Каспий құбырына балама бар ма?
Каспий құбырына балама бар ма?
580
оқылды
«Каспий құбыр консорциумындағы» (КҚК) апат Қазақстанның мұнай тасымалы осы магистралды құбырға тәуелді екенін көрсетті. Кейбір сарапшылар бұл жағдайды кеңес заманымен салыстырады. Дегенмен қазіргі жағдай КСРО заманындағыдан өзгеше. Тәуелсіздік жылдары еліміз Қытайға құбыр салды. Сондай-ақ Каспий арқылы теңіз та­сымалын арттыру мүмкіндігі бар. Бірақ КҚК-ға тәуелділіктен  арыл­маған сияқтымыз.

Қазақ мұнайын тасымалдайтын басты құбыр

Кеңес Одағы тұсында Қазақстан төл мұнайымен жаһандық нарыққа өз бетінше шыға алмайтын. «Қара алтын» тасымалы Мәскеуден, Главтранснефть арқылы басқарылды. Қазақ мұнайы негізінен, «Дружба» магистралі арқылы шетелге экспортталатын. Қызыл империя күйреудің қарсаңында, 1988 жылы Шымкенттен Түрікмен КСР-інің Чарджоуына (қазіргі Түрікменабад) дейін, ал 1990 жылы Теңіз–Гурьев–Астрахан–Грозный бағытында мұнай құбыры ашылды. Бұлардың өткізу қабілеті тым шағын еді. Салдарынан КСРО тараған соң одақтың мұнай алпауытының ор­нын басқан ресейлік «Транснефть» «Друж­ба» магистралінен тәуелсіз Қазақстанға бір тамшы квота бермей қойды. Бұл шағын құбырлар мен те­міржол арқылы мардымсыз экс­порт­ты қоспағанда, қазақстандық мұнай тасымалының негізгі бөлігінің толық тоқтауына әкеліп соқтырды. Бұл тұйықтан «КТК» құтқарды: 2001 жылғы 13 қазанда, Теңіз – Астрахан – Новороссийск бағытында, жалпы ұзындығы 1 511 шақырымға созылып жатқан осы алып магистраль іске қосылды. Новороссийск түбіндегі теңіз терминалынан тұңғыш танкер қазақтың «қара алтынымен» әлемдік «қара базарға» жол тартты. «Каспий құбыр консор­циу­мын­да» Ресей Федерациясына 31% үлес тиесілі. Қазақстанның еншісінде – 20,75%. Тағы 15%-ына – Chevron Caspian Pipeline Consortium Company, 12,5%-ына – LUKARCO B.V., 7,5%-ына – Mobil Caspian Pipeline, 7,5%-ына – Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited, 2%-ына – BG Overseas Holding Limited, 2%-ына – Eni International N.A. N.V. және 1,75%-ына – Oryx Caspian Pipeline LLC иелік етеді. Бүгінде «Каспий құбыр консор­циумы» жүйесімен жылына шамамен 60,7 миллион тонна мұнай жаһандық нарыққа жеткізіледі. Ол жеткі­зілім­нің басым көпшілігі – 53 миллионы немесе 89%-дайы Қазақстанның еншісінде. Кейінгі жылдары консор­циум құбырдың мұнай айдау әлеуетін 72,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстарына кіріскен еді. Алайда 2022 жылғы 22 наурызда КҚК-ның Новороссийскідегі теңіз терминалында мұнайды тиеп-жө­нелту ісі толығымен тоқтатылғаны белгілі болды. Ресей тарапының және консорциумның түсінікте­ме­сіне сенсек, бұған табиғи апат себеп болған. Қазақстанның Энергетика министрлігі де көршінің айтқанын қайталаумен шектелді. Айтпақшы, ресейлік ақпарат құралдары құбыр жұмысы апатты жағдайда тоқтатыл­мағанын, терминалдан мұнай тиеу инспектор-тексерушілердің кеңесіне сәйкес доғарылғанын айтады. «Синоптиктердің хабарлауынша, Новороссийскіде қатты дауыл тұ­рып, желдің жылдамдығы секундына 35 метрге дейін жетті. Бұл «Каспий құбыр консорциумының» (КҚК) те­ңіз терминалының жұмысына әсер етті. КҚК-ның 22 наурыздағы мә­ліметінше, кезектен тыс инспекция­ның қорытындысында 3-шығару айлақтық құрылғысының (ШАҚ) қалқымалы шлангілерінің бірінің күштік каркасы зақымданғаны, яғни тайып, орнынан жылжып кеткені, сондай-ақ ШАҚ-2-нің ішкі жеңінің шлангілеріне зақым келгені анық­талды. Осыған байланысты консор­циум жүйені жуу және жөндеу үшін ШАҚ-тарды пайдалануды уақыт­ша тоқтату туралы шешім қабыл­да­ды», – деп түсіндірді Қазақстанның Энергетика министрлігі.

