Ұлыстың ұлы күні – жер бетіндегі жалпы саны 250 миллионға жуық түркі жұрты мен Иран, Ауғанстан халқы, Кавказды мекендейтін бірқатар ұлтқа ортақ мереке. Бәлкім содан да шығар, тарихы мыңдаған жылдарға кететін осынау мейрамды 2009 жылы ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мұрасының тізіміне қосқан еді. 2010 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы халықаралық Наурыз күнін бекіткен еді. Ол наурыз айының 21-і болып белгіленді.
Әр халықтың өзінше жыл басы болады. Наурыз – қазақша жыл басы. Ұлт мейрамы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Сонымен бірге түркілік таным бойынша 12 жылдық мүшелдік цикл басталатын күн Наурыз мейрамына сәйкес келеді. Әз-Наурыз тарихи құндылығын, халық арасындағы өзектілігін жоғалтпаған мейрам. Халықтық сипат алған бұл мейрамда адами құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырады. Бес мыңжылдық тарихы бар Наурыз мейрамы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртудың арқасында ғасырларды жалғап, ұрпақ пен салт-дәстүрдің сабақтастығын сақтайтын қасиетке ие. Бүгінде осынау мейрам заманауи қазақ қоғамына еркін бойлап, бірте-бірте барша қазақстандықтарға ортақ азаматтық мейрам сипатын алып келеді. Демек, елдегі ынтымақ пен бірлікке де қызмет ете бастады деген сөз. Өйткені ата салтында Наурыз мейрамы болмаған этнос өкілдері де мерекені қабылдап келеді. Ал түркі және парсы тектес халықтардың бұл мерекеге ықыласы тіптен бөлек.
Жалпыхалықтық мерекеге айналды
Қазақстанда демографиялық көрсеткіші жағынан қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар мен неміс басымдыққа ие болса, осынау 7 ұлттың 4-еуі үшін Наурыз – ұлттық мейрам. Одан бөлек, түрік, әзербайжан, күрд, тәжік, башқұрт, қарашай, балқар, ноғай қатарлы этнос өкілдері де тойлайды. Демек сөз басында айтқанымыздай Наурыз жалпыхалықтық мейрам деген сөз. Ал әр ұлт өкілінің мейрамға қатысты салт-дәстүріне келсек, бұл мейрамның ең басты белгісі – ерекше ас. Оны әр халық әртүрлі атпен атайды, құрамы да бөлек. Бірақ күн мен түн теңелер тұстағы мейрамда ерекше ас әзірлеу баршаға ортақ. Әрине, қонаққа да көп көңіл бөлінетіні байқалады. Айталық, өзбек этносының Наурыз мерекесін қарсы алу салты қазақ дәстүріне ұқсас. Олар да бұл күндері бір-біріне қонаққа барып, сан түрлі ұлттық тағамдарын жасап, күрес, бәйге, асық ату сияқты ұлттық ойындарымызға қатысып, тамашалайды. Егер қазақтар Ұлыстың ұлы күні наурызкөже пісірсе, өзбектер «сумалак» деп аталатын ұлттық тағамдарын әзірлейді. Құрамы жағынан ол да наурызкөжеге ұқсас.
Ал салт-дәстүрге келер болсақ, өзбек халқы да жылдың басын игі істермен бастағанды жөн көреді. Адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімді болып, жүректерін мейірімділікке толтыруға тырысады. Үй ішіне жаңадан жабдықтар сатып алып, киімдерін жаңартып жатады. Себебі келер жылға адам табиғат секілді жаңарған, таза күйінде қадам басуы тиіс деп қабылданған.
Бір қызығы, өзбектер мереке күні үйге құттықтай келген ең алғашқы қонағының ізгілікті, атақ-абыройлы, бақуатты өмір сүретін жан болса екен деп тілейді. Себебі ол босағадан аттаған сәтте шаңыраққа өзімен бірге жетістік әкеледі деп сенген.
Ал түрік этносының өкілдері Наурыз мейрамын бірнеше күн қатарынан тойлайды. Наурыз жылдың басы болып есептелетіндіктен, ежелгі наным-сенім бойынша оны қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай өткізесің деген түсінік бар. Сондықтан олар Ұлыстың ұлы күні ең әуелі тәтті-дәмдіге толы мол дастархан жаюға тырысады. Ал дастарханымыздың сәнін келтіретін негізгі тағам «ашура» деп аталады. Сіңімді әрі дәмді бұл асты басқа күндері де әзірлей береді, дегенмен Наурыз мейрамы қарсаңында оны түрлендіріп, ерекшелендіріп жасауға тырысады.
Әдетте, түріктер Наурызға дайындықты бір апта бұрын бастайды. Үй маңайын тазалап, реттеп, ішін жаңа жиһаз-жабдықпен жасандырып, жаңартуға тырысады. Сондай-ақ түрік халқы бұл күндері айналасын денсаулық, сәттілік, бақыт әкелетін нәрселермен қоршауға тырысады. Ал олардың салт-дәстүріне ойысатын болсақ, бұл күні от жағып, оның үстінен жеті рет секіруі керек. Айта кетейік, аталған рәсім бүгінде сирек кездеседі. Әйтсе де, ара-тұра болып тұрады. Бұл дәстүр адамға жетістік әкеледі деп сенеді. Сондай-ақ осы күндері марқұм туыстары мен жақындарын еске алып, Құран бағыштайды.
