Елордадағы Назарбаев халықаралық әуежайының қызметкерлері ішкі рейстер терминалында киіз үй орнатып, бауырсақ таратып, қымыз құйып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Әуе айлағының баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов мерекелік шара бес күн бойы жалғасатынын айтты.
«Осылайша көктемгі күн мен түннің теңелетін тамаша күні келді. Бұл мереке өзімен қатар табиғаттың жаңаруын және ұзақ суық айлардан кейінгі жердің оянуын ала келеді. Сіздерді осы көктем мерекесімен құттықтаймын және оны өмірлеріңіздегі жаңа жаңалықтармен, ойлармен және өзгерістермен қарсы алуларыңызға тілектеспін! Жаныңызда әрқашан қуаныш пен шуақ болсын! Наурыз мейрамын осындай форматта тойлау жақсы дәстүрге айналған. Бүгінде жолаушыларымызға 150 келі бауырсақ пен 60 литр қымыз берілді», - деді ол.
Ішкі рейстердің жолаушылары бауырсақтан дәм татып, қымыз ішіп, би билеп, өнерпаздармен ән айтып, киіз үйдің фонында суретке түсті.
«Бүгін немереммен Алматыға ұшып барамын, әуежай қызметкерлерінің мұндай тосын сыйы бізді қуантты. Бүгін бізде ұлттық мереке – Наурыз мейрамы. Осынау көктем мен жаңарудың жарқын мерекесінде баршаңызға шын жүректен мейірімділік, жылулық, отбасылық амандық тілеймін! Шаңырақ шаттық пен бақытқа толы болсын! Мейраммен құттықтаймын!», – деді жолаушылардың бірі Нағима Дәулетова.