Наурыз мерекесі қарсаңында екі көпбалалы отбасы пәтер кілтін алды
Наурыз мерекесі қарсаңында екі көпбалалы отбасы пәтер кілтін алды
Фото: inform.kz
Қарағанды облысының Нұра ауданында Наурыз мерекесі қарсаңында екі көпбалалы отбасы пәтер кілтін алды. Жаңа қоныс иелерін аудан әкімі Аян Шалмағанбетов құттықтады, – деп жазады ҚазАқпарат. Салтанат Садықова Қарой ауылынан Нұра кентіне төрт жыл бұрын көшіп келген. Осы жылдар бойы әйел төрт баласымен бірге баспана жалдап тұрған.
 «Қаройда ата-анамызбен бірге тұрдық. Нұрада пәтер жалдадық. Мен келісім бойынша хатшы болып жұмыс істеймін, жалақым аз. Жылдар бойы өз үйім болса деп армандадым. Әсіресе, балаларым. Бізге екі пәтерлі үйдің бір басынан үш пәтерлі баспана берді. Бөлмелер жарық, жөнделген. Бізге бәрі ұнайды. Бұл – Наурыз алдындағы нағыз тамаша сыйлық болды. Ертең көшуді жоспарлап отырмыз», – дейді Салтанат.
Осы үйдегі екінші пәтердің кілтін Гүлмира Абдрахманова алды. Ол медбике болып жұмыс істейді, бес баланы тәрбиелеп, анасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан 20 екі пәтерлі үйдің бірінде көпбалалы әйелдерге пәтерлер бөлінді. Нұра ауданында барлығы 450 адам кезекте тұр.