КҚК қашан қалпына келеді?

КҚК баспасөз қызметінің ақпа­ратынша, теңіз терминалының 2-ші айлақтық құрылғысындағы ақаулар «Транснефть-Сервис» сүңгуірлерінің дауылдан кейінгі тексеруі барысында анықталған. Олар ШАҚ-2 ішкі жеңінің 9-шы және 13-ші шлангілері бүлінгені жөнінде құлағдар етіпті. «Мұндай зақымдар сындарлы болып есептеледі және құрылғыны қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік бер­мейді. Осыған байланысты терминал ШАҚ-2-ні эксплуата­ция­лауды тоқ­тата тұруға мәжбүр», – делінген кон­сорциумның хабарламасында. Мамандар терминалды жөндеу апталарға, тіпті бірер айға созылуы мүмкін деп болжайды. Сарапшылар бір жайтқа назар аудартады: теңіз терминалын эксплуатациялаудың нормативтік құжаттарына сәйкес, КҚК иелігінде шлангілерді тез ауыс­тыру үшін қажетті «апаттық жиын­тық» болуы шарт. Консорциум ол жиынтықтың бар екенін растады. Әйткенмен, толық жөндеу үшін қа­жетті жабдықтарды әкелуге Батыс­тың санкциялары тосқауыл болады. Соның кесірінен таяу уақытта КҚК толық қуатында жұмыс істей ал­майтын көрінеді. «ШАҚ-тың құрауыш бөлшек­терін жеткізу үшін шетелдік серік­тестермен контракт бекіту қазіргі жағдайда айтарлықтай күрделен­ді­рілген. Осыған байланысты кон­сор­циумның басшылығы мұнайды та­сымалдау көлемінің жақын перспек­тивада 4 есеге төмендеуі мүмкін еке­нін хабарлауға мәжбүр», – деп мәлімдеді консорциум. Енді бар үміт консорциумге кіретін шетелдік компанияларда: олар санкцияларды бұзбай, қажетті жабдықтарды жет­кізу жолдарын тапқаны маңызды. Айта кету керек, 2021 жылы Қа­зақстан жалпы көлемі 85,7 миллион тонна мұнай өндірген. Бұл ретте 67,6 млн тонна мұнайды шетелге экс­порттады. Соның 53 миллион тонна­сын немесе 79%-дайын республика КҚК арқылы шетелге жеткізді. Осыдан-ақ Қазақстанның бұл құ­бырға қатты тәуелді екенін байқауға болады. Әйтсе де, Үкімет оптимизмін сақ­тап отыр. Энергетика министрі Б.Ақшолақов КҚК бір айда қалпына келтіріледі деген болжамын айтты. «Каспий құбыр консорциумы 1 жыл немесе бірнеше ай бойы тоқтап тұрады деп ойламаймын. Әл­деқайда жылдам қалпына келтірілуі тиіс. Үш апта, бір ай, бәлкім, одан сәл көбірек уақыт алуы мүмкін. КҚК басшы­лы­ғының мәліметінше, бү­гінде теңіз­дегі құрылғылар тексеріліп жатып, сүңгуірлер қандай ауа райы болса да анықтау жұмысын жалғас­тырады. Алдағы күндері толыққанды жауап болады деп үміттенеміз», – деді ол Atameken Business телеар­насына сұхбатында. Каспий құбыры Ресей энергетика вице-министрі Павел Сорокиннің дерегінше, за­қымдалған ШАҚ-тарды жөндеу кем дегенде 1,5-2 айға созылуы мүмкін. Салдарынан әлемдік нарық тәулігіне шамамен 1 миллион баррель мұнай экспортынан айырылады. Содан болса керек, КҚК-дағы апат туралы ақпарат тарағалы дү­ние­жүзінде мұнай қымбаттады: кеше Brent маркалы мұнайдың 1 барре­лі­нің бағасы рекордтық шамаға – 122 долларға дейін барды.

