Ресейдегі соңғы бір айдағы жағдай еліміз үшін импорталмастыру мәселесінің қаншалықты маңызды екенін аңғартып кетті. Өйткені экономикалық байланыстарды үзу геосаяси пәрмен үшін бір-екі аптаның шаруасы екеніне көзіміз жетті. Көршіміз отандық өндіріске бізден гөрі жауаптырақ қарағанымен, қиналып қалғаны рас. Ендеше шеттен келетін тауардың орнын алмастыратын отандық өндірісті шындап қолға алатын кез келді. Осы ретте Үкімет таяуда Импорталмастыру бағдарламасының жобасы дайын болғанын хабарлады. Бірақ бұл жолы да сан мен сома қуған құжат «кезекті ақша жеудің амалы емес пе?» деген күдік те сейілмей тұр.
13,3 трлн теңге – 444 жоба
Сонымен, 19 наурызда Үкімет хабарлаған құны 13 трлн теңге болатын, 444 инвестжоба енгізілген, 88 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құру әлеуеті бар Импорталмастыру бағдарламасының жобасы мұндағы цифрлардың қомақтылығымен менмұндалайды. Нақты детальдары жария етілмегенімен, жаңа жобаның бірден «айды аспанға шығаруға» бағытталғаны аңғарылып тұр. Сонымен, бұл құжат арқылы Смайловтың министрлер кабинеті отандық өндіріске дем салып, ішкі нарықты аяқтан тұрғызбақ екен. Рrimeminister.kz сайты таратқан мәліметке қарасақ, бұл «Жаңа Қазақстанның» Үкіметіне оңайға түспесі анық.
«Статистикаға сәйкес, өткен жылғы қорытынды деректер бойынша Қазақстанға $38,3 млрд сомасына өңдеу өнеркәсібінің өнімдері импортталған. Машина жасау ($16,4 млрд), химия өнеркәсібі ($3,2 млрд), қара металлургия ($2,4 млрд), жеңіл өнеркәсіп ($2,2 млрд), құрылыс материалдарын ($1,4 млрд), түсті металлургия ($679 млн) өнімдері көп көлемде жеткізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ҚР мемлекеттік органдары отандық өңдеу өнеркәсібіне терең талдау жүргізді, соның нәтижесінде оның елеулі әлеуеті анықталып, салалар бойынша бәсекелестік артықшылықтары, сондай-ақ өнеркәсіпті одан әрі дамытудың әлеуетті салалары айқындалды», – делінген хабарламада.
Қауіпсіздікке қауіпті тенденция
Импорталмастыру өз сипатында азық-түлік қауіпсіздігінің, тіпті шынын айтқанда ұлттық қауіпсіздіктің факторы ретіндегі аса зор мәнге ие. Бүгінде Қазақстанға тауардың көпшілігі, әсіресе ТМД елдерінен экспортталады. Нақтырақ айтқанда, Ресейден көп тауар келеді. Солтүстіктегі көршіміздің мұндағы үлесі, мәселен биылғы қаңтар айында 39,2% болды. Сонымен қатар Қытай мен Еуроодақ елдерінен келетін импорттың да жоғары көлемі байқалып отыр. Олар осы аталған мерзімде аталу ретіне қарай 23,5% және 11,6%-ды құрады. Мұның соңы өзіміздегі отандық өндірістің тауарға сұранысты қамтамасыз ете алмауынан (ішкі фактор) және дамыған экономикалардағы инфляциялық процестер салдарынан (сыртқы фактор) баға қымбатшылығына әкеліп отыр. Шынын айтқанда, Қазақстан дәл қазір ішкі тұтыну нарығын шетелдік импорт көлемін өсіру арқылы ғана қанағаттандыра алып, тығырыққа тіреліп тұр.
