Елімізде соңғы 10 жылда халықтың еңбек етуден түсетін табысы төмендеп, керісінше мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік трансферттердің артқаны байқалады. Сондықтан Үкімет енді бұл саясаттан бас тартуы мүмкін. Өйткені таяуда «2025 жылға дейін Халықтың табысын арттыру бағдарламасы» қабылданды. Әйтсе де, жаңа құжатта мемлекеттік бюджет қызметкерлерінің айлығын өсіру сияқты ескі із сақталып қалып отыр. Оны инфляция жалмап қояры екібастан. Ендеше нарық әдістерін қолданбай, яғни жаңа жұмыс орындарын ашып, жалақыны көтеруді жаппай міндеттемей әрі бағаны тұрақтандырмай, бір бағдарлама қабылдап, халықтың табысын арттыра салу мүмкін бе? Осы тұрғыда мамандардың тың ұсыныстарын тыңдаған едік.
Жаңа құжат жарылқай ма?
Бағдарламаны таныстыру барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8%-ға төмендеп, оған керісінше әлеуметтік трансферттер 10%-ға өскенін хабарлаған болатын. Соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-дан 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 3,1%-ға дейін баяулаған. Оған себеп – экономикалық өсім қарқынының құлдырауы. 2020 жылғы эпидемиялық ахуалға байланысты экономикалық өсім 2,5 есеге түсіп кеткен болса, былтырғы тоғыз айда 3,6%-ға төмендеді. Ал инфляциялық көрсеткіштер осы екі жылда 7,5% және 8,4% болды. Енді осы көрсеткіштерді негізге ала отырып қабылданған бағдарлама тікелей және жанама іс-шаралар тобына бөлініп отыр. Әрі еңбекақыны көтеру, жұмыс орындарын ашу, төлем қабілеттілігін арттыру, ақпараттық түсіндіру жұмыс-
тарын жүргізу сияқты 4 бағыттан тұрады. Құжатты жасаушылардың айтуынша, бұл жердегі идеология: «Халыққа балық берме, қармақ бер!» дегенге саяды.
«Тікелей іс-шаралар дегеніміз – қысқа мерзімде ақшалай табысты көтеру. Биылдан бастап 2023 жылға дейін мемлекеттік бюджет қызметкерлерінің, яки 76 мың дәрігердің (60%), 173 мың орта медициналық қызметкердің (50%), 600 мыңнан аса педагогтің (40%), ЖОО-ның 1 556 адамдық профессорлық-оқытушылық құрамының (46%) еңбекақысы артады. ҒЗИ-дың 1 200 ғалымының, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының фронт-кеңседегі 9 200-ден астам қызметкерінің, спорт төрешілерінің, сот-медициналық сараптамашылардың, «Самұрық-Қазына» компаниясының өндірістік персоналының жалақысы өседі. Студент, магистрант, докторанттардың да стипендиялары көбейеді. Ал жанама шараларды қарайтын болсақ, оның жалпы мақсаты жұмысқа орналастыру арқылы және біліктілікті арттыру курстарында оқыту арқылы табысты арттыруға негізделген», – дейді бағдарламаны жасаушы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Мұқан.
Мамандардың айтуынша, инфляцияға индексация Қазақстанда мемлекеттік саясат деңгейдегі әлеуметтік сипатқа ғана ие. Ең төменгі айлық көлемінің 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге көтерілгені соның бір мысалы. Бірақ айдаһар инфляция оны да қылғыта салудан тартынып тұрған жоқ. Өйткені бізде статистикалық мәліметтер спекулятивті манипуляцияға жиі ұшырайды. Мәселен, қазір тәуекелді бағалаушылар арасында жасырын инфляция деген түсінік орнығып келеді. Ол бойынша ресми инфляция 5-6% делінгенімен, жасырын инфляция 12-13%-ға кетіп қалғаны жасырын емес. Сондықтан «айдаһар-инфляциямен» айқас оның басын шабатын қылышымыздың санын нақты анықтап алумен нәтижелі болмақ. Мұндағы Үкіметтің бес қаруы – нақты баға беруге кепілдік беретін фундаменталды статистика ғана.