Бүлінгеннен баламалы жол құтқарады

Жалпы, бұл – КҚК-дағы алғаш­қы апат емес, кейінгі жылдары ол жү­йеде апат-ақаулар саны көбейіп кеткені байқалады. Мәселен, был­тырғы 7 тамызда КҚК-ның Новорос­сийскідегі терминалынан 12 текше метр мұнай сыртқа ағып, Қара те­ңіздің шамамен 200 шаршы метр акваториясын ластаған. Кейін Ресей Ғылым академиясының Ғарыш зерт­теулері институты Қара теңіздің ай­дынындағы мұнай төгілген аудан консорциум мәлімдегеннен 400 мың есе көп болып шыққанын хабарлады. Мұнай қалқымалары Краснодар өлкесіне дейін жеткен. Сонда апатқа ШАҚ-1-дің гид­рокомпенсаторының күйреуі себеп болыпты. Сол жолы да апат салдарын жою кезеңінде шикізат айдау уа­қытша доғарылды. Гидрокомпен­сатор шетелде өндірілетін бірегей жабдық саналады, бірақ ол кезде Ре­сей қазіргідей сан салалы, аса сал­мақты санкция қыспағында қал­ма­ған еді. Соның өзінде КҚК гидро­ком­­пенсаторды тек 1,5 айдан соң, қазанда ғана ауыстыра алды. «Росприроднадзор» басшысы Светлана Радионова КҚК жүйе­сін­дегі апаттарға консорциум қызмет­кер­лерінің өз міндеттеріне салғырт қарайтыны да ықпал еткенін мәлім етті. Соның алдында 2020 жылы кон­сорциум жүйенің үздіксіз жұмысын он жыл бойы қамтамасыз етіп келген нидерландтық-саудиялық Lamnalco-мен келісімін бұзып, оны ресейлік «Транснефть-Сервис» АҚ-ымен ауыс­тырды. Содан соң ақаулар бас­тал­ды, ол туралы ресейлік БАҚ көп жазды. Энергетика саласының ардагері, мұнайшы Александр Самой­лен­ко­ның байламынша, құбырдағы апат­тардың қайталана беруі Қазақ­стан­ның «қара алтын» тасымал­даудың баламалы жолдарын дамытуы қажет екенін аңғартады. Респуб­ли­камыз­дың Каспийде мұнай тасы­мал­дай­тын бірде-бір алып танкері жоқ кө­рінеді. Ал әлемдегі бүкіл мұнай ағы­нының шамамен 60%-ы құбырға емес, танкерлік тасымал­дау­ға тиесілі. Каспийдегі айлақта тан­кер­ге мұнай жеткізу үшін теңізге қа­рай құбыр тарту қажет. Мұның бәрі өте қомақты инвестиция тартуды талап етеді. Энергетика министрі Болат Ақ­шолақовтың пайымдауынша, балама бағыттар бар. Бірақ бас энергетик «Каспий құбыр консорциумы» құ­бырымен жаһандық нарыққа жет­кізіліп келген ондаған миллион тонна мұнайды дәл қазір, лезде басқа бағыттармен толық көлемде жөнелту, яғни қайта бағдарлау мүмкін бол­майтынын мойындады. – Былтыр КҚК арқылы 53-54 миллион тонна мұнай арна тартты. Мұнша көлемді қайта бағыттау өте қиын. Әрине, бізде балама нұсқалар бар. Олар осы барлық көлемді еңсере алмайды. Оны толығымен қайта бөлу үшін уақыт қажет, – деді ми­нистр. Оның түсіндіруінше, Ақтау портынан Самара арқылы өтетін мұнай құбыры бар. Сондай-ақ Қытай бағытында мұнай ағынын арттыру перспективасы сақталуда.

