Атырау қаласының №2 соты өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену фактісі бойынша (ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы) Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа (бұрын Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып жұмыс жасаған) және «Бұйырғын» АӨК төрағасының орынбасары Б.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Нұрлыбаевқа Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, АӨК төрағасының орынбасары Б.-мен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бөтеннің мүлкін ұрлады, яғни АӨК-ға инвестициялық субсидия беру арқылы 83 700 649 теңге жымқырды деген, ал Б.-ға көрсетілген соманың жартысы 41 900 000 теңгені иемденген деген айып тағылды.
АӨК-ға инвестициялық субсидия 4 траншпен берілді. АӨК-нің инвестициялық субсидия беру туралы өтініші және сараптама ұйымының өтінішті мақұлдауы сотталушы Н. ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін, яғни 2019 жылдың мамыр айының соңында алынған. Ал қалған транштар бойынша өтініштер бұрынғы басқарма басшысының өкімімен құрылған жұмыс тобымен мақұлданды.
Тергеумен сотталушылар арасында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау үшін бөлінген ақша қаражатын ұрлауға алдын ала сөз байласудың бар екендігіне дәлелдемелер ұсынылған жоқ.
Сотта зерттелген дәлелдемелермен инвестициялық субсидиялар беру туралы өтінішке қоса берілген құжаттардың толықтығы үшін АӨК құжаттарын қабылдаған бөлім басшылары жауапты екені анықталды.
Сараптама ұйымы және жұмыс тобымен объектінің өндірістік қуаттарының сәйкестігін тексеру актісі жасақталып, басшы - сотталушы Нұрлыбаевқа ұсынылған, соның негізінде ол субсидия беруге арналған шартқа қол қойған.
Сот отырысында жауапталған Ауыл шаруашылығы министрлігінің маманы жұмыс тобы немесе сараптама ұйымымен келісім берілгеннен кейін басқарма басшысы шартқа қол қоюға міндетті екенін, егер қол қоймаған жағдайда ол жауапқа тартылатынын айтып көрсеткен.
Сотталушы Б. АӨК-де материалдық жауапты тұлға болып табылмайды, алғашқы үш субсидияны алу кезеңінде АӨК-де жұмыс жасамаған және құрылтайшысы болмаған, ол 2020 жылдың 03 тамызында директордың орынбасары болып жұмысқа орналасқан, яғни үшінші транш субсидиясын алғаннан кейін жұмысқа орналасқан және онымен материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалмаған.
АӨК төрағасының өтініші бойынша ол Атырау қаласында құс фабрикасының қосымша объектілерін салу үшін АӨК шотынан алынған, субсидия ретінде түскен ақшалай қаражатқа құрылыс материалдарын сатып алуға көмек көрсеткен және АӨК-ке берген.
Бұл жағдайды АӨК өкілдері растады.
Сотталушылар инвестициялық қаражатты иемденбеген, аталған қаражат АӨК-мен игерілген.
АӨК-ке тиесілі құс фабрикасы жұмыс істейді, салықтарды уақтылы төлейді.
Аудиторлық тексерумен субсидия беру рәсімі анықталғаннан кейін 83 700 649 теңге көлемінде берілген субсидия толығымен бюджетке қайтарылды, қазіргі уақытта АӨК-нің азаматтық талап бойынша берешегі жоқ.
Прокурор Нұрлыбаевты 10 жыл, Б.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленушінің өкілі келтірілген зиянның толық өтелгенін айтып көрсетті.
Сотталушылар мен қорғаушылар қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
"Сот сотталушылар Н. мен Б.-ның әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты оларды кінәсіз деп таныды", –делінген хабарламада.
Сот сотталушылардың заңсыз қылмыстық қудалау үшін қылмыстық іс жүргізуді жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу құқығын таныды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.