«Экономикада орташа жалақы деген түсінік бар. Ол Қазақстан бойынша 217 мың теңге. Егер бұл рас болатын болса, халық қазір тамағын да несиеге алып, мұншалықты пұшайман күйге түспес еді. Менің ойымша, осы орташа жалақыны есептеу тәртібі дұрыс емес. Өйткені 2-5 миллион табатын адамдар мен 60 мың теңге алатын адамдардың айлығын қосып есептеп, орташа номиналды шығара салған. Біз осы мәселеге объективті қарауымыз керек. Өйткені миллиондап табыс табатын топ еліміздегі еңбекке қабілетті халықтың тек 2-3%-ын құрайды. Экономикалық шынайы суретті айқындайтын осындай фундаменталды есептеулерді дұрыс жүргізудің арқасында біз одан туындайтын проблемалардың да шынайы суретін көріп, адекватты түрде шараларды қолдана алмыз. Бұл – халықтың табысын арттырудың бір факторы. Оны құр жалған статистика үшін бұрмалау дұрыс емес. «Ауруын жасырған өледі» деген осыдан шығады», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
«Азық-түлік кәрзеңкесі» неге бос?
Халықтың табысын арттыру үшін мемлекет ең бірінші кезекте біздегі шу асау инфляцияны ауыздықтауы керек. Оны отандық өндірісті дамытуды, сол арқылы импорт алмастыру мәселесін шешуді жолға қойғанда ғана ырыққа бағындыруға болады. Қазір Үкімет халық аш-жалаңаш отырмасын деп өзімізде жоқ нәрсені қарайған қаржы шығарып, сырттан әкеліп жатқаны аян. Ал бұл дегеніміз – далаға кетіп жатқан ақша. Сондықтан да тығырықтан шығудың бір жолы – бағаны реттеу. Ол отандық өндірістің ішкі нарықтағы үлесін кем дегенде 70%-ға жеткізгенде мүмкін болмақ. Сол кезде инфляция да, девальвация да қорқыныш болмай қалады. Бұл тұрғыда таразының бір басында әлеуметтік индикаторлар тұрғанын да ұмытпаған абзал.
«Экономикада «азық түлік кәрзеңкесі» деген түсінік бар. Ол бір адамның белгілі бір мерзімдегі қажеттілігіне қатысты тауарларды қамтиды. Қазақстанда олардың саны – 45 тауар. Сорақысы, бұл цифр 2012 жылдан бері өзгермеген, тіпті қайта қаралмаған. Заңында ол үш жылда бір рет көбею бағытында жаңарып отыруы керек. Ал бізде керісінше үнем-үнем деп қысып тастаған. Мәселен, батыс мемлекеттерде бұл кәрзеңкедегі тауарлар саны жүздеп, екі жүздеп саналады. ТМД-да Арменияның өзінде мұндағы атаулар 80-нен асады. Сондықтан да осы әлеуметтік индикаторды қайта қарайтын кез келді деп санаймын. Оны көтерер болсақ, оған қарастырылатын қаражат та көбейтіліп жоспарланатын болады. Орташа жалақыны есептеген кезде, міне осы «азық-түлік кәрзеңкесі» басшылыққа алынуы керек», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Сөз соңында айтарымыз, табысты бөлу принциптеріне еңбекақы қорының көлемін ұлғайту тетігін де қосқан жөн. Егер әрбір компания жыл сайынғы табысының белгілі бір пайызын міндетті түрде Еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға және инфляцияға индексация жасауға міндеттелсе, бұл халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа деңгейі болмақ. Қалай болғанда да, халықтың әл-ауқатын арттыру жүйеқұраушы саясатқа айналмай, мұндағы шаралар мультипликативті эффектке негізделмей, қай бағдарламаның да мақсатты индикаторлары мақсатсыз ақша шашу болып қала бермек. Ал 2025 жылға арналған жаңа құжаттың нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.