, бала күнімізде ата-анамыз «табаныңнан сыз өтпе­сін» деп аяқкиімімізге киізден ұлтарақ салып беретін. Суық тиіп ауырғанымызда үстімізге жүннен тоқылған киім кигізетіні еске түсті. «Бүгінде белі, аяғы ауы­ратын адамдар көп. Себебі табанымыздан сыз өтеді. Үйі­міздің еденіне синтетикалық талшықтан жасалған кілем тө­сейміз. Оның жылуы киіздің жы­­луымен салыстыруға кел­мей­ді. Әрі ондай синтетикалық бұ­йымдардың адам ағзасына ти­гізер зияны да орасан. Сон­дық­тан бізге киізді табиғи жол­мен заман талабына сай етіп ба­сатын өндіріс орындары қа­жет», – дейді тағы бірде кейіпкеріміз. Түркістан Дәрігерлер де аяғы, белі және мойын омыртқасы ауыратын жандарға көрпеше орнына киіз төсеп жатуға кеңес береді. Со­нымен қатар оның адамның қан айналымы жүйесін реттеуге де әсері мол екен. Әжей ат әбзел­деріне, яғни ердің тоқымына киіз сұрай келетіндердің көп екенін айтады. Фарида кейуана бала күнінен апасы мен әжесінің көрші-қолаңды, ағайын-туысты шақырып киіз басқанын көріп өскенін еске алды. «Мұның өзі ауылда бір мереке еді ғой. Киіз басқанға дейінгі жұмыстың өзі де бір төбе. Алдымен қой қы­р­қы­мынан кейін тау-тау болып үйіліп қалған жүнді жуып, таза­лап, түрлі түске бояп, тулаққа са­лып сабап, әбден қопсытып ала­мыз. Содан кейін барып ауыл­дағы барша әйел қауымы жи­налып, текемет басуға кірісе­тін. Асарға келген қонақтарға ар­нап мал сойылып, үлкен қа­занға ет асылады. Қыз-келін­шектер күнделікті үй тіршілігінен аз да болса демалып, әңгіме-дүкен құрады. Үлкендер жағы оларға әдемі әңгімелерін, ақыл-кеңестерін айтып, киіз басудың қыр-сырын үйретеді. Ол кезде бұл бұйым химиялық қоспасыз басылатын. Күйе түспесін деп, оны жылына бір рет ыстық сумен жуып алатынбыз», – деп жылы жымиып өткенін еске алды Фарида әжей. Қазір киіз басу өнерінің бұ­рынғымен салыстырғанда айыр­машылығы өте көп екен. Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Сауран ауданы әкімдігінің ұйым­дастыруымен өткен «Киіз басу өнері – көшпенділер мұрасы» атты байқауда осынау өнердің сан түрі көрсетілген. 12 ауылдық округтен келген әжелер соңғы заманауи бағытта киіз басу түр­леріне де мән берген. Алайда біз­дің кейіпкеріміз ата-баба­мыздан мұраға қалған дәстүрлі киіз басу өнерін көрсетіпті. Есе­сіне Фарида Ереханова басшы­лық жасайтын «Дария толқын» әжелер тобы байқауда топ жарып «Ең үздік қолөнер шебері» но­минациясын иемденіпті. Фарида апа үйіндегі көрпе­ше­лердің ішіне қой жүнін салады екен. Себебі «жүннің адам бо­йындағы суықты өзіне тартып алатын қасиеті бар», дейді. Иә, қазір жаңа технологиямен өнді­рілген киіздің түр-түрін базардан табуға болады. Алайда табиғи жолмен басылған дәстүрлі киіз басу өнері қашанда құндылығын жоймайтыны рас. Айта кетейік, Фарида әжей 40 жыл бастауыш сыныпта оқу­шы­ларға дәріс беріп, бүгінде бей­не­тінің зейнетін көріп отыр­ған жан. Атай екеуі 1 ұл, 3 қыз тәр­биелеп өсіріп, осы перзент­терінен 14 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Шымкент қаласы