Тәжіктер Наурызды достықтың кілті және тіршіліктің оянуы деп санайды. Оны «Хадир айиам», яғни «үлкен мереке» деп атайды. Еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін бар сән-салтанатымен ұлықтап қарсы алады.
Түп-төркіні ұқсас мейрамдар да бар
Негізі, Наурыз мейрамына ұқсас көктем мерекесін қар көбесі сөгіліп, бәйшешек бүр жарған шақта атап өтетін халықтар да бар. Айталық, орыс ұлты қыспен қоштасу мерекесі – Масленицаны тойлайтыны бар. Бұл мереке шығыс славян жұртына сонау есте жоқ ескі күндерден мирас болып қалған. Тіпті, христиан дінін қабылдаудан бұрын да бұл халықтар осынау мейрамды тойласа керек. Вс.Миллер, Б.Рыбаков қатарлы ғалымдардың бұл мейрамды ерте кездегі көктемгі күн мен түннің теңесуі құрметіне пайда болған мереке деп бағалағанын ескерсек, «масленицаның» Наурызмен төркнідес болуы да мүмкін. Дегенмен оны өткізудің нақты күні белгіленбеген, әдетте ақпанның соңы-наурыздың басында тойланады. Масленица орыс халқының көктемде ас-судан тыйылатын христиандық салтының алдында тойланатындықтан, бұл күндері олар дастарқандағы бар ас-суды ішіп-жеп, тойып алуға тырысады. Яғни, ауыз бекітердің алдында күш жинайды.
«Масленицаның» басты символына айналған құймақтың түр-түрі салтанатты дастарханның негізгі дәміне айналады. Мерекеге қатысушыларға құймақтан басқа да көптеген сый-тағам ұсынылды. Сондай-ақ бұл күні көп ән айтылып, би билеп, түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Ең соңында сабаннан қуыршақ жасап, оны өртеп, қыспен қоштасады.
Айтпақшы, «Масленицаны» украиндар да, беларусьтар да атап өтетінін ескерсек, көктемді қарсы алуға байланысы бар мерекені Қазақстан халқының ұлттық құрамындағы барлық ірі этностар тойлайды деген сөз. Яғни, түп-төркіні бір-біріне бір дәуірден және ұқсас танымнан басталатын мейрам күллі халыққа ортақ деуге толық негіз бар. Бәлкім, арадағы сан жылдар мейрамның біреуін Наурыз, екіншісін «Масленица» етіп өзгертіп жіберді ме, кім білсін?
Қазақ мәдениетін танытатын мереке
Наурыз – діни, саяси мереке емес, бұл тұтас елді ұйыстырған Ұлыстың ұлы күні! Ұлт мәдениеті мен болмыс-танымның көрінісі. Мереке қайта жаңғырған 1988 жылдан бері Наурызды үзбей атап өтудің нәтижесінде мерекеде таныстырылатын ұлттық салт-дәстүр, жоралғылар мен дастарқан мәзірін түрлі этнос өкілдері қабылдап жатыр. Мәселен, кезінде Қазақстанда тұрып, кейін атажұртына қоныс аударған азаматтар өздерімен бірге қазақ мәдениетінің Наурыз мейрамында таныстырылған элементтерін ала кетті. Оның ішінде ұлттық киім, әшекей тәрізді құндылықтарымызбен қатар қазақ халқының ас мәзірін де қабылдаған. Әсіресе, осындай Наурыз мерекесі кезінде олар қазақша ет асып, Наурызкөже пісіріп, қазақ тілінде ән салып жатады. Мұндай жағымды үрдісті біз Германиядағы бұрынғы отандастарымыздан жиі көреміз, сирек болса да іргеміздегі «қалың орман» – орыс жұрты да қазақтың ас-суына құмар. Қазақтың ұлттық ас мәзірі тек республикада ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Айталық, Мәскеуде – «Костанай», Парижде – «Қазақ», Бейжіңде – «Астана», Киевте «Панорама» деген мейрамханалар бар. Олардың негізгі ас мәзіріне рецепті ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың ұлттық тағамдары кіреді. Демек, Наурызды қайта тойлай бастаған 30 жылдан астам уақыт ішінде бұл мейрам қазақстандықтардың ортақ мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қазақ халқының мәдени құндылықтарын «экспорттауға» ықпал еткен секілді. Біздің пайымдауымызша бұл үрдіс жалғаса береді.
P.S.
Мәдениеттанушы және наурызтанушы Серік Ерғалидың Наурыз мерекесі этнографиялық еске алу күніне ұқсап бара жатқанын айтады. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнін жалпы қазақстандықтар тойлайтын азаматтық мерекеге айналдыруымыз керек. Ол үшін тұтас республика аумағында Наурыз мерекесін өткізудің ортақ жүйесін қалыптастыру қажет. Түркі халқының жаңа жылын жан-жақты зерттеген этнолог мерекені жалпыхалықтық сипатқа айналдырудың өзіндік тұжырымдамасын да әзірлеп қойған. Әрине, мерекені ортақ тұжырымдамамен атап өтіп, бұқаралық сипат беруге ұмтылған жақсы. Дегенмен Ұлыстың ұлы күні барша қазақстандықтар жақсы көретін бұқаралық һәм отбасылық мейрамға айналып келеді.