Қазақстанда алтын қоры азайып, валюта көбейді. Былтыр қордағы алтын көлемі 392,7 тоннаны құраса, биыл 385-ке түскен. Ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы алтын қорымызға қалай әсер етті? Стратегиялық актив саналатын сары металл сарқылып жатқан жоқ па?
Алтын қоры бойынша көшбасшы орынды АҚШ – 8,1 мың тонна, Германия – 3,3 мың тонна және Италия 2,4 мың тонна алады. Ал Қазақстан алтын қоры бойынша Түркия мен Португалияның ортасында, 13-орында тұр. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) ақпаратына сәйкес, наурыз айының басында қымбат металл көлемі 385 тоннаны құрады, ал жыл басында ол 407 тонна болған. Екі айда осындай өзгеріске ұшырап отыр. Былтыр да Қазақстанның алтын қоры 3,1 пайызға азайған. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 392,7 тоннаны құрады. Ол кезде алтынның азаюына мемлекеттік қарызды төлеу мен валюталық интервенция себеп болды. Яғни, бұл жолғы қордағы қазынаның кемуіне тағы да интервенция себеп болған жоқ па?
Еліміз ресми түрде ұлттық валюта бағамын еркіне жіберген. Бірақ шұғыл жағдайлар кезінде теңге бағамын реттеуге араласып, валюталық интервенциялар жасалып отырады. Әсіресе, көршілес Ресейдің араласуымен өрістеген геосаяси оқиғалардың әсері бұған дейін 2014 жылғы Қырым аннексиясы кезінде де байқалған. 2014-2015 жылдары Ұлттық банк теңгені қолдау үшін 28 млрд доллар жұмсаған. 2015 жылы болған соңғы девальвацияны билік еркін курсқа өтетін «жаңа ақша-несиелік саясат» ретінде түсіндірді. Сол кезде Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан ең көп зардап шеккен ел ретінде аталды.
Ұлттық банк 2014 жылы теңге бағамын 10 ай бойы зорлықпен ұстап тұрып, сыртқы жағдай өзгергеніне, қуат көздерінің бағасы төмен болып тұрғанына қарамастан, валюталық резервтің жартысын жұмсап жіберген. Сол тұста алтынды санамағанда, валюта резервінің көлемі бойынша біз 2000 жылдардың басындағы күйімізге қайта түсіп қалғанымыз бар. Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында биыл да интервенциялар жүргізді. 21-28 ақпан аралығында олар 274 миллион долларды, 1-5 наурыз аралығында – 120 миллион долларды, 9 наурызда 198,9 миллион долларды құрады. Теңгеге дем беру арқылы мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігін сақтап қалуға мүмкіндік беретін алтын қорды азайтып алған жоқпыз ба? Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев ойымызды қуаттап, валюталық дағдарыс туғанда мемлекет валюта сатып алу үшін алтын сатты деген пікірде.
«Елімізде халық жаппай доллар іздеп кетпес үшін алтынды сатып, оған валюта сатып алды. Өйткені алтын қоры елдің экономикасына, валюта нарығына қарағанда, тыныштық сыйлайды. Бізде де алтын қоры сарқылса, айтарлықтай зияны тимейді. «Елде алтын қоры азайды» дегеннің өзі жаңалық. Себебі мұны естіген жұрт дүрлігіп, жаппай алтын сатып ала бастайды. Нәтижесі құны қымбаттап шыға келеді», – дейді сарапшы А.Бейсембаев.
Иә, ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы алтын қорымызға әсер етуі мүмкін. Бас қатырар мәселе рубльдің девальвациясы жалғаса ма? Себебі қазір Ресей инвесторларын жоғалтып алмауы үшін, елдегі банктерді қолдау үшін, тағы басқа толып жатқан шығындардың орнын жабу үшін өзінің алтын-валюта қорын азайтып алып отыр. Алтын-валюта қоры азайған елдің ұлттық валютасының да құны түсе береді. Бұған қоса Ресейдің мемлекеттік облигациялар нарығына салынатын инвестиция көлемі де тым орталанып кетті. Мұның барлығы рубльдің құнын түсірмесе, өсірмейді. Әрине, Ресей уақытша ұстап тұра алар, бірақ ол көпке созылмайды. Сондықтан бұл арада рубль девальвациясы әлі жалғасын табатынын аңғарамыз.
Өйткені қазір Ресейдің мемлекеттік облигациялар жүйесі де халықаралық рейтингте теріс бағаланып отыр. Аталмыш елдің бұл нарығы 20 пайыздық межеге дейін өз құнын түсіріп алды. Ресей облигациялар нарығындағы ахуалдың кері құбылуынан енді өзінің инвесторларын одан әрі жоғалтып алмас үшін алтын-валюта қорындағы қаржысын да қол сала бастайды. Ал бұл әрекет елде алтын-валюта қорының азаюына жол береді де, одан әрі қор азайғаннан кейін Ресей рубльдің бағамын тежеп ұстап тұра алмайды. Сондықтан болашақта жағдай бұлай қалыптасар болса, рубльдің құнсыздануы жалғаса береді. Ал мұның арты теңгенің қатты девальвацияға ұшырауына апарып соқтырады. Экономикасы Ресеймен байланған мемлекет ретінде бізге де әсерін тигізбей қоймайды. Экономикасы, сауда әріптестік қатынасы Ресеймен тығыз қарым-қатынастағы ел ретінде бізге еріксіз теңгені құнсыздандыруға тура келеді.