Халық табысты болса, нарық тынысты...
Халық табысты болса, нарық тынысты...
453
оқылды
Елімізде соңғы 10 жылда халықтың еңбек етуден түсетін табысы төмендеп, керісінше мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік трансферттердің артқаны байқалады. Сондықтан Үкімет енді бұл саясаттан бас тартуы мүмкін. Өйткені таяуда «2025 жылға дейін Халықтың табысын арттыру бағдарламасы» қабылданды. Әйтсе де, жаңа құжатта мемлекеттік бюджет қызметкерлерінің айлығын өсіру сияқты ескі із сақталып қалып отыр. Оны инфляция жалмап қояры екібастан. Ендеше нарық әдістерін қолданбай, яғни жаңа жұмыс орындарын ашып, жалақыны көтеруді жаппай міндеттемей әрі бағаны тұрақтандырмай, бір бағдарлама қабылдап, халықтың табысын арттыра салу мүмкін бе? Осы тұрғыда мамандардың тың ұсыныстарын тың­даған едік.

Жаңа құжат жарылқай ма?

Бағдарламаны таныстыру барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8%-ға төмендеп, оған керісінше әлеуметтік трансферттер 10%-ға өскенін хабарлаған болатын. Соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-дан 2021 жылғы қаң­тар-ақпанда 3,1%-ға дейін баяулаған. Оған себеп – экономикалық өсім қарқынының құлдырауы. 2020 жылғы эпидемиялық ахуалға байланысты экономикалық өсім 2,5 есеге түсіп кеткен болса, былтырғы тоғыз айда 3,6%-ға төмендеді. Ал инфляциялық көрсеткіштер осы екі жылда 7,5% және 8,4% болды. Енді осы көрсеткіштерді негізге ала отырып қабылданған бағдарлама тікелей және жанама іс-шаралар тобына бөлініп отыр. Әрі еңбекақыны көтеру, жұмыс орындарын ашу, төлем қабілеттілігін арттыру, ақпараттық түсіндіру жұмыс- тарын жүргізу сияқты 4 бағыттан тұрады. Құжатты жасаушылардың айтуынша, бұл жердегі идеология: «Халыққа балық берме, қармақ бер!» дегенге саяды. «Тікелей іс-шаралар дегеніміз – қысқа мерзімде ақшалай табысты көтеру. Биылдан бастап 2023 жылға дейін мемлекеттік бюджет қызметкерлерінің, яки 76 мың дәрігердің (60%), 173 мың орта медициналық қызметкердің (50%), 600 мыңнан аса педагогтің (40%), ЖОО-ның 1 556 адамдық профессорлық-оқытушылық құрамының (46%) еңбекақысы артады. ҒЗИ-дың 1 200 ғалымының, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының фронт-кеңседегі 9 200-ден астам қызметкерінің, спорт төреші­лерінің, сот-медициналық сараптамашылардың, «Самұрық-Қазына» компаниясының өндірістік персоналының жалақысы өседі. Студент, магистрант, докторанттардың да стипендиялары көбейеді. Ал жанама шараларды қарайтын болсақ, оның жал­пы мақсаты жұмысқа орналастыру ар­қылы және біліктілікті арттыру курстарында оқыту арқылы табысты арттыруға не­гізделген», – дейді бағдарламаны жасаушы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Мұқан.

