Алтын неге азайды?
Алтын неге азайды?
680
оқылды
Қазақстанда алтын қоры азайып, валюта көбейді. Былтыр қордағы алтын көлемі 392,7 тоннаны құраса, биыл 385-ке түскен. Ұлттық валюта бағамының тұрақ­сыздығы алтын қо­ры­мызға қалай әсер етті? Стра­те­гиялық ак­тив саналатын сары металл сарқылып жатқан жоқ па? Алтын қоры бойынша көшбасшы орынды АҚШ – 8,1 мың тонна, Германия – 3,3 мың тонна және Италия 2,4 мың тонна алады. Ал Қазақстан алтын қоры бойынша Түркия мен Пор­тугалияның ор­тасында, 13-орында тұр. Дүниежүзілік алтын кеңе­­сінің (World Gold Council) ақпаратына сәйкес, наурыз айы­ның басында қымбат металл көлемі 385 тоннаны құрады, ал жыл басында ол 407 тонна болған. Екі айда осындай өзгеріске ұшырап отыр. Былтыр да Қазақстанның алтын қоры 3,1 пайызға азайған. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 392,7 тон­наны құрады. Ол кезде алтынның азаюына мемлекеттік қа­рызды төлеу мен валюталық ин­тервенция себеп болды. Яғни, бұл жолғы қордағы қазынаның кемуіне тағы да интервенция себеп болған жоқ па? Еліміз ресми түрде ұлттық ва­люта бағамын еркіне жіберген. Бі­рақ шұғыл жағдайлар кезінде теңге бағамын реттеуге араласып, валю­талық интервенциялар жасалып отырады. Әсіресе, көршілес Ресей­дің араласуымен өрістеген геосаяси оқиғалардың әсері бұған дейін 2014 жылғы Қырым аннексиясы кезінде де байқалған. 2014-2015 жылдары Ұлттық банк теңгені қолдау үшін 28 млрд доллар жұмсаған. 2015 жылы болған соңғы девальвацияны билік еркін курсқа өтетін «жаңа ақша-несиелік саясат» ретінде түсіндірді. Сол кезде Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан ең көп зардап шеккен ел ретінде аталды. Ұлттық банк 2014 жылы теңге бағамын 10 ай бойы зорлықпен ұс­тап тұрып, сыртқы жағдай өз­гер­геніне, қуат көздерінің бағасы тө­мен болып тұрғанына қарамас­тан, валюталық резервтің жарты­сын жұмсап жіберген. Сол тұста ал­тын­ды санамағанда, валюта ре­зервінің көлемі бойынша біз 2000 жылдар­дың басындағы күйімізге қайта түсіп қалғанымыз бар. Ұлт­тық банк валюта нарығындағы тұ­рақты­лықты сақтау мақсатында биыл да интервенциялар жүргізді. 21-28 ақпан аралығында олар 274 мил­лион долларды, 1-5 наурыз аралы­ғында – 120 миллион дол­лар­ды, 9 наурызда 198,9 миллион долларды құрады. Теңгеге дем беру арқылы мемлекеттің эконо­мика­лық тәуел­сіздігін сақтап қалуға мүмкіндік беретін алтын қорды азайтып алған жоқпыз ба? Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев ойы­мызды қуаттап, валюталық дағдарыс туғанда мемлекет валюта сатып алу үшін алтын сатты деген пікірде. «Елімізде халық жаппай доллар іздеп кетпес үшін алтынды сатып, оған валюта сатып алды. Өйткені алтын қоры елдің экономикасына, валюта нарығына қарағанда, ты­ныштық сыйлайды. Бізде де алтын қоры сарқылса, айтарлықтай зия­­ны тимейді. «Елде алтын қоры азай­­ды» дегеннің өзі жаңалық. Се­бебі мұны естіген жұрт дүрлігіп, жаппай алтын сатып ала бастайды. Нәти­жесі құны қымбаттап шыға келе­ді», – дейді сарапшы А.Бейсембаев. Иә, ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы алтын қорымызға әсер етуі мүмкін. Бас қатырар мә­селе рубльдің девальвациясы жал­ғаса ма? Себебі қазір Ресей инвес­торларын жоғалтып алмауы үшін, елдегі банктерді қолдау үшін, тағы басқа толып жатқан шығындардың орнын жабу үшін өзінің алтын-валюта қорын азайтып алып отыр. Алтын-валюта қоры азайған елдің ұлттық валютасының да құны түсе береді. Бұған қоса Ресейдің мем­лекеттік облигациялар нарығына салынатын инвестиция көлемі де тым орталанып кетті. Мұның бар­лығы рубльдің құнын түсірмесе, өсірмейді. Әрине, Ресей уақытша ұстап тұра алар, бірақ ол көпке со­зылмайды. Сондықтан бұл арада рубль девальвациясы әлі жалғасын табатынын аңғарамыз. Өйткені қазір Ресейдің мем­лекеттік облигациялар жүйесі де халықаралық рейтингте теріс ба­ғаланып отыр. Аталмыш елдің бұл нарығы 20 