Ойпырмай, оңбаған екен!
Ойпырмай, оңбаған екен!
494
оқылды
Ойпырмай, мен ол туралы мүлде жаман ойламадым. Ойы түзу, көңілі көлеңкелі емес деп ойладым. Жылы жымиысының өзі неге тұрады десеңізші?  Бойы кішкентай бол­ғаны­мен, білім, ілімі телегей-теңіз деп ойладым. Сөйтсееем... нағыз оңбаған адам екен ғой! Естеріңізде ме? Спикер болып тұрғанда, министрлерге сарказымның сорпасын шашып жіберіп, сырғыма сұрақтардың астына алатын. Сонысына қарап, «Ее, Отанына нағыз жаны ашитын азамат екен ғой!» – деп іштей сүйсінетінмін. Сөйтсем, нағыз оңбаған адам екен ғой! Елі үшін еңіреп жүрген, жарғақ құлағы жастыққа тимей, төсекте жатқанда да, ел қамын ойлайтын қоғам қайраткері, үкімет адамы деп ойлайтынмын. Жемқорлыққа жаны қас, нағыз қасқа деп ойлаушы едім. Сөйтсеем, нағыз оңбаған екен ғой! Президенттің сенімді адамы, бола­шағы­мыз үшін жанын пида етуге даяр азамат деп жүрсем... Қайдағы, жүрегі жүн, сенімі түн, нағыз қорқақ, оңбаған адам екен ғой! Әбіләзов жел аяқ, шетелге қашып кетті, Рысқалиев жел аяқ, ол да қашып   кетті, Әкежан Қажыгелдин  зымырағыш, ол да шетел асты, ал, бұл өйтпейді, туған жерін сатпайды, туған жерінсіз, таңы атпайды деп ойлап жүрсем, қаны қарай­ған, көздері алайған, нағыз оңбаған адам екен ғой! Мен ол туралы мүлде жаман ойламадым, шын айтамын, ылғи да жақсы ойларда жүрдім. Керемет адам екен деп қалдым. Сөйтсеем... Ой, Алла–ай, бұның да миына шаң–тозаң тұрған екен, өзін Құдай қос қолдап ұрған екен! Сонда деймін–ау, оңған адамдар қайда қалды? Оңбағандар семіріп, бюджеттің қаржысын кеміріп, байлықтың арқасында еліріп, шетел асып кете бермек пе? Ойпыр­май, дәл осы кісіні шетел асып, бір түнде қашып кетеді деп ойламаппын. Сөйтсеем, бұл да сау сиырдың тезегі емес, нағыз оң­баған адам екен ғой! Бір танысымнан: – Қашып кетіпті! Сен қалай ойлайсың?–деп сұрадым. –Қызың байға қашып кетті ме? –Е, жоға, анау ше? –Нығматуллин бе? –Жоға, ол қанша байып алса да, қаша қойған жоқ. –Енді кім? –деді ол. –Оңбаған екен! Миллиардер дейді. Дүниені жинаған екен! –Қашып бара жатқанда, құзырлы органдар аяғынан шалып құлатқанда ғой! – Арам ақшамен келген бірнеше нысандарын жедел сатып кетіпті! – Ой, оңбаған, ә? – Жөні түзу адам деп жүрсем, қисық–қисық екен де! – Мен де солай ойлай салайыншы. Кімдер қашпай жатыр десеңші?! Айтпақшы, қайда қашыпты? – Кім? – Өзің ғой, «қашып кетіпті, қашып кетіпті» деп дегбірімді алған! – Енді... Ұсталайын деп жатқан байлар шетел асып жатыр ғой. Өтірік пе, не?! Анау ше? – Кім анау ше? – Анауды айтамын да... Қайрат Сатыпалды... Аэропортта қашайын деп, енді қашайын деп жатқанда ұсталды емес пе? – Қашпаған шығар? Әщейін, жүгірген шығар? Шынында, шындықтың шаңын сүртіп қарасақ, егемендік алғалы талай байлар мен кәсіпкерлер, алаяқтар шетел асып кетіпті. Алаяқтарды айтсаңшы? Әлгі ақшадан пира­ми­да тұрғзып алып, халықтың қалта­сын қағып, ақырында, Америкадан, не Ұлыбри­таниядан, не Дубайдан бірақ шығатындар ше? Бәрі қашақтар! Халықтың несібесінен тойып жегендер де, бюджеттің  бұқасын сойып жегендер де, кекіріп, секіргендер де шетелге қашады.  Ойпырмай, оңбағандар десе!  Мысалы, менің көршімнің күйеуі алқаш. Әйелін күнде ұрады. Шетелге қа­шып кеткен жоқ қой, ары кетсе, төркініне қашады. Қысқасы, анау қашады, мынау қашады! Бәрі қашақтар! Енді кім қашады екен, а? Құдай бетін аулақ қылсын!