Қаламдастар қалжыңы
Қаламдастар қалжыңы
382
оқылды

Мақан Жұмағұлов

Мақан Жұмағұлов – шығар­маларын орыс тілінде жазатын қазақтың белгілі прозайгі, оның «Орлы гибнут в вышине» деген романы өткен ғасырдың 70-жылдары қазақ әдебиетіндегі елеулі оқиғалардың бірі боп қабылданды. Роман азамат соғысының батыры Амангелді Имановтың өміріне арналған. Мақаң романға кіріспес бұрын ел аралап, Амангелдінің туған, өскен, өлген жерін өз көзімен көріп, кәриялармен  сөйлесіп, жаңа фактылар болса қағазға түсіріп алу үшін Торғай облысына сапар шегеді. Жазушының мұндай ойын құп көрген аудан басшылары оған барлық совхоздарға телефон соғып, өзіне қайтқан кезге дейін тұрақты көлік бекітіп қоюын тапсырады. Сонымен, Мақаң ел аралап кетеді. Өзіне бекіткен машинаның айдаушысының аты да Амангелді екен. Колхоз-совхоздарды аралап жүргенде шофер бала келесі баратын жері өзінің туған ауылы екенін, түскі тамақты өз үйіне барып ішетіндерін айтады. Мақаң бұл ұсынысты да қуана қарсы алады. Амагелді ауданының бір-екі ауылын аралап, ондағы кәриялар­мен сөйлесіп болған соң жүргізуші жігіт құрметті қонақты өз үйіне алып келеді. Алматыдан келген жазушыны Амангелдінің үй-іші зор құрметпен қарсы алып, тірі жазушыны көру үшін көрші-қолаңдар да жиналып қалады. Шай ішіле бергенде шоқша сақа­лы бар, ұзын бойлы бір кісі келіп, Мақаңмен құрақ ұша амандасып, жанамалай төселген көрпешеге жайғасады. Біраз әңгімелескен соң Мақаң келген кісінің кім екенін сұрапты. Сонда қасында отырған көрші-өолаңның біреуі: – Бұл кісі осы үйдің иесі, Амангелдінің әкесі, – депті. Сол кезде Мақаң «не дейді!» деп орнынан ұшып тұрып, жайбарақат отырған үй иесіне бас салып құшақтап: – О-о, қасиетіңнен айналайын ата! Сізді аман көргеніме шексіз қуаныштымын. Амангелдінің әкесін тірі көремін деген үш ұйықтасам түсіме кірмес еді! – деп оның тершіген бетінен сүйе беріпті. Мақаңның бұл қылығына түсінбей аңырап қалған әлгі кісі: – Бұл кісі сіз роман жазамын деп ізденіп жүрген үлкен Амангел­дінің әкесі емес, сізді екі күннен бері алып жүрген шопыр Аман­гелдінің әкесі, - депті. Сонда ғана Мақаңның ойына Амангелдінің жасы мен әкесінің жасы енді түскендей, аңырап тұрып қапты.

