Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығайдың құрметіне орнатылған мемориалды тақта салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты жиынға танымал өнер қайраткерлері, оның ішінде, жазушылар мен әртістер қатысты. Сонымен қатар Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысып сөз сөйледі.
«Бұл тарихи маңызды шешім – бүгін аса көрнекті театр ұйымдастырушысына және сыншысына, қазақ өнерінің шынайы жанкүйеріне ескерткіш тақта орнатылады. Әшірбек ағаның шығармашылық өмірі біздің сүйікті қаламызбен тығыз байланысты. Оның есімі, мұрасы халқымыздың жадында, шәкірттерінің есінде мәңгі қалады», – деп атап өтті Арман Қырықбаев.
Театр сыншысын еске алуға Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Ұлықбек Есдәулет, Темірхан Медетбек, Нұрлан Оразалин, Есмұхан Обаев, Смағұл Елубай, Қали Сәрсенбай, Хафиз Есімов, Бақыт Бөкебай, Еркін Жуасбек, Талғат Есеналиев сынды танымал тұлғалар қатысып көзі тірісінде-ақ «Театрдың Толыбай сыншысы» атанған Әшірбек Сығай жайлы естеліктер айтты.
Мемориалдық тақта белгілі театр сыншысының өзі 1980-1999 жылдар аралығында 20 жылға жуық ғұмыр кешкен Жібек жолы көшесіндегі үйдің қабырғасына орнатылды.
Еске сала кетейік Әшірбек Сығай Қазақстанның сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол қазақ театртану ғылымының негізін салушылардың бірі. Оның «Іңкәр шақ» (1978), «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағылымы» (2003), «Ән-тағдыр», «Таңғажайып театр» тағы басқа шығармалары жарық көрген.