Инфляцияға индексация міндеттелуі керек

Расында, елімізде бюджеттік саланың табысын өсіру Жолдаулардың әлеуметтік бөліміне айналып кеткен дәстүр деуге болады. Бірақ оның экономикалық әсері инфляциялық дағдарыстар мен нарықтағы тербелістердің толқынына жұтылып кетіп жатыр. Ал қалыс қалып қоя беретін жеке секторда коммуналды-шаруашылық пен пошташылардың күйі пұшайман. Басқаларының да төлем қабілеті оңып тұрғаны шамалы. Сондықтан мамандардың бір ұсынысы инфляцияға индексация жасау болатын. Әйтсе де, бұл тұста пікірлер екіге жарылып отыр. «Жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан Еңбекақы төлеу қоры (ФОТ) бойынша инфляцияға индексация жасау арқылы баға қымбатшылығына сәйкес халықтың да еңбекақысын өсіру туралы талап қою мүмкін емес деп ойлаймын. Нарықтық экономикада еңбекақыны көбейтудің өз жолы бар. Оны әрбір жұмыс беруші тапқан табысына, үнемделген қаржысына немесе тартқан қосымша қаражатына қарай өзі шешеді. Ал жалпы инфляцияға индексация жасау арқылы халықтың табысын көтеру мәселесі біздегі Еңбек кодексінде айтылған. Онда бұл мәселені әрбір кәсіпорын немесе мекеме Ұжымдық келісімшартта көрсете алады. Жалғыз кемшілігі, бұл жерде ол мәселе жұмыс берушінің міндеті емес, құқы ретінде көрсетілген. Сондықтан  ондай практика отандық кәсіпорындарда жоқ Ал біздің елдегі кейбір шетелдік компанияларда бұл тетік жүзеге асырылады», – дейді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Мак­роэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының директоры Ерділда Таутенов. Ерділдә Ибадуллаұлының пікірін экономист Бауыржан Ысқақов та қолдайды. Ол жеке сектордың ішкі шаруасына мемлекеттің араласуы нарықтық бағытты ұстанған біздің еліміз үшін тиімсіз деп санайды. Әлемдік практикада жеке сектордың еңбекақысын өсірудің классикалық түрдегі жанама әдістері бар. Ол салықтай жеңілдіктер болуы мүмкін, коммуналдық шығындарын өтеп беру деген сияқты тетіктер. Соның есесінен еңбекақы төлеу қорын (ФОТ) арттыруды талап етуге болады. Мұндай шара көбіне дағдарыс кезінде қолданылады екен. [caption id="attachment_189654" align="alignleft" width="1200"]табыс © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] «Дамыған шетелдерде инфляцияға индексация жасау ол заңмен бекітіліп, міндеттеліп қойылған. Бізге де дәл осылай ету керек. Мысалы,  жапон елінде бір жыл қызмет еткенімде ондағы инфляция үлкен емес, 1-2% болды, соны әрбір компания менеджмендті заң жүзінде басшылыққа алып, қайта есептеулер жасап отырады. Германия, Англияда да осылай, заң жүзінде міндеттеп қойған. Бірақ ол компаниялардың табысына байланысты жүзеге асырылады. Бұл тетік – әлемдік экономикадағы классикалық үлгі», – дейді экономика ғылымының докторы, Еуразия ұлттық университеті профессоры Бауыржан Исабеков.

