Майданда өлім сепкен жаңа қарулар
Майданда өлім сепкен жаңа қарулар
© коллаж: Елдар Қаба
549
оқылды
Соңғы кездері әлемде болып жатқан оқиғалар адамзат баласының өзара бейбіт өмір сүруді әлі де үйренбегенін, саясаткерлер түрлі мүдде жолында қантөгіске барудан қашпайтынын тағы да көрсетті. Бәлкім, содан да болар, қарудың жаңа түрлері де жиі пайдаланылып жатыр. Өкінішті, әрине. Жалпы, соңғы жылдары әлем елдерінде қаруланудың жаңа кезеңі басталғандай көрінеді. Бұқараның да заманауи қаруларға деген қызы­ғушылығы артып келе жатқан сы­ңайлы. Тіпті, ұрыс даласынан түсі­рілген бейнелерді қоғамда қалыпты қабылдай бастағандардың қарасы көп. Соғыста адам өліп жатқанына назар аударатындар қатары да сирегендей көрінеді. Әрине, біз қателесуіміз мүмкін, бірақ соңғы екі-үш жылда қару-жарақ нары­ғында пайда болған өзгерістер соғысты кинодағыдай еткен-ау деп тұспал­даймыз. Біздің пайымда­уы­мызша, мұның барлығы қару-жарақ өнер­кәсібіндегі жаңа техология­лардан басталды.

Гипердыбыс зымыраны қандай қару?

Жуырда Ресей армиясы Украи­на­ға қарсы гипердыбыстық «Кин­жал» зымырандарын қолданды. Ке­мі екі рет. Біреуін 17 наурызда, екіншісін 19 наурызда атты. Сөйтіп, ресми Мәскеу ұзақ жылдар бойы әлемге өзінің супер қаруы ретінде таныстырып келген зымыранын іс жүзінде қолданды. Әрине, жарна­ма­сы жер жарған гипердыбыстық зы­мырандардан әлеуетті қарсылас­тардың сескенетіні рас. Өйткені дыбыс жылдамдығынан бірнеше есе тез ұшатын зымырандарға тосқауыл болатын қару әзірге жоқ. Сондықтан гипердыбыстық зымырандар ядро­лық қарулардан кейін тежеуші фак­торға ие құралға айналған сыңайда еді. Сарапшылар әзірге Ресей мен Қытайда гипердыбыстық қарулар бар екенін, АҚШ әзірлеп жатқанын айтады. Әдетте ең қолайлы жағдай­да дыбыс жылдамдығы 1 224 шақы­рым/сағат болса, гипердыбыс одан кемі 5 есе жылдам болуы керек. Де­мек, гипердыбыстық зымырандар 6000 шақырым/сағат жылдамдықтан кем ұшпауы керек. Ал мұндай зы­мыранды әуе және зымыран ша­буы­лына қарсы қорғаныс күштері тоқ­тата алмайды. Сондықтан ондай қарумен атқылаған жағдайда қирату күші мол болмақ. Теориялық тұрғы­да солай. Алайда Украинада ресей­ліктердің «Кинжал» гипердыбыстық зымырандарын қолдануы атышулы қарудың көздеу дәлдігі тым жоғары емес екенін, тек ірі нысаналарды жойып, халықты үрейлендіруге жа­райтынын байқатқандай болды. МиГ-31 немесе ТУ-122М3 ұшақта­ры алып ұшуға қауқарлы саналатын бұл зымырандардың теңіз күштеріне арналған нұсқасына ресейліктер «Циркон» деген ат қойғаны бар. Білетіндер Ресейдің Солтүстік теңіз флотындағы кемелерде мұндай қару бар екен. Алайда 27 ақпанда Түркия Солтүстік теңіз флотына тиесілі «Адмирал флота Касатонов» фре­гатын Қара теңізге өткізбеді. Ал бұл кемеде біз айтқан «Циркон» зымы­рандары бар еді. Сонымен қатар Украинада ре­сейліктер «Искандер» тактикалық зымырандарын көптеп пайдаланып жатқаны жайлы мәліметтер бар. Батыс барлаушылар ресейліктердің Украина қалаларына 160-тан астам «Искандар» зымыранын атқанын мәлімдегені бар. Әдетте тактикалық деп аталғанымен, бұл зымырандар да дыбыстан жылдам ұшады. Тіпті, гипердыбыстық зымыран қатарына да қосуға болады. Сонымен қатар ядролық оқтұмсық алып ұшуға да қауқарлы саналады. Бірақ ресейлік­тер оған ядролық оқтұмсық таққан жоқ. Қазір Ресейдің түрлі аймағында «Искандермен» қаруланған 14 бри­гада бар екені айтылады. Оларда жалпы саны 700-ге жуық зымыран бар деседі. Бірақ бұл зымырандардың құны қанша екені белгісіз. Өйткені Ресей де, Қытай да гипердыбыстық зымырандарды сататыны жайлы мәлімет таратпады.