Қазақстан қанша табыстан қағылады?

Мұнай-газ саласының сарап­шы­сы Сергей Смирновтың айтуынша, Қытайға экспортталатын мұнай кө­лемін ауқымды арттыру үшін құбыр­ларды жаңғырту қажет болады, бұл – бірнеше миллиард доллар шығынды талап ететін аса қымбат жоба. Әрі ол салынғанша жылдар өтіп, санкция­лар да алынуы ықтимал. Тағы бір ба­лама – Баку–Жейхан мұнай құ­быры арқылы тасымалдау. «Бұл – оңай шаруа емес: ол үшін бүкіл ло­гистикалық схеманы жолға қою, танкерлерді табу, тиеу, тиісті инфра­құрылымды салу қажет. Оның бәрі уақытты қажет етеді. Әзірге КҚК-ның қайта қалпына келуін күте тұр­ған жөн сияқты», – деді сарапшы. Мұнайды теміржолмен Еуропаға да, Қытайға да, Орталық Азияға да тасуға болады. Бұл үшін цистерналар көп болуы қажет. Сондай-ақ мұ­най­дың елеулі бөлігін өз елімізде өңдеуге бағыттаған дұрыс. Әйтпесе, 2021 жылы өндірілген 85,7 млн тонна мұнайдың тек 17,02 млн тоннасын ғана отандық МӨЗ-дер өңдеді (бұл 2020 жылғыдан 7,7% көп). Егер өң­деу көлемі артса, елімізде бензин мен дизель арзандап, бұқара мен биз­нес­тің әл-ауқатын арттыруға түрткі болар еді. Мұнай-сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов «Қашағанда» биылғы 1 маусымда 1,5-2 айға созылатын күр­делі жөндеу жоспарланғанына назар аудартты. Оның ойынша, NCOC (North Caspian Operating Company) маусымды күтпей, күрделі жөндеуді қазірден бастап кетсе, жақсы болар еді. Себебі Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарының бәрі КҚК-ға қарап отыр. Н.Жұмағұловтың есептеуінше, КҚК жөнделгенше, Қазақстанның бюджеті және Ұлттық қор салықтар және түсімдер түрінде ай сайын жалпы сомасы 250-300 миллиард теңгедей табыстан қағылады. Қалай болғанда, тұтас сектордың, сонымен бірге ел экономикасының бір құбырға қарап қалғаны – жақсы дүние емес. Бұл 90-жылдардағыдай, көрші тарапынан «шантаж, қысым көрсету құралына» айналып кетуі де мүмкін. Сондықтан Үкіметтің КҚК жүйесінің қалпына келуін күтіп отыр­май, баламалы жолдарға инвес­тиция салуға қазірден кіріскені аб­зал. Оның үстіне, Украинадағы соғыс ұзаса, Ресей әскерінің шабуылы үде­се, Еуропа Ресейге қарсы энер­ге­тика саласында санкция енгізбек. Мұндай жағдайда санкция салқыны Ресей жерімен өтетін құбырға да тиеді.