* * *

Күн шыжып тұр. Бар-жоғы екі аялдама ғой деп троллейбусқа отыра салдым. Троллейбус ішінде толы адам. Қапырық. Бір аялдамадан кейін түсетін болған соң алысқа ұзамай есік алдында тұра бердім. – Дула-ат! – деп айқайлаған дауыс жаққа қарасам, кондуктор отыратын жерде Мақаң отыр. Мақан Жұмағұлов! Айғайлаған сол екен. Ығы-жығы адамдардың иықтары арқылы екеуміз айғай­ласып амандасып жатырмыз. – Мақа, көрінбей кеттіңіз ғой, аман-есенсіз бе? – Мен ауруханадан жақында шықтым, - деді ол дауыстап салон ішіндегі шуды жеңуге тырысып, барынша дауыстап сөйлеп. Ол кісінің құлағы ауырлау екенін білетіндіктен менің де айғайлап сөйлеуіме тура келді. – Сырқаттанып қалдыңыз ба? – Иә! Өтімді алдыртып тастадым. – Немене? – Өтімді алдыртып тастадым, өтімді! Мына сіөздер гу-гу боп тұрған жұртқа әр түрлі естіліп жатқан болса керек, ығы-жығы тұрған жолаушылардың біразы күле бастады. – Жалпы, адамға өттің керегі жоқ екен, – деп тағы айғайлай сөйледі Мақаң. – Өтімді алдыр­ғалы бері ештеңе өзгерген жоқ, бәрі баяғыша. Мұны білсем, мен оны жас кезімде-ақ алдырып тастар едім. Өстіп айғайласып тұрған кезде троллейбус мен түсетін аялдамаға кеп тоқтады. – Ал Мақа, түсетін кезім боп қалды. Аман сау болыңыз. – Иә, өзің де аман бол! Айтпақшы, сен де өтіңді алдыртып таста! – деп айтып үлгерді ол мен түсіп кеткенше. Есік жабылып жатқанда са­лон­дағы жолаушылардың ду күлгенін естіп қалдым.

* * *

Мақан Жұмағұловтың ВААП-та жұмыс істейтін кезі (Всесоюзное агентство авторских прав). Менің шығармаларымды шетел баспа­ларына ұсыну үшін бес тілде бук­лет дайындалып жатқандықтан, өмірбаяным мен шығармалардағы кейбір сәттерді тағы бір анықтау үшін Мақаң менің ВААП-қа тез келіп кетуімді сұрады. Айтқан уақытымда жеттім. Буклетті тағы бір қарап, өзгертетін тұстарын өзгертіп біткенімізде түскі үзіліс уақыты да болып қалды. – Ерінбесең мені үйге жеткізіп сал. Қыс ауасы, жол тайғақ, таяқ­пен жүруім қиын, - деген соң оның үйіне апарып салуға келіс­тім. Мақаңның үйіне қарай келе жатырмыз. Жол көк тайғақ. Әрең жүріп келем. Бір кезде Мақаң: – Дулат, тоқташы! – деп кенет айғайлап жібергені. – Не боп қалды Мақа, - дедім тайғақ жолда машинамды әрең дегенде тоқтатып. – Гастрономның жанында жұмыртқа сатып жатр екен. Содан ала кетейін! Ол кезде шай, май, жұмыртқа дегендерің дүкенге сирек түсетін тапшылық кезең еді. Мақаңның таяғақта таяқпен жүре алмай­тынын біліп, мен де машинадан түсіп, жұмыртқа сатып жатқан будканың қасына келдік. Мақаң жиырма жұмыртқаның ақшасын төледі. Төлеуін төлегенмен оны салатын ыдыс жоқ. Мақаң көп ойланып тұрмай басындағы шляпасын шешіп алып жұмырт­қаларды соған салып еді, жеті-сегізі сыймай қалды. – Қап, енді мыналарды қайда салсам екен? – деп ол біраз қиналып тұрды да, қиындықтан шығудың жаңа жолын тапқандай менің басымдағы шляпама қара­ды. Жұмыртқа салуға кім шляпа­сын береді? Мен ештеңе байқа­маған адамдай мелшиіп тұра бер­дім. Мақаң қалған жұмырт­қаларды пальтосының, костюмі­нің қалталарына салып, оларды оқыс қимылдап жарып алмау үшін, енді-енді қаз-қаз басқан бала сияқты ақырын жүріп келеді. Ақырын жүріп келіп артқы салонға жайғасты. Қолымдағы жұмыртқа толы шляпасын өзіне ұстаттым. Қазіргі Абылай хан көшесімен төмен түсіп келе жатыр едік, Мақаң кенеттен: – Дулат, оңға бұр! Үйге кеп қалдық! – деді. Табан астында оңға бұру қиын боп қалды да, машина тайғанақтап барып үрінді қарға тұмсығымен кірді де кетті. Мақаңның қолындағы жұмыртқа толы шляпасы алдыңғы орындықтың арқалығына соғылып, барлық жұмыртқа жарылды да қалды. Үйіне келдік. Қоңырауды бастық. Іштен жеңгеміз шығып, шляпасын қолына ұстап тұрған Мақаң үрейлене қарады. – Бұл не? – деді ол шляпаға үңіліп. – Сұйық жұмыртқа. Тез ал! Қалталарымда тағы бар.