Фундаменталды статистика – нақты бағалау кепілі

Мамандардың айтуынша, инфляцияға индексация Қазақстанда мемлекеттік саясат деңгейдегі әлеуметтік сипатқа ғана ие. Ең төменгі айлық көлемінің 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге көтерілгені соның бір мысалы. Бірақ айдаһар инфляция оны да қылғыта салудан тартынып тұрған жоқ. Өйткені бізде статистикалық мәліметтер спекулятивті манипуляцияға жиі ұшырайды. Мәселен, қазір тәуекелді бағалаушылар арасында жасырын инфляция деген түсінік орнығып келеді. Ол бойынша ресми инфляция 5-6% делінгенімен, жасырын инфляция 12-13%-ға кетіп қалғаны жасырын емес. Сондықтан «айдаһар-инфляциямен» айқас оның басын шабатын қылышымыздың санын нақты анықтап алумен нәтижелі болмақ. Мұндағы Үкіметтің бес қаруы – нақты баға беруге кепілдік беретін фундаменталды статистика ғана. «Экономикада орташа жалақы деген түсінік бар. Ол Қазақстан бойынша 217 мың теңге. Егер бұл рас болатын болса, халық қазір тамағын да несиеге алып, мұншалықты пұшайман күйге түспес еді. Менің ойымша, осы орташа жалақыны есептеу тәртібі дұрыс емес. Өйткені 2-5 миллион табатын адамдар мен 60 мың теңге алатын адамдардың айлығын қосып есептеп, орташа номиналды шығара салған. Біз осы мәселеге объективті қарауымыз керек. Өйткені миллиондап табыс табатын топ еліміздегі еңбекке қабілетті халықтың тек 2-3%-ын құрайды. Экономикалық шынайы суретті айқындайтын осындай фундаменталды есептеулерді дұрыс жүргізудің арқасында біз одан туындайтын проблемалардың да шынайы суретін көріп, адекватты түрде шараларды қолдана алмыз. Бұл – халықтың табысын арттырудың бір факторы. Оны құр жалған статистика үшін бұрмалау дұрыс емес. «Ауруын жасырған өледі» деген осыдан шығады», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

«Азық-түлік кәрзеңкесі» неге бос?

Халықтың табысын арттыру үшін мемлекет ең бірінші кезекте біздегі шу асау инфляцияны ауыздықтауы керек. Оны отандық өндірісті дамытуды, сол арқылы импорт алмастыру мәселесін шешуді жолға қойғанда ғана ырыққа бағындыруға болады. Қазір Үкімет халық аш-жалаңаш отырмасын деп өзімізде жоқ нәрсені қарайған қаржы шығарып, сырттан әкеліп жатқаны аян. Ал бұл дегеніміз – далаға кетіп жатқан ақша. Сондықтан да тығырықтан шығудың бір жолы – бағаны реттеу. Ол отандық өндірістің ішкі нарықтағы үлесін кем дегенде 70%-ға жеткізгенде мүмкін болмақ. Сол кезде инфляция да, девальвация да қорқыныш болмай қалады. Бұл тұрғыда таразының бір басында әлеуметтік индикаторлар тұрғанын да ұмытпаған абзал. «Экономикада «азық түлік кәрзеңкесі» деген түсінік бар. Ол бір адамның белгілі бір мерзімдегі қажеттілігіне қатысты тауар­ларды қамтиды. Қазақстанда олардың саны – 45 тауар. Сорақысы, бұл цифр 2012 жылдан бері өзгермеген, тіпті қайта қаралмаған. Заңында ол үш жылда бір рет көбею бағытында жаңарып отыруы керек. Ал біз­де керісінше үнем-үнем деп қысып тас­таған. Мәселен, батыс мемлекеттерде бұл кәрзеңкедегі тауарлар саны жүздеп, екі жүздеп саналады. ТМД-да Арменияның өзінде мұндағы атаулар 80-нен асады. Сон­дықтан да осы әлеуметтік индикаторды қайта қарайтын кез келді деп санаймын. Оны көтерер болсақ, оған қарастырылатын қаражат та көбейтіліп жоспарланатын болады. Орташа жалақыны есептеген кезде, міне осы «азық-түлік кәрзеңкесі» басшылыққа алынуы керек», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов. Сөз соңында айтарымыз, табысты бөлу прин­циптеріне еңбекақы қорының көле­мін ұлғайту тетігін де қосқан жөн. Егер әр­бір компания жыл сайынғы табысының белгілі бір пайызын міндетті түрде Еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға және инфляцияға индексация жасауға міндеттелсе, бұл халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа деңгейі болмақ. Қалай болғанда да, халықтың әл-ауқатын арттыру жүйеқұраушы саясатқа айналмай, мұндағы шаралар мультипликативті эффектке негізделмей, қай бағдарламаның да мақсатты индикаторлары мақсатсыз ақша шашу болып қала бермек. Ал 2025 жылға арналған жаңа құжаттың нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.