Қазақстанда алдағы үш жылда 62 миллион шаршы метр үй салынады
Қазақстанда алдағы үш жылда 62 миллион шаршы метр үй салынады
Фото: aikyn.kz
202
оқылды

2022-2025 жылдары Қазақстанда 62 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады, – деп хабарлайды primeminister.kz.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отырысы өтті. Кеңесте Қазақстан Республикасының құрылыс және тұрғын үй салаларын дамыту перспективасы қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдын ала болжамы бойынша 2022-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 62 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
Сонымен қатар 5 201 мемлекеттік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, оның 2 137-сі мемлекет қаражаты есебінен салынуда. Қазіргі кезде 286 нысанның құрылысы тоқтатылды. 84 нысанда жұмыстардың тоқтауына бағаның қымбаттауы себеп болса, 202 құрылыс басқа да себептер бойынша (ауа райына, маусымдық шектеулер және т.б. байланысты) тоқтатылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, әрбір нысан бойынша жағдай сарапталып, жұмыстарды қайта бастау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Үкімет басшысы нысандарды салуға өткізілетін мемлекеттік конкурстардың жосықсыз ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
«Бюджеттік қаржыландырусыз құрылыстарға конкурстар жарияланады. Бұл – заң тәртібін бұзу. Кінәлі тұлғаларды тиісті жауапкершілікке тартуды қарастыру қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, мемлекеттік құрылысқа жұмсалатын шығындарды азайту үшін жобалау-сметалық құжаттама құнының бағасына талдау жүргізуді тапсырды.

Бұған дейін биыл тұрғын үй бағасы 5-10% өсетінін хабарлаған болатынбыз.