Президенттен араша сұрайды
Иә, елордадан келген басшы үшінші мегаполиске елімізге танымал эстрада, классика жұлдыздарын басшылық қызметтерге шақыра бастады. Ол кезде де елде гу-гу әңгіме тарап, саладағы бұл жаңалыққа тосырқай қарап, көңілі толмағандар да, құптағандар да болды. Өкінішке қарай, соңы танымал әншілер абыройсыз бола жаздап, жұмысын тастап та кетті. Бұл жағдайдың бәрі барша қазақстандықтардың көз алдында өтіп жатыр. Осынау қат-қабат әңгімелердің қатарында Ханзада ханым басшылыққа келгелі басқарманың талай жылғы еңбек өтілі бар белді қызметкерлерінен бастап театрда, циркте, салт-дәстүр орталығында, әмбебап кітапханада, мұражайда, жалпы мәдениет саласына қарасты 13 мекеме директорының қызметінен алынғаны көпшілікті бейжай қалдырмады. Ал қалғандарының өзі «қысыммен, жұмыстан шығарып жібере ме» деген қауіппен жұмыс істеуге мәжбүр болған. Басқарма қызметкерлерінің 90 пайызы ауысып, соңғы бір жылда ұйымдастыру бөлімінің басшысы 3 рет өзгерген. Жұмысынан айырылған талай мекеме басшысы сотқа жүгінуге тура келген. Нәтижесінде, біршама уақыт жұмыссыз қалған әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова сотта жеңіске жетіп, өз орнына қайта отырды. Ханзада Есенованың кітапхана басшысын жұмыстан босату туралы бұйрығы заңсыз болды. «Басшылықтың қысымынан кейін мен ауруханаға түстім. Жұма күні ауруханаға түссем, дүйсенбіде жұмыстан босатылғанымды білдім. Сотқа талап-арыз тастап, 3 ай бойы шындықты дәлелдедім, жеңіп шықтым»,– дейді әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова. Дәл осындай жағдай балалар кітапханасының директоры Жанар Сауғамбаеваның басынан өтті. Кітапхана директоры соттың шешімімен өз орнына қайта келді. Президентке хат жолдаушылар бұдан бөлек, өткен жылдың тамыз айында «Шымқала» этноауылынан өрт шыққанын, ондағы бағалы киіз үйдің өртенгенін тілге тиек еткен. Шағымданушылар онда барлық этноауылдың жалын шарпымай жалғыз киіз үйдің өртке оранғанына күмәнмен қарайды. Сол үшін онда заңды түрде арнайы тиянақты тексеру жүргізілуін сұрайды. Мәдениет саласының мамандары жаңғыртуларға бірнеше еселеп қаржы кеткеніне ашынады. Орыс драма театрының заңгері Қайрат Бектасов бұл жаңғырту емес, күрделі жөндеу жүргізудің амалы дегенді айтады. «Заң бойынша күрделі жөндеу 20 жылдан соң жүргізілуі тиіс. Жаңғыртуға 6 айда 1 млрд 377 миллион теңге жұмсалған. Басшылық кітапхананы жаңғырту деп айтқанымен, тексеру комиссиясы «күрделі жөндеу жүргізілді» деген қорытынды жасаған», – дейді заңгер. Сонымен қатар басқарма басшысы барлық мәдениет саласындағы мекемелерге бірнеше есе қаржы табуды мәжбүрлеп, жоспар бекіткен. Олар бұл туралы Президент Қ.Тоқаевқа жазған хатында атап өткен. «Яғни, театрлар, кітапханалар ақылы қызметтер арқылы мекеменің жалпы қаржыландыруының 30 пайызын құрайтын соманы жинауға міндетті. Мұны жүзеге асыру мүмкін емес», – дейді мәдениеттегілер. Былтыр міндеттеген қаржының толық болмаса да жарым-жартылай әупіріммен тапқанын, енді биыл жоспарды одан да бірнеше есе көбейтіп қойғанына ашынады. Хат Бас прокурор мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне де жолданған. Олар құқық қорғау органдарының әрбір фактіні мұқият тексеруін сұрайды.Еуропаша ойлау деген – ұлттық мәселені ысырып қою
Мәдениет саласының ардагерлері мен белсенді мүшелерінен құралған 12 адам қол қойып, шағым түсірген хатта осынау Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Әзімханқызының заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойып, заңсыздықтарына арнайы тексеру жіберуін сұрайды. Шымкент қаласындағы «Оңтүстік цирктің» тізгінін 6 жылдан бері ұстап отырған, талай тамаша қойылымдардың шығуына ұйытқы болған басшы Арман Әлиевтің де орнынан кетуі шымкенттіктерді бейжай қалдырмады. Арман Әлиев қызметтен өз еркімен кеткенін айтады. Әрине, күйіп кеткендіктен, бүгінгі саладағы түсініспеушіліктер, орынсыз талаптар, басшылықтың сөзге құлақ аспауы – өнер жанашырын мезі еткен. «6 жылда 6 әкім, 7 басқарма басшысы ауысты. Әрқайсысына түсіндіре беріп шаршадым. Жаңа басшы жаңа формат алып келгісі келеді. Өздері Азияда тұрады, қазақтың нанын жеп, суын ішеді, бірақ еуропаша ойлап, Еуропаны енгізбек. Әрине, ол үшін жағдай жасау керек. Еуропаша ойлау деген ұлттық мәселені ысырып қою деп түсінемін, оны қабылдай алмайды екенмін. Креатив дейді. Аңдарсыз цирк дегенді шығарды, шоу дейді. Осы мәселе көтерілгенде көнбей кетіп қалғанмын. Олай жасау мүмкін емес. Қоғам оны қабылдамайды. Қоғам оған дайын емес, ол кезде ешқандай көрермен келмейді. Жалпы, Шымкенттің мәдениетінде олқы тұстар көп, тек құлдырау, артқа кету болып жатыр», – дейді Арман Әлиев бізбен әңгімесінде. Әрине, мекеме басшылары жұмыстан кетуге өз еріктерімен өтініш жазады. Дегенмен соған жеткізетін тәсілдер де бар екені шындық. Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар... Шымкентте биыл Наурыз дүркіреп өтті. Былтырғы суға кеткен 565 миллион теңгенің ұяты жібермеді ме, ауа райының жаңбырлы, қарлы болғанына қарамастан, Наурыз тойы бірнеше күнге созылды. Биыл оған 134 миллион теңге шығын кетіпті. Былтыр карантин кезінде онлайн өткен наурызға 217 миллион теңге жұмсағанын айтады басқармадағылар. Қалай болғанда да былтыр мен биылғы іс-шараны салыстыруға келмейді.Шымкент қаласы