Таяуда былтырдан бері көпшіліктің талқысында жүрген «Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Дегенмен осы заң жобасына қатысты түрлі пікір айтылады, біреу даттайды, біреу қостайды. Даттайтындар заң қабылданар болса, әлеуметтік желілердің бұғатталуы мүмкін екенін алға тартады. Келесі тарап кибербуллингті тоқтатып, бала құқығын қорғайтынын сөз етеді. Сонымен, кімге сенеміз, расымен заңның шикі тұстары бар ма?
Кибербуллингпен өлшенген кеңістік
Әуелі бұл заң қандай нормаларды қарастырғанына көз жүгіртсек. Заң талабы бойынша, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы қажет. Егер олар ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін желілер бұғаттала бастайды. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, Қазақстан аумағында орналасқан, күніне орташа есеппен 100 мыңнан астам қолданушысы бар шетелдік онлайн-платформаның иесі немесе заңды өкілі БАҚ саласында уәкілетті органмен қарым-қатынас жасайтын заңды өкілін де тағайындауы тиіс. Заңға қайшы деп тапса кез келген ақпаратты желі 24 сағат ішінде өшіруі керек екен. Міне, заң жобасына қарсы шыққан кейбір құқық қорғаушылар мен медиасарапшылар осы тұсына келіспейді. Өйткені «билік өзіне сыни пікір айтқан жазбаларды өшіртуі мүмкін» деп санайды. Әрине, бұл бір тараптың ғана ойы. Заң жобасын жақтаушылар құжат интернеттегі «құқыққа қайшы контенттермен күрес механизмін» айқындап, балаларды кибербуллингтен қорғайды» деп мәлімдеген. Яғни, әлеуметтік желі мен жастар арасындағы суицид тақырыбын ұштастырып тұр. Құжатты әзірлеушілердің бұл көзқарасына келісуге болады. Толыққанды болмаса да, суицидке итермелейтін кейбір ойлар әлеуметтік желі арқылы туындауы мүмкін. Мәселен, The Wall Street Journal-дың Facebook-тың ішкі зерттеуіне сілтеп жазған ақпаратына сенсек, біраз жасөспірім қыздардың психикалық жағдайына не өз-өзін қабылдауына Instagram кері әсер етіп, жастарда замандастарының суретіне қарап, өзін өзгеден кем санайтын әдет пайда болады екен. Виртуал әлемде мінсіз образ жасау басқалардың уайымы мен депрессиясына себеп болуы мүмкін. Бірақ проблеманың түп төркіні тек әлеуметтік желіде емес, қоғамға сіңіп кеткен «сұлулық стандарттарында» да жатқаны рас. Жыл сайын елімізде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде ондаған мың баланың құқығы бұзылғаны анықталады екен. Ал былтыр Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кәсіби қолданушылары қауымдастығының мамандары TikTok-тан жасөспірімдер арасында суицидті насихаттайтын 1,7 мыңға жуық видео тапқан. Белгілі бір дәрежеде әлеуметтік желілердің осындай зияны бары бұрыннан айтылатын. Кейбір жандарға қысым болып, соның кесірінен өзіне қол жұмсаған жағдайлар да кездесті. Осы тұрғыдан алғанда заң жобасының тиімді тұстары бар. Әйткенмен құжаттың мұндай артықшылықтарына сенбейтіндердің қарасы көп. Таяуда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров бұлай күмәндануға негіз жоқ екенін айтқан болатын. – Заң жобасына ұсынылып отырған түзетулер еліміздегі сөз бостандығын шектемейді, керісінше, ел аумағындағы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қызметін заңнамалық тұрғыда регламенттеуді көздейді. Өз қызметін жүзеге асыратын кез келген кәсіпкерлік субъектілері сияқты шетелдік компаниялар еліміздің заңдарын сақтағанын қалаймыз. Ал Meta, Telegram тәрізді алпауыттар өкілдігі ел аумағында болмаған соң біз олардан заңдарымызды сақтауды талап ете алмаймыз. Егер олардың заңды өкілін тағайындасақ, осы кемшілікті түзеуге мүмкіндік аламыз, – деді ол. Министрдің айтуынша, ведомство соңғы жылдары халықаралық әлеуметтік желілердің иелерімен ынтымақтастық орнатқан. Соның арқасында «ВКонтакте», Mail.ru, Facebook, Instagram, TikТok, Telegram желілері бұл бастаманы қолдағанын айтып отыр. Бір қызығы, қазір ведомство шетелдік әлеуметтік желілер заңды өкілді анықтау және тағайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдепті. Шамасы, бұл заң қабылданатынына аса сенімді тәрізді. «Бұл түзетулер қарапайым қолданушыларға еш әсер етпейді, өйткені заңсыз материалдарды тарату үшін жауапкершілік онсыз да заңнамада бар», – дейді Асқар Омаров. Осыдан кейін бізді «аталған заңнамаға ұқсас құжаттар шетелде бар ма?» деген сауал мазалаған. Сөйтсек, Германияда 2017 жылдан бастап «әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң қолданылады екен. Мұнда да заңға қайшы саналған ақпараттар 1 тәулік ішінде бұғатталады. Тағы бір мәселе – елімізде әлеуметтік желі арқылы болған кибербуллинг фактілерін анықтау заңнамалық тұрғыдан әлі де реттелмеген. Заң кемшіліктің орнын толтыруға атсалысуы мүмкін. Қорыта айтқанда, ведомство тек кибербуллинг мәселесін зерделеп, «әлеуметтік желі жұмысына зиян тимейді, сөз бостандығы шектелмейді» деп отыр. Бірақ дәл осылай болса, құжат неге қарсылыққа ұшырады, бәлкім, шикі тұстары бар шығар?Сарапшылар неден сескенеді?
