«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы Павлодар облысында өз жұмысын бастап кетті. Мұндай кездесулер халықпен кері байланыс құралдарының тиімділігін арттыруға және партияның жұмысын қайта жүктеу мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Мобильді қабылдау бөлмелерінің жұмысына мәслихат депутаттары – партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардан бюро және саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өкілдері және тағы да басқалары қатысты.
Осыған орай партия мүшелері Екібастұз қаласы Железин және Тереңкөл аудандарының тұрғындарымен кездесті. «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, 50-ден аса адам өтініш айта келген.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде берген тапсырмасы бойынша Республикалық қабылдау бөлмесі азаматтардың проблемалары мен өтініштерін тындау және оларды шешу мақсатында шалғай ауылдарға барып, қабылдауды бастап кетті. Бүгін біз осы мақсатпен Шідерті ауылына келдік. Әрбір ауыл тұрғыны қабылдау барысында маңызды деген 2-3 өзекті мәселеден қозғады. Олар АӘК, Сәтпаев су каналының реконструкциясы, ауылішілік жолдардың күрделі жөндеуі, балабақшаның жөндеу жұмыстары және басқа да мәселені көтерді. Ауыл тұрғындары қозғаған мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, оларды шешуге бар күшімізді салатын боламыз» деп атап өтті Әлия Садырбаева.
Қоғамдық қабылдауға алғашқылардың бірі болып келген Шідерті ауылының тұрғыны, Қаныш Сәтпаев атындағы канал филиалы, Павлодар пайдалану басқарма бастығының орынбасары Марат Мәкенов болды. Ол Қазақстанның орталық өңірлерін 1974 жылдан бері таза сумен қамтамасыз етіп келе жатқан су каналының ескі құрылғыларын жаңарту және мемлекеттік маңызы бар нысанды қорғау жөнінде өтініш айтты.
«Қаныш Сәтпаев атындағы су каналы 1974 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Су арнасының құрылғылары қайта жаңартудан өтпеген. Біз өз күшімізбен су арнасының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, халықты таза сумен жабдықтап отырмыз. Бірақ Кеңес үкіметінен қалған құрылғыларды жаңарту мүмкін болмай тұр, себебі олардың бөлшек саймандары өндірісте жоқ. Заманауи құрылғыларды орнатуға қомақты қаражат қажет. Су каналының қауіпсіздігі де қазір өте өзекті», – деді Марат Мәкенов.
Сондай-ақ аманаттықтар Шідерті, Төртқұдық, Жаңа Жұлдыз, Алакөл, Тереңкөл, Ивановка сияқты ауылдарға барып, тұрғындарын қабылдады.
Төртқұдық ауылының тұрғындары таза ауызсу мәселесін, республикалық трассадағы қоршауларды қалпына келтіру, балаларға арналған ойын алаңдарын салу, ауылдағы жұмыссыздық, ішілік жолдарды жөндеу бойынша арызданған.
Мобильді қабылдау бөлмесі өз жұмысын алдағы уақытта Павлодар облысында тұрақты түрде жалғастырып, шалғай ауылдарға шығатын болады.