* * *

Неге байланысты екені есімде жоқ, Жазушылар одағында үлкен бір жиналыс өтіп жатты. Үзілістің кезінде Мақаң Жұмағұлов екеуміз терезенің алдына кеп темекі шегіп тұр едік, бір орыс келіп: – Ой, Макан Жумагулович! Здравствуйте! Как я рада, что, увидела вас живым и здоровым! Как дома, какие новости! Мақаң болса оны танымаған адамдай селқос қана жауап беріп тұр. – Макан Жумагулович, вы что, не узнаете меня? – деп ол сыңқылдай күлді. – Да, узнаю, но не совсем четко! – деді Мақаң оның жүзіне барлай қарап. – Как же так, Макан Жума­гулов­ич! Мы же с вами пять лет в одном кабинете сидели! Өстіп тұрғанда басқа бір адам­дар келіп, әлгі әйелмен құшақ­тасып амандасты да, бізден алысыраққа барып тұрды. – Жаңағы әйел сізбен бес жыл бойы бір кабинетте отырдық дейді. Сіз оны шынымен танымай қалдыңыз ба? – Иә, жөнді танымай қалдым. Өйткені ол маған бетпе-бет емес, ылғи да қырынан қарап отыратын.

Қалмұқан Исабаев

«Ертіс-Қарағанды» каналы жайлы роман жазбақ болып, сол каналдың бойын жаяу аралап «Қара жаяу Қалмұқан» атанған Қалағаң, қажетті материалдарын жинап болған соң романын жазып бітіріп, «Жазушы» баспасына әкеп тапсырады. Көлемді қол жазбаны редакцияға талқылауға салар алдында Қалағаң: – Қазақ романдарының жар­тысы су. Менің романым су тура­лы. Осы естеріңде болсын, - депті.

* * *

СССР Жазушылар одағының жанынан құралған қазақ әдебиеті жөніндегі секциясының кеңей­тілген мәжілісі өтіп жатқан кез. Онда қазақ әдебиетінің бүгінгі жетістіктері мен орын алып отырған кейбір кемшіліктері де айтылып, қазақ жазушылары соңғы кезде сападан гөрі сан қуып бара жатқан тенденциясы сынға көбірек ұшырады. Негізгі сөзді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сүлейменов айтып, қазіргі қазақ прозасында поэзиядан гөрі сан қуушылық басым екенін, прозашыларымыз өндірістік тақырыпты қалқан етіп, көркемдік сапаны төмендетіп алғанына көбірек тоқталды. Олжастың бұл сөзіне шам­даның­қырап отырған Қалағаң, ол сөзін аяқтай бергенде оның қасына жетіп барып қатарласып тұра қалды да: – Міне, Олжас – сан, мен – сапа, – дегенде Олжастың иығы­нан ғана келіп тұрған Қалағаңа қарап отырған жазушылар күліп жіберген еді.

Мырзабек Тойбаев

(қырғыз драматургы)