пайыздық межеге дейін өз құнын түсіріп алды. Ресей обли­гациялар нарығындағы ахуалдың кері құбылуынан енді өзінің ин­весторларын одан әрі жоғалтып алмас үшін алтын-валюта қорын­дағы қаржысын да қол сала бас­тайды. Ал бұл әрекет елде алтын-ва­люта қорының азаюына жол бе­реді де, одан әрі қор азайғаннан кейін Ресей рубльдің бағамын тежеп ұстап тұра алмайды. Сон­дық­тан болашақта жағдай бұлай қа­лыптасар болса, рубльдің құн­сыз­дануы жалғаса береді. Ал мұ­ның арты теңгенің қатты деваль­вацияға ұшырауына апарып соқ­тырады. Экономикасы Ресеймен байланған мемлекет ретінде бізге де әсерін тигізбей қоймайды. Эко­номикасы, сауда әріптестік қаты­насы Ресей­мен тығыз қарым-қа­тынастағы ел ретінде бізге еріксіз теңгені құн­сыздандыруға тура келеді. алтын қоры Билік геосаяси жағдайларға байланысты теңге бағамын тұрақ­тандыру үшін интервенция жүр­гізуге мәжбүр, бұл сөзсіз алтын-ва­люта резервтеріне әсер етеді. Елі­міздің алтын резерві көңіл көн­шіт­кенмен, қолжетімділік жа­ғынан қа­­уіп те жоқ емес. Себебі 27 ақпан­нан бастап Ресей Орталық бан­кінің алтын-валюта қорындағы 600 мил­лиард доллары бұғатталып, иек арт­­қан қорға қол жеткізе ал­май қал­­ған жоқ па? Бұл ойымызды эко­но­мист Ерлан Ибрагим да қуат­тап отыр. «Қазақстан өз резервтерінің бір бөлігін шетелде сақтайды деген болжам бар. 2010 жылдардың орта­сында алтынның жартысына жуы­ғы шетелде болды. Бірақ Қазақстан өзінің алтынын қай елде сақтай­тыны бүгінге дейін құпия. Бұл – таңғаларлық жағдай. Себебі елдің алтын қорының жартысы қай елде сақталатыны туралы ақпарат ашық жариялануы тиіс. Қордағы алтын Ресей Федерациясында да болуы мүмкін екенін жоққа шығар­май­мын. Бірақ бұл – болжам. Мем­ле­кеттің байлығы мен қазынасы ту­ралы деректер басы ашық болуы керек», – дейді ол. Алтын инвестиция және тұ­тыну өнімі ретінде екі есе пайда әкеледі. Мәселен, алтын қазіргідей дағдарысты, алмағайып кезде өте өтімді актив. Тіпті, сырттан алған қарызды осы алтынмен жабуға бо­лады. Ұлттық банк 2021 жылдың бірінші тоқсанында 8 тонна алтын сатып алды. Былтыр сәуірдің ба­сында Қазақстан қорында 395,8 тон­на алтын болды. Бұл ретте соң­ғы 10 жылда Ұлттық банк 320,5 тон­на таза алтын сатып алған. Осы­лайша, уақытылы іс-қимыл жа­сау және алтын портфелінің ар­қа­сында Қазақстандағы АВР кө­лемі дағда­рыс кезеңінде сақталып қана қой­май, айтарлықтай артқан. Былтыр елдің резервіндегі алтын­ның үлесі 66,5 пайызға жетті, ал бес жыл бұ­рын ол тек 32,3 пайыз болған. Ал алтын өндірісіне тоқталсақ, бір жылда 13 пайызға, ал құра­мын­да алтын бар кен өндірісі 26 па­йызға ұлғайды. Былтыр қаңтар-нау­рыз айларында елімізде құра­мында алтын бар кен өндірісі 7,1 млн тоннаға жетті. Бұл бір жыл бұ­рынғымен салыстырғанда 26,4 пайызға көп. Кен өндірісінің 79,3 пайызы Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Өз кезегінде құрамында ал­тын бар концентраттардың өнді­рісі 124,8 мың тоннаға дейін өсіп, жылдық өсім 25,9 пайызды құрады. Жалпы, шығарылған өнімнің бар­лығы ШҚО және Қарағанды облысының үлесінде. Өңделмеген және жартылай өңделген алтын немесе ұнтақ тү­ріндегі алтын өндірісі 29,2 тоннаны құрап, сәйкесінше бір жыл бұрын­ғы көрсеткішке қарағанда 13,3 па­­­йызға өсті. Сонымен қатар тазар­тыл­ған алтын өндірісі 17,6 тоннаға, Доре қорытпасындағы алтын – 8,3 тоннаға, катодты алтын – 127 ке­ліге, ұнтақ түріндегі алтын өндірісі 12 келіге жетті. Өңірлер бөлінісінде өндірістің төрттен үш бөлігін елор­да қамтып отыр: 9,2 тонна, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 22,3 пайыз көп. Аталған үштікке ШҚО мен Ақмола облысы да кіреді. Қорытындысында, қордағы ал­­тынның азаюына теңселген тең­ге әсер етсе, рубльге байланған ұлт­тық валюта тұрақталмайынша, қор­дағы алтынның да аза берер түрі бар. Қазір әлемдік дағдарыстан шығудың мәні доллардан гөрі жаңа қаржы құралдарына көшу сияқты.