Шымкент тұрғыны тапа-тал түсте ер адамды пышақтап кетті. Полицияның мәліметінше, қатыгездікпен адам өлтіруге қызғаныш себеп болған, деп хабарлады ОТЫРАР.
Қайғылы оқиға 27 наурыз күні сағат 19:17 шамасында көшеде куәгерлердің көзінше болған.
Жедел жәрдем көлігінің жанында тротуарда жатқан адамның мәйіті бейнеленген видео әлеуметтік желілер арқылы тез тарап кетті. Оқиға орнына патрульдік полиция, жедел-тергеу тобы және аудан прокурорлары аттанды.
Шымкент қалалық ІІД хабарлағандай, күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
"Бұл дерек Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Кісі өлтіру" бабы бойынша тіркелді. Оқиға орнында күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша ауыр қылмыс жасауға қызғаныш сылтау болған", – дейді Шымкент қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.