Қырғыз драматургы Мырзабек Тойбаев пьесалары одақтас республикаларда, соның ішінде Қазақстанда да қойылып жүрген белгілі драматург. Өткен ғасырдың 80-жылдары жыл сайын от­басымызбен Ыстық көлге барып демалатын едік. Ол жалпы жұрт демалатын жағадан аулақтау, суы мөп-мөлдір, түбіне түскен түйме ап-анық көрініп тұратын бір бұрылыстан екі үйге екі котедж алып қоятын. Демалыс кезінде, әрине, әдебиет жайлы, драма­тургия мен театр жайлы әңгіме қозғаймыз. Өзі менен бес жастай үлкен болса да «байке, байке» деп құрдасындай сөйлеседі. Бір күні ол ойда жоқта: «Кім­нің тілі бай, қазақтың ба, қырғыз­дың ба?» деп төтенше сұрақ қойғаны. Әрине, мұндай сұраққа ешкім дәл жауап бере алмайды. Сонан соң ол: – Онда біз бір сөзді алайық та, соның синонимдерін тізейік. Кімнің синонимі көп болса, сол тілді бай деп есептейік, - деді күліп. – «Ақымақ» деген сөзден бас­тайық. Кімнің синонимі көп бол­са, сол жеңген болсын. Екеуміз жаза бастадық. «Ақы­мақ» деген сөздің синонимі көп-ақ екен, мен 21 балама сөз жазып тоқтадым. Қандай сөздерді тізе бергенін білмеймін, Мырзабектің тізген ба­ла­масы 22 болып, менен бір сөзге асып түсті. – Айттым ғой, байке! Қазақ­тың сөзіне қарағанда бір сөз артық боп шықты! – Демек, қазақтан гөрі қыр­ғызда бір ақымақ көптеу болғаны ғой! Мырзабек қарқылдап күліп жіберді.

Степан Дадаскинов

1985 жылдың жазында Якутия-Саха елінде Қазақ әдебиетінің апталығы өтіп жатты. Қазақ жазушыларын Саха жұртшылығы зор құрметпен қарсы алды. Қазақ қаламгерлерін топ-топқа бөліп, аудандарды аралатты. Біздің  топта  Аманжол Шамкенов, Ма­рал Сқақбаев, Жарасқан Әбді­рашев, Виктор Мироглов, мені қосқанда бес жазушы Черский ауданына баратын болдық. Тік ұшақпен бір сағаттай ұшып, бұғы совхозына жеттік. Адам аяғы баспаған тұмса табиғат! Бұғы­шылар бізді басқа планетадан кел­ген адамдардай анталап қарсы алды... Екі күн өткен соң біздің топ­тың басшысы, ақын, драматург, әрі менің құрдасым Степан Дадас­кинов сол жерге «Қазақстан» де­ген серге қақтырып, маңымыздағы аты жоқ үлкен көлге де «Қазақ­стан» деп ат қойып, қада қақтыр­ғалы жатыр екен, оны «Қазақстан» емес, «Қазақ көлі» деп атауды ұсындым. «Сіздер кеткенше мін­детті түрде өзгертеміз» деп уәде берді. Осындай у-ду мерекелі бір кеште Степан Дадаскинов: – Біздер, сахалар түркі тектес елміз. Тек дініміз өзге болмаса тіліміз ұқсас. Әу баста біз сіздер­мен қатарлас жатқан ел болғанбыз. Сіздер бізді қуып жібергенсіздер, - деп есте жоқ ескі заманнан келе жатқан өкпесін айтты. – Әй, Степа, - дедім, оған басу айтып. - Ата-бабаларымыз бір тарихи кезеңде қуса қуған шығар. Бірақ, қуды екен деп осынша алысқа қашуға бола ма! – деп едім, отырғандар ду күліп, Степан да жадырап сала берді.