«Бұл жерде назар аудартатыны, негізгі азық-түлік өнімдері импортының үлесі тым артып барады. Бұл ел экономикасының қауіпсіздігіне қауіпті тенденция. Мәселен, биылғы қаңтар айында импорттық көрсеткіш бойынша өңделген және консервіленген көкөніс 81,8%, сүт өнімдері 15,6%, қатты түрдегі сүт 80,2%, сары май 32,1%, ірімшік пен сүзбе 46,3%, сүт және қою қатық 64%, қант 64,2%, макарондар және оған ұқсас ұн өнімдері 14,9%, шай және кофе 70,1%, ашытқы 50,1%-ды құрады. Сонымен қатар киімнің 99,7%-ы және аяқкиімнің 97,6%-ы өзге елдерден импортталады. Әйтсе де, еліміз бірінші кезектегі қажет тауарларды өндіруге жеткілікті шикізат базасына ие. Егер бұл жолы импорталмастыруды дұрыстап жолға қояр болсақ, бұл негізгі азық-түлік өнімдеріне бағаны төмендетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ел ішіндегі бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік берер еді. Ол үшін бірінші кезекте қажетті тауарлар импортына тәуелділікті барынша шектеп, инвесторларға арнап, әсіресе агрокешен мен өңдеуші өнеркәсіпке қолайлы ахуал тудыру қажет», – дейді AERC жетеуші аналитигі Әсел Майданова.
Сомасы қомақты, өзі шикі болмаса игі
Мамандардың айтуынша, еліміз бұл проблеманы енді аңғарып, кеш дабыл қағып отыр. Өйткені қазір кейбір тауарлар ішкі нарықта тапшылық тудырып келмей қалып жатса, енді бірі біз оларды доллармен сатып алатындықтан, қымбатқа түседі. Бұл біздің экономикадағы баға мен инфляцияның өсуіне әсер етері анық. Ал таяқтың екінші ұшы – халықтың аз табысы одан сайын азая түсуде. Бұл – өте терең дағдарысқа алып келу қаупі бар жайт.
«Экономика үшін басым секторлар: ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салалары десек, Үкімет жаңа бағдарламасында осындай басым төрт бағытты анықтап, сол тұрғыда жұмыс жасағаны тиімді деп есептеймін. Ең алдымен, бізге сырттан келетін импорттық тауарлардың тізімін анықтап, олардың ішінде пайыздық үлесі бойынша қандай тауар бойынша еліміздің сыртқы нарыққа тәуелділігі өте жоғары екені пысықталуы керек. Міне, соларды бірте-бірте ішкі нарыққа локализация жасаған дұрыс деп санаймын. Яғни, 444 жобаның қандай екені ашық жария етілмей отыр. Сондықтан да бізге бұл бағдарлама әлі де болса шикі сияқты болып көрінеді. Өйткені осыншама көп қаржы мен жүздеген жобаны бір мезгілде игере аламыз ба деген күдік те басым. Яғни, мұндағы айтпағым, бағдарламада көрсетілген 444 инвест жобаның саны маңызды емес. Оның нақты мақсаты – елімізде ұзақ мерзімге түпкілікті орнығып қалатындай болуы тиіс», – дейді экономист Оразбек Мырзақұл.
Оразбек Мырзақұлдың сөзін келесі бір экономист сарапшы маман Рүстем Жансейітов те қолдайды. Оның пікірінше, бұл проблемаға тап болуымыздың бірнеше себебі бар.
«Біріншіден, мемлекет тарапынан импорталмастыру мәселесіне атүсті, жүрдім-бардым, тиіп-қаша қарау басым болды. Оның үстіне, менеджер тұлғалар әлсіз. Ал олигархтарға импорталмастыруға ұзақ уақыт пен мол қаржы жұмсағаннан гөрі дайын импортты әкеліп делдал болып, оңай ақша тапқан тиімді болды. Сондықтан да импорталмастыру жұмыстары бізде «қыруар шаруа атқарылып жатқан» сыңайдағы көрнекілік сипатқа ғана ие болып қалды. Зауыттардың ашылуы көрсетілгенімен, олар ың-шыңсыз ғана жабылып қалып жатты. Бұл жолы да бұрынғы әдіс-тәсіл мен сол баяғы жобалардың басы-қасында болған адамдардан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын. Сондықтан да ештеңе өзгермейді. Ақшаны шашып, белгілі бір үлесін өзара бөліп алады да, сонымен тынады», – дейді экономист-сарапшы Рүстем Жансейітов.
