«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан «TALQYLAU» жаңа диалог алаңы өз жұмысын бастады. Парламент депутаттары, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысқан алғашқы талқылау Мемлекет басшысының Жолдауына және аралас сайлау жүйесіне көшуге арналды. Талқылау әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп, интерактивті форматта өтті.
«AMANAT» партиясы ашық, кәсіби және тең жағдайда – жария диалогтің жаңа стандартын қалыптастырады. Отырыстың негізгі уақыты саяси жүйені трансформациялау және аралас сайлау жүйесіне көшу туралы пікірталастарға арналды. Бұл ретте спикерлерге залдағы сарапшылар мен қатысушылар ғана емес, сонымен қатар тікелей эфир арқылы көрермендер де сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Жалпы, 700-ден астам пікір мен сұрақ келіп түсті.
«TALQYLAU»-дың алғашқы отырысын ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Президент жариялаған реформалар Қазақстанның мемлекеттік құрылысы тарихының жаңа кезеңіне бастайтынын атап өтті.
«Сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл елдегі демократиялық өзгерістердің катализаторы мен негізіне айналатыны сөзсіз. Саяси партияларды тіркеу ресімдерін жеңілдету жаңа саяси қозғалыстардың құрылуына серпін береді және жұмыс істеп тұрған саяси бірлестіктердің өз қызметін жандандыруына алып келеді. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы белсенді жұмыс істеуде. Съезден бері бір айға да жетпейтін уақыт өтті. Соған қарамастан оның барысында айтылған міндеттер мен бастамалар бүгінде іске асырылып жатыр және «TALQYLAU» – сол бастамалардың бірі», – деп атап өтті партияның Атқарушы хатшысы.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек талқылау алғаш рет тікелей эфирде өтіп жатқанын алға тартып, «Біз бүгін құрылымданбаған, цензурадан өтпеген ашық диалог дәстүрін бастаймыз деп үміттенеміз. Бұл Президент Жолдауы аясында өте маңызды, өйткені «Жаңа Қазақстан» жұмысын жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек», – деді.
«Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева «мықты қоғамсыз мықты мемлекет құру мүмкін емес» деген пікір білдірді.
«Біз жаңа реформаларға дайынбыз. Жұртшылық көп нәрсе өзгереді деген үмітпен Жолдауды ықыласпен қабылдады. Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп заңнамалық өзгерістерге қатысты көптеген жұмыс атқарылады деп күтеміз», – деді ол.
Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар. Ол үшін Жаңа Қазақстанда өзгерісті әркім өзінен бастауы керек.
«30 жылда жеткен жетістіктеріміз бар. Бірақ кемшіліктеріміз де аз емес. Жаңа Қазақстанда партиядан бастап, әрбір азаматқа дейін, ауыл әкімінен Президенттің жұмысына дейінгі жіберілген кемшіліктерді анықтап, тіпті соның тізімін де жасасақ. Бюджетті құруда бізде көптеген гигантонамия болды. Қаншама миллиардтаған қаражат басқа жаққа жұмсалып, ал мына жақта халық үйсіз-күйсіз жүрді. Оның барлығы кемшілік пе? Әрине, кемшілік. Сондықтан Президенттің айтқаны, бірінші кезекте басымдық өзгеруі керек. Ол үшін халықтың жағдайына қарау қажет. Барлығының өлшемі – адам. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида – осы. Біртіндеп соған келе жатырмыз», – деді депутат.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы айтқанда біз әрқашан «құлақ асатын мемлекет» жағдайында «айтатын» қоғам қажет екенін түсінуіміз керек. Егер ашық «айтатын» қоғам болмаса, онда олар кімнің үніне құлақ асуы керек? Енді процесті жылдамдату керек. Өйткені Жолдауда идеялар ғана айтылды, ал оларды қалай жүзеге асыратынымызды біз бірге ойлануымыз керек. «AMANAT» партиясы өзінің алғашқы өзгерістерін ашық алаңнан бастағаны және бізді шақырғаны құптарлық», – деді қоғам қайраткері, «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов.
Сондай-ақ Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов, БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркіт Аяған, Парламент Мәжілісінің депутаты Тілектес Адамбеков және басқалар өз пікірін жеткізді.
Келесі «TALQYLAU» отырысы подкаст жазбасы, дебаттар, пікірталастар сияқты түрлі форматта өтеді. Әрі қарай тақырыптар Қоғамдық саясат институтының Теlegram арнасында дауыс беру қорытындысы бойынша анықталатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, «TALQYLAU» пікірталас алаңын құру бастамасы 1 наурызда өткен кезектен тыс съезде партияны трансформациялау бағдарламасының бір тармағы ретінде жарияланған еді. Алаңда азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешетін ұсыныстар әзірлеу үшін сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері тұрақты түрде кездеседі. Сонымен қатар пікірталас Аiqyn және «Литер» газеттерінің арнайы айдарларында жарияланатын болады.
