Қоғамдық кеңестің құрамы жаңарды
Қоғамдық кеңестің құрамы жаңарды
370
оқылды
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында пар­тия жанындағы Miras азаматтық қоғамының және мә­дениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Жантөреева ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде кеңес мү­шелері­нің жаңа құрамын таныстыру, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту қарастырылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қ.Тоқаевтың мақаласы, сұхбаты және Жолдауы тал­қыланып, Сайлауалды бағдарламадағы ин­дикатор­лардың орын­далуы баяндалды. Бұған дейін аталған кеңестің төрағасы болып жұмыс істеген жазушы Мархабат Байғұт бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Енді Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы болып Қ.Жантөреева сай­ланды. Ол кеңес мүшелерін мәселелерді ашық талқылауға, ай­тылған ұсыныстарды тиісті деңгейде қарауға және қоғам мүддесі жолында қызмет етуге шақырды. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы туризм, мәдениет, білім және БАҚ саласының белсенді өкілдерімен толықты. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған тұжы­рымдамаға байланысты Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профес­соры, кеңес мүшесі Бекжігіт Сердәлі хабарлама жасап, пікірін білдірді. – Мақаланың жарық көргеніне бір жылдай уақыт өткенімен, ондағы мәселелер әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Президент елдің пікірімен санаса отырып, проблемалардан хабардар екенін айтқан айтады. Мақалада көтерілген мәселелер мен қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» идеясы пайда болды. Мақаланың «Бағдар мен белес» бөлімінде елдің индустриялық, инновациялық даму жолына көңіл бөлу айтылып, әлеуметтік жағдайды жақсарту жайы қозғалды, – деді кеңес мүшесі. Жиында Мемлекет басшысының сұхбаты мен халыққа ар­наған Жолдауына, партияның кезектен тыс ХХІ съезіндегі шешімдерге байланысты сүбелі ойлар мен ұсыныстар айтылды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселеге байланысты облыстық Мә­де­ниет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірханның баян­дамасы тыңдалды. Партияның облыс бойынша Сайлауалды бағ­дарламасының мәдениет саласына қатысты бөлімінде 2021 жы­лы 75 индикатор орындалған. Іс-шаралар мемлекеттік тілдің та­нымалдығы мен қолданылу аясын кеңейту мақсатында өт­кізілген. Сондай-ақ мәдени нысандардың құрылысын аяқтау, та­рихи орындарды қалпына келтіру шаралары да нәтижелі іске асты. Ал қасиетті және маңызды орындар бойынша өлкетану экс­педициялары аясында былтыр 10 экспедициялық сапар жаса­лып, 85 нысанда ғылыми-зерттеулер мен археологиялық жұмыс­тар жүргізілген. 2022 жылы да аталған шаралар жалғасын таппақ. Қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Жантөреева кеңес жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстардың қабылданғанын айтып, кеңес отырысын қорытындылады.