Қасым-Жомарт Тоқаев барша Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы Алматы қаласының «Астана» алаңында өтетін мерекелік іс-шараға қатысып, бұл мейрам ежелден жақсылық пен жасампаздықты дәріптейтін ұлық мереке екенін атап өтті.
«Күн мен түн теңеліп, күллі табиғат қайта жаңаратын әз Наурызды қарсы алуға бабаларымыз ерекше мән берген. Жыл басын – Ұлыстың ұлы күні деп ардақтаған. Әз Наурыз – береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматыға арнайы келіп отырмын. Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталды. Алматы – қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы. Зиялы қауымның, өнер, білім, ғылым, бизнес саласының өкілдері осында шоғырланған», – деді Президент.