Тұтынушылық модель – әлжуаз экономика
Бүгінде Қазақстан экономикасы үшін өзін-өзі қамтамасыз ету деген қағида өте қажет. Біз 90-жылдардағы материалдық өндірістен айырылып қалып, қазір тек қана тұтыну моделіне ауысып кеткен елміз. Соның кесірінен импорттаушы ел атанып, экономикамыз әлжуаз болып қалды. Оның бірден-бір көрсеткіші – екі жылдың ішінде Ресейден келетін импорт 27%-дан 40%-ға өсіп кеткені. Соның салдарынан Ресейдегі болып жатқан жағдайлар, яки санкциялар мен экономикалық дағдарыс бізге сыртқы фактор ретінде қатты әсер етіп отыр. Оның бірден-бір көрінісі – теңгеміздің 27%-ға құлдырап кеткені. Мұндай құнсыздану іргелес Өзбекстанда да, Қырғыз елінде де байқалған жоқ. Себебі олар азық-түлікпен өздерін өздері қамтамасыз етіп отыр.
«Бізде бір әттегенайы, Үкімет деңгейінде құрылған жедел штаб экономикадағы теріс көріністерді алдын ала болжап алудың орнына олардың әсерін жоюмен ғана айналысып келеді. Ал бізге болып жатқан жағдайлардың салдарымен емес, себебімен күресу қажет. Сондықтан да бүгінде Үкімет міндетті түрде стратегиялық құжаттар қабылдап, елдің табыстылығын арттыру үшін міндетті түрде үлкен бизнес пен орта бизнестің кооперациясын қолға алуы тиіс. Осы арқылы бірінші кезекте жұмыспен қамту проблемаларын шешуге мүмкіндік бар. Мәселен, дүниежүзілік тәжірибе бойынша экономиканың тұрақты дамуы екі фактордан тұрады: алғашқысы, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50% болуы керек және соңғысы жұмыспен қамтудың үлесі де 50% болуы керек. Яғни, біздегі 8,7 млн белсенді халықтың 5-6 миллионын шағын және орта бизнестің үлкен бизнеспен кооперация жасауы негізінде жұмыспен қамтуға болады. Осылайша, мұндағы жалпы ішкі өнімдегі үлесті жоқ дегенде 40-45%-ға жеткізсек, сонда ғана барып, біз тұрақты даму рельсіне міне аламыз. Импорт алмастыруға да қол жеткізе аламыз. Осы мәселелерді едәуір шешкеннен кейін барып инновациялық алаңды құруға, технологиялық үрдіспен айналысуға болады. Өйткені бұл жерде бәсекеге қабілетті болу үшін шағын және орта бизнестің технология мен инновацияға деген өзіндік мүддесі пайда болады», – дейді экономика ғылымының докторы Бауыржан Исабеков.
Еуразия ұлттық университеті профессорының айтуынша, бізге экспортқа қарағанда импорталмастыру мәселесінде қиналатындай себеп болмауы тиіс. Өйткені ішкі нарығымыз үлкен емес, халқымыз 19 ғана миллион, осы халықты бірінші кезекте қажетті төл өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз толықтай жетеді. Себебі біздің шикізаттық өнімдерімізге сұраныс бар. Мұнайды өндіріп қана қоймай, бірінші кезекте оның өндірісіне қажетті құрылғыларды, тауарларды, қызметтерді стратегиялық негізде 20-30 жылға келісімшартқа отырып, өзімізде жасар болсақ, осының өзі бұл секторға едәуір қозғау болмақ. Қалай болғанда да, біз ішкі фактор мен сыртқы фактордың тиімді қатынасына міндетті түрде қол жеткізуіміз керек. Әйтпесе, қазақстандық импорталмастыру дегеніміз ресурс бар, ұқсату жоқ олақ сектор болып қалып отыр.