Жамбыл облысында «АMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен құрылған мобильді қоғамдық қабылдау жұмысы жалғасып жатыр. Мобильді қоғамдық қабылдау кеше Байзақ ауданында болды.
Партия филиалдарының басшылары, облыстық филиал жанындағы Саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған топ ауданның Темірбек және Көктал ауылдық округтеріндегі тұрғындардың шағымы мен талап-тілегін тыңдады.
Темірбек ауылдық округінің тұрғындары ауылдағы Ә.Жанқұлиев орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізу, жаңадан медициналық амбулатория және мәдениет үйін салу, Шахан ауылына ауызсу жүйесін кіргізу, көшелерін жарықтандыру, спорт алаңшасын салу сияқты мәселелерді көтерді. Ал Сарыбарақ ауылының адамдары мектеп және балабақша салу, ауызсу тарту, көше жарығын орнату және тағы басқа түйткілдер төңірегінде арызданды.
Көктал ауылдық округінің халқы ауылдағы құрылысы тоқтап тұрған мектеп құрылысын қайта жандандыру, қайтарымсыз грант алу жолдары, ауыл көшелерін жарықтандыру, мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, ауызсумен қамтамасыз ету, егін суының жетіспеушілігі, сондай-ақ жер мен үй құжаттарын реттеу және басқа да арызын айтты.
Мобильді қоғамдық қабылдаудың өкілдері Байзақ ауданы ауылдық округтерінен 25 азаматтың өтінішін тыңдап, біршамасына қабылдау кезінде нақты жауабын берсе, қалған проблемалардың тізбесін жасап, партия бақылауына алды. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, өтініштердің оңтайлы шешілуі бойынша нақты жұмыстар жүргізілетін болады.