Жасырын емес, заң жобасы балаларды кибербуллингтен қорғау үшін әзірленді десек те, «кейбір тұсы тым күмәнді, желіні бұғаттауға мүмкіндік беріп, цензураға алып келеді» деп алаңдайтындар бар. Осыған дейін құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастық заң жобасына қарсылық білдіріп, петиция ұйымдастырғанын білеміз. Оған 10 мыңнан астам адам қол қойып үлгерген. Олардың да пікірі орынсыз емес. Мәселен, Қазақстанның Google-ға контентті жою туралы жолдаған сұрауларынан суицидке басымдық бергені білінбейді. 2021 жылдың алғашқы 6 айында Google-ға Қазақстан контентті жою туралы сұрауларының ішінде ұлттық қауіпсіздік (34) және билік өкілдерін сынау (34) санаты бойынша ең көп сұраныс жіберген екен. Ал алалайтын мәлімдемеге 3, қалған санат бойынша 13 сұраныс жолдаған. Біз ойлағандай буллингтің жайы байқалмайды. Ұлттық қауіпсіздік бойынша сұраныс жібергені жөн, алайда «билік өкілдерін сынауға» мән бергеніне не жорық? Енді суицид тақырыбына қайта оралайық. Негізі, өзіне қол жұмсауға әлеуметтік желілер ғана себеп емес, проблеманы жан-жақты қараған абзал. Кибербуллинг суицидтің көп себебінің бірі ғана болуы мүмкін, алайда толық жауапкершілікті әлеуметтік желіге арта алмаймыз. Мәселен, Қазақстанда суицидтің ең көп болған кезеңі 1996 жылға келеді (100 мың адамға шаққанда 34,6 адам). Әлеуметтік желі болмаса да көрсеткіш жоғары болған. Суицидке депрессия, түрлі психикалық ауытқу мен ауру, бала кездегі жарақаттан қалған стресс, есірткі мен алкоголь ішу секілді түрлі экономикалық, әлеуметтік, психологиялық проблемалар итермелейді. Психологтар мұны талай растаған. Сондықтан қарсы тарап айтқандай, бар проблема әлеуметтік желіге де қатысты емес. Бұдан өзге де шикіліктер жетерлік. Көптен бері мәселеге зер салып жүрген MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Джалилов әлеуметтік желілердің өкілдік ашу жайы бірнеше кедергіні шығаратынын айтып отыр. – Құжатта өкілдікті тек «Қазақстан азаматы ғана басқара алады» деп жазылған. Ал заң жобасы күшіне енген соң жарты жыл ішінде әлгіндей талапты орындамаған компанияның қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салынуы мүмкін. Құжатта «Филиал басшысы Қазақстан билігі заңға қайшы деп тапқан ақпаратты өшіруге не бұғаттауға міндетті» деген бөлім бар. Филиал басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен келген шағымды бірден қарап, онда жазылған талапты бір тәулік ішінде орындауы керек. ҚР «Байланыс туралы» заңының 41-1-бабы бойынша, белгіленген мемлекеттік органдардың талаптарын, ұсынымдарын, хабарламаларын немесе шешімдерін орындауды және қарауды сот шешімдері қамтамасыз етеді. Ал бұл құжат күшіне енсе, министрлікке онлайн-ресурсты бұғаттау құзыреті берілмек. Қазіргі заң бойынша, сайттар тек сот шешімі бойынша бұғатталады, – дейді Джалилов. Яғни, мамандар министрлік билікке сын айтқан ақпарат құралдары да бұғатталады деп күмәнданады екен. Кей тұста Ресейдің іс-әрекетін қайталап жатқанымызды айтатындар да бар. Көрші елде ірі корпорациялардың филиалы жұмыс істейді. Сол компаниялар Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласындағы бақылау жөніндегі федеральды қызметі талабымен биліктің қолайына жақпайтын контентті өшірген кездері де болған. Бірнеше оқиғада соны ашық аңғардық та.ТҮЙІН:
Бейтарап тұрғыдан қарасақ, заңды ақтай да, даттай да алмаймыз. Өйткені бір артығын айта қалсақ, екінші кемі үңірейіп тұр. Расымен киберббуллинг мәселесіне зер салар жөніміз бар. Бірақ ол әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарын шектеу арқылы іске аспаса деп тілейміз. Мұны алдағы уақытта Сенат ескере жатар.