Дронның ең мықтысы Bayraktar ма?

Заманауи соғыста адамсыз ұшақ­тын қондырғылар, роботтар қолдану қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Соңғы үш жылда түріктің Bayraktar TB2 дронының атағы жер жарып тұр. Әсіресе, Тау­лы Қарабақ пен Сирияда бұл құрал­дың өте тиімді екені байқалды. Қа­зір украиналықтар да бұл құралды кеңінен пайдаланып жатыр. Бірақ ұрыста адамсыз техни­каны қолда­нуды дамыған елдер ер­терек баста­ған еді. Мәселе, АҚШ 2000 жылдар­дың басынан бері пи­лотсыз ұшатын аппараттарды ұрыста қолданып жүр. Мұндай құралдары арқылы Ауғанстанда, Иракта көп­теген әс­кери операция ұйымдас­ты­рылғаны бар. Содан да болар, әлем­нің 100-ге жуық мемлекеті пилотсыз ұша­тын аппараттарға иелік етіпті. Әрине, барлық елде шабуылдаушы дрондар жоқ, бірақ барлауға арнал­ған пилот­сыз ұшатын қондырғылар бар. Қа­зақстан да осы тізімнен тыс қалған жоқ. Қазақ Қарулы күштерін­де SkyLark барлаушы, Wing Loong барлаушы-шабуылдаушы дрондары бар. Енді оған отандық инженер­лер жасаған «Шағала» дроны қо­сылуы мүмкін. 2023-24 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері түріктің Anka S ша­буылдаушы дрондарын сатып алуы ықтимал. Әрине, соңғы ке­лі­сімге қатысты қазақстандық тарап тіс жармағанымен, түріктер бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Тіпті, 80 млн долларға 6 дана Anka S алына­тыны жайлы мәліметтер де тараған. Бұл ақпараттың анық-қанығына көз ұзамай көзіміз жетіп қалуы мүмкін.

Жаяу әскердің «қолғанаты»

Украинадағы соғыс, әлбетте ең алдымен КСРО және Ресей қаруы­ның сынақтан өтіп жатқан алаңы екенін мойындаған дұрыс. Өйткені ондағы шешуші рөлді кеңестік үлгі­дегі танктер, ұшақтар, тікұшақтар мен зымырандар, зениттік кешен­дер атқарып тұр. Ресейлік техни­ка­ның да көбі ескі екенін, жаңала­ры­ның өзі кеңестік мектептің жал­ғасы екенін ескерсек, Украина жерінде батыстың ірі қарулары жоқ. Бірақ танкке, ұшақ пен тікұшақтарға, қа­нат­ты зымырандарға қарсы қолда­нылатын батыстық үлгідегі қарулар тәжірибеден өтіп жатқаны рас. Әсі­ресе, қатардағы жаяу әскерге, ар­найы мақсаттағы топтарға тап­тыр­майтын қару көп. Батыстың 27 мемлекеті Украи­наға көптеген қару-жарақ беріп жатыр. Солардың арасында FGM-148 Javelin, NLAW, Stinger, Starstreak тәрізді заманауи қарулар бар. Ал­ғаш­қы екеуі көбіне танктер мен брон­ды көліктерге қарсы қолда­ныл­са, соңғылары әуеден төнетін қауіпке қарсы пайдаланылады. FGM-148 Javelin-нің бағасы кемі 204 мың доллар, 6 дана зымыраны қосылса, 600 мыңнан асады. NLAW одан арзан. 27 мың доллар. Алайда көбіне бір-ақ рет қолданылатын үлгілері пайдаланылады. Ал Stinger құны 250 мың доллар, ал Starstreak кешенінің құны 130 мың долларға бағаланады. Бірақ соңғысы Stinger-ге қарағанда әлдеқайда жаңа. Әрине, бұл қарулардың көбін АҚШ, Ұлыбритания мен НАТО-ға мүше өзге елдер шығарады. Бірақ мүмкіндігі жағынан олардан артық болмаса да, жуықтайтын өзге қару­лар да бар екенін айтқан дұрыс. Бірақ жарнама жетіспейді. Мәселен, батыс елдері Stinger-ді айналымға енгізген кезде КСРО-да «Игла» дей­тін зениттік қару пайда болған. Бір­неше түрі шығарылды. Бірақ кә­сіби әскерилер болмаса, көп еш­кім білмейді. Әлемде оны сатып алу­­шылар қатары да көп емес. Демек, заманауи қару соғыс құралы ғана емес, коммерциялық табыс әкелетін тауарға айналды деген сөз. Бүгінде түрлі аймақтық қақтығыста қолданылып жатқан қарулар олар­ды өндірушілерге зор табыс әкеліп жатыр. Ал «тежеуші қарулардың» жөні басқа.