Қиюы жоқ қырық жамау
Қиюы жоқ қырық жамау
382
оқылды
Жаңаарқа ауданындағы Мана­дыр ауылының маңындағы темір жол үстінде бір топ адам отыр. Барлығының сөзі бір жерде бол­ғанымен, көздері әр қиырды шо­ла­ды. Ой арнасы бір жерге тоғыс­паған соң ба, қиюы қашқан әңгіме асау аттай ала қашады. Ақыры біреуі әңгіменің төтесіне көшті. – Мына № 144 Манадыр негіз­гі мектебі ауылымыздың сиқың кетіріп-ақ болды. Келген қонақ­тардан да ұялып біттік. – Аудан басшылары, білім бөлімі ай қарап жүр ме екен? – «Айта-ай Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, Мана­дырдағы мектеп жайын айта-айта ауыз да ауырып бітті. – Ауыздың ауырғаны түк емес, жанның ауырғанын қайтерсіз? – Қонақ деп қалдыңыз, сырт көз-сыншы. Ауылға зәуімен қо­нақ келе қалса, мына жәпірейген мектепсымақты қандай ғимарат деп көрсетеміз? – Одан саспаңыз, мектепке жақындап барып, маңдайшаға үңілмесе басқа адам  мұның білім ұясы екенін білмейді. Оның мек­теп екенін біз бен балаларымыз ғана біледі. – Сонда да сырттан келген қонақ «мектептерің қайда?» деп сұраса, нені көрсетеміз? Ауыл тұрғындары бұл сауалға ұялғандары соншалық, бір-бірінің бетіне қарауға қымсынып, жер шұқысып қалды. Беттерінен от шыға қызарып, бір-бірінен сырт айналғандай күй кешті. Оларды жерге қаратқан мектептің мар­дым­сыз жайы еді. Не мерекелік іс-шара өткізерлік   мәжіліс залы жоқ, не спорт залы жоқ, шеберхана атауымен жоқ, мұндай мектепті ХХІ ғасыр төрінен кім көріпті? Дәлізінен екі адам сығылысып зорға өтетіні және бар. Арнайы сынып бөлмелерінде заманауи құрал-жабдықтар атауымен жоқ. Сонда манадырлықтар қай ғасырда өмір сүріп жатыр? Осы мектептің бар ғой сиымдылығы 60 оқушыға ар­налған. Қазір мұнда 130-ға жуық оқушы білім алуда.  Ауылда 80-ге жуық түтін бар. 500-ге тарта адам осы үйлерге кіріп-шығады. Бір замандарда ауыл тұрғындары төрт бөлмелі үйді мектепке айнал­дырған екен. Содан бері ауылда жібі түзу бір мектеп салынбаған. Есесіне мектепке қосымша бөлмелер жасап, олары қиюы келмей, қырық жамау бо­лып ерсі көрініп тұр. Соғыс кезін­дегі іркес-тіркес әртүрлі техника артқан жүк пойызы сияқты шұбатылып жатыр. Аудан әкімі Ғабдрахман Омаров жомарттық жасап, үш бөлме қосып бергізген екен.  Онысының сырты сылан­баған. Ала шапанның үстінен қара шапан киген адамдай мектеп көркінің пошымы адам шошы­тарлық. Мектептегі шағын балалар орталығында 30 бала тәрбие­ленуде. Үлкен топта 17, кіші топта 13 бала бар. Кіп-кішкентай болып алып, олардың өзі сырты қораш мектепке жолағысы келмейді. Әке-шешелері қолдарынан жете­леп, сүйреп әкеліп тастаған соң амалсыз қалады. Манадырдың тағы бір мұңы-мұнда мұғалімдер жетіспейді. Мә­селен, химия, ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалім тапшы. Мектептегі 24 мұғалімнің қайсы­сының қолы бос болса сол арнайы мұғалімі жоқ сабақтарға кіре береді. Осыдан соң сабақ сапасы қалай болмақ? Қарағанды облысы Ақтоғай ауылына қарасты Айыртас ауы­лында бұрын жап-жақсы жұмыс істеп тұрған дағарадай мектеп жабылып тынды. Айыртастық ағайындар «ауылдағы мектепті қайта ашу керек» деп ауданға шабылғалы қашан.  Ауыл тұр­ғындары сондай-ақ  тұрғындарды тұрақтандыру үшін спорт алаңын, стол теннисін салу керек деп шулайды. Бұрын Айыртастағы мектепте  музей болған екен. Сол музейдегі жәдігерлерді аудан орталығындағы Ә. Бөкейханов атындағы мектепке көшіріп жіберген. Ауыл тұрғындарының ендігі бір жыры сол музейді кері қайтару. Осы облыстағы Қараменде, Абай, Кежек, Қуаныш, Қарасу ауылдарының мектептері жабылу­дың алдында тұр. Шет ауданында төрт мектеп жабылып тыныпты. Япырай, мұның соңы немен бітер екен деп ауыл тұрғындары алаң­дайды. Айыртастықтардың айқайы мен манадырлықтардың мұңы Құдайдың құлағына шалынар күн бар ма екен? Қазақтың жаны-ауылда дей­міз. Ауылдың айқайы таусыл­маса, еліміз қалай гүлденеді? Қарағанды облысының қара­пайым адамдары да осы сауалға жауап таппай жүрген көрінеді. Тапқан адамға сыйлық береміз деп бәс тіккен екен. Бәйгені жеңіп алған адамға біз де бір сыйлық тігіп жіберсек пе екен, қайтеміз,ә!?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