Тілектес АДАМБЕКОВ,Мәжіліс депутаты:
СЫҢАРЖАҚ ПІКІРДЕН АРЫЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ
– Жолдауда ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі – партиялар арасында бәсекені күшейту. Өзара партиялар арасында бәсекені арттыру мәселесі бүгінгі қоғамда өзекті мәселе. Бәсекелестік күшейсе, қоғамда да саяси өзгерістерге деген көзқарас жаңаша қалыптасады. Сайлауға қатысуға байланысты кейбір азаматтардың немқұрайдылығының да себебі бар. Мысалы, сайлауда «менің бір даусым мәселені шешпейді» деген сыңаржақ пікірден қоғамды арылтатын кез жетті.
Сонымен қатар Жолдауда шенеуніктердің туған-туысын жоғары лауазымды қызметтер атқаруға шектеу енгізілуі қуантарлық жағдай. Бұл – осыған дейінгі кеткен кемшіліктерді түзеуге, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын ашық, жария түрде жүргізуге берілген бірден-бір мүмкіндік.
Мемлекет басшысы айтқан тағы бір мәселенің бірі – шенеуніктердің, депутаттардың халықпен етене жақын жұмыс істеуі. Мұны айтып отырған себебім, жергілікті жерде-ақ шешілетін мәселелерді бізге, яғни Мәжіліске жазып, араша сұрайтындар әлі де бар. Жергілікті жердің мәселесі сол аймақта шешілсе, қоғамда алға жылжу, даму болады.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,Мәжіліс депутаты:
ХАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТІ ТАЛАП ЕТЕДІ
– Бұл Жолдаудың ерекшелігі – нақты бір тақырыпқа арналады. Ол – саяси реформа. Мемлекет басшысы қаңтар айындағы үндеуінде бұл Жолдауын күзде жасаймын деген еді. Бірақ еліміздегі ахуалдың тез өзгеруіне байланысты Президент Жолдауын шұғыл наурызда айтуға шешім қабылдады. Бірақ бұл ұсыныстар бұрыннан бері дайындалып келе жатқан. Мұны сайлау кезінде де айтқан. Бірақ қаңтардан кейін елімізде ахуал өзгерді.
Қазір саяси билік түгелдей Мемлекет басшысының қолына тиді. Қауіпсіздік кеңесі де, партия да, Ассамблея да. Яғни, толыққанды саяси реформа жасауға Президенттің мүмкіншілігі кеңейді. Сосын халықтың талабы күшейді. Ел өзгерісті бұрыннан-ақ талап ететін. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін халық өзгерістерді қазір, бүгіннен талап етіп жатыр.
Сондықтан өзгерістер пісіп-жетілгені туралы талай айтып жүрміз. Осы жолғы Жолдауды алғашқы үлкен тұжырымдама ретінде есептеуге болады. Оның өзін мен алғашқы бастамасы деп есептеймін. Әлі де реформалар болады. Өйткені мұны халық талап етіп отыр. Әлеуметтік желі болсын, халықтың арасында жүрсеңіз де, қайда болсын халық өзгерісті талап етеді.
Бірінші кезекте әр адамның жағдайына қарау керек. Әр ауылдан бастап бюджетті жоспарлағанда әрбір тиын әрбір азаматқа, соның өлшемі болуы тиіс. Адам – бізде барлығына өлшем. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида осы. Соған келе жатырмыз.
Жаңа Қазақстанда ең бастысы бәрін өзімізден бастайық. Бізде қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар.
Бүркіт АЯҒАН,
тарихшы, Мемлекет тарихыинституты директорының орынбасары:
ҚОҒАМ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚАН ЖӨН
– Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан негізгі мәселелерін жүйелі іске асыру үшін қоғамның үніне құлақ түру маңызды. Әрбір мәселені өткен тарихта кеткен қателіктерден сабақ ала отырып, түзеткеніміз жөн. Мәселен, саяси жүйеге жаңа бетбұрыс әкелу үшін қасаң қағидалардан арылу қажет деп санаймын. Менің ұсынысым, партия оппозициямен жұмыс істей алуы керек. Әрине, партиялар арасында бәсеке болғаны жөн. Дегенмен кеңес заманындағы «тек біздікі дұрыс, олардыкі қате» деген түсініктен арылып, дәлелді пікірі бар, ақиқатты айтқан азаматтардың айтарын тыңдап, одан қорытынды шығара білу өте маңызды. Осындай ұсыныстарымды ескерсеңіздер екен.