Хамит Ерғалиев

Қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиев мемлекеттік сыйлық алған күні көңілі жақын төрт-бес жазушыны үйіне шақы­рыпты. Хамаңның мақтағанды жаны сүйетін мінезі бар екенін білетін достары ас үстінде ол кісінің аяқ-қолын жерге тигізбей мақтай жөнелген ғой. Олардың мақтау сөздері жалаңдау боп шығып жатты ма екен, әлде өзі күткендей үлкен теңеурлерді есіти қоймағандықтан ба екен, ол кісі мұндай марапаттарға көңілі тол­ма­ғандай жайбарақат тыңдап оты­ра беріпті. Жиын-тойға қа­шан­да кешігіп баратын Әбдіжәміл Нұрпейісов әдеттегідей кешігіп, жұрт ет жеп болған соң бір-ақ келіпті. Оның кешігіп келгеніне ренжісе де Хамаң өзі тұрып барып оны қарсы алыпты. Жеңгеміз Әбекеңнің сыбағасын бөлек алып қойған екен, алдына әкеп ұойған тамақтан біраз жеп болып, Әбекең шалқая бергенде Хамаң: – Ал, Әбдіжәміл, енді сен сөйлеші, - депті басқалардың сөзіне қанағаттанбағанын сез­діріп. Әбекең Хамаңның жаңа кітабі туралы тиіп-қашып айтып, «ауыр­маңыз, сырқамаңыз, әрқашан деніңіз сау болсын» деп қысқа қайырыпты. Әбекең сияқты күллі Кеңес одағына, қала берді әлемге аты мәшһүр болған үлкен жазу­шыдан үлкен сөздер есітуді күтіп отырған Хамаң мынадай жадау шыққан сөзден кейін қабағы сал­бырап, маңдай әжімі қатпарланып, көңіл-күйі бұрынғысынан да төмен түсіп кетіпті. Тамақтан соң бәйбішесі ортаға электр самау­рынды әкеп шәй құя бастағанда Хамаң қабағын түйіп: – Немене, шорылдатып шайды құя бересің! Шөлден өліп бара жатқан ешкім жоқ. Қаталап бара жатса шайды үйлеріне барып ішсін! – деп өзі столдан тұрып кетіпті. Сыртқа шыққан соң Әбекең Зейнолла Қабдоловтан: – Мына шалға не болды? Өзі шақырып алып, өзі қуып шық­қандай болды ғой. Түсінсем бұйыр­масын депті. Сонда Зекең: – Әбеке, сіз де қызық адамсыз. Ол сізден біз айта алмаған үлке-ен сөз күтіп еді. Ал сіз не айттыңыз? Өзі темекі шегіп, арақ ішіп ден­саулығын қалай бұзарын білмей жүргенде, сіз келдіңіз де «Деніңіз сау болсын, деніңіз сау болсын!» деген сөзді қайталай бердіңіз. Әрине, сонан соң ол шарт кетіп, шалқайды да қалды.

Силлогизм

ҚР ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Жер ресурстары      коми­тетінің қабылдаған жаңа кодексі бойынша, жерді пайдалануға техникалық базасы мен құрал-жабдықтары жоқ физикалық тұлғаларға жер сатылмайды және жалға да берілмейді». Төлек Әбдіков пен Бексұлтан Нұржекеев те техникалық құрал-жабдықтар түгілі балта мен балға да жоқ. Демек, Төлен Әбдіков пен Бексұлтан Нұржекеевке жер са­тыл­майды да, жалға да берілмейді.

* * *

Бұрынғы туып-өскен облыс­тары тарап кеткен немесе, басқа облыстың құрамына енген физи­ка­лық тұлғаларға сол өңірдің «Құр­метті Азаматы» деген атақ берілмейді. Ақселеу Сейдімбеков пен Төлен Әбдіковке мұндай атақ берілмейді. Ескерту: Мұндай атақты алу үшін олар үміткер ретінде соңғы көшіп барған елді мекендерінде кем дегенде 15 жыл тұрулары керек. Ақселеу Сейдімбеков пен Тө­лен Әбдіковтің Астана қаласында тұрып жатқанына 5 (бес) жыл болды. Демек, «Ақмола облысы­ның Құрметті Азаматы» атаулары үшін оларға осы қалада тағы да 10 (он), немесе одан да көп жыл тұ­ру­лары керек. егер тұрып жатқан қала немесе елді мекендерінің атаулары өзгеретін болса, «Құр­метті Азамат» атағын алу үшін мұндай тұлғалардың сол жерде тағы да 15 (он бес) жыл тапжылмай отырулары қажет.

Дулат ИСАБЕКОВ