Энергия тасымалдаушылар келісімге келген
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті енді қаланы энергиямен жабдықтаушы төрт мекеменің арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер жасаудың деректерін анықтады. Яғни, энергия тасымалдаушы компаниялар жосықсыз бәсекелестікке қатысты күдікке ілінді. Бұл туралы департамент басшысының орынбасары Ернар Қосбаев атап өтті. Айта кетейік, аталған желілік компаниялар халық тұтынатын тауарларды өндіруге маманданған және әртүрлі қызмет көрсететін кәсіпорындарға электр энергиясын сатады. Электр энергиясын сату тарифінің көтерілуі тауарлар мен қызмет көрсету құнына айтарлықтай әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Осы тұста тарифтерде едәуір айырмашылық болған. Тіпті, кейбіреуінде киловатт сағатына 10 теңгеге дейін көтерілген. «Электрмен жабдықтаушы компаниялар тұтынушыларға баға шарттарын белгілеу тұтынушы үшін өнім бағасының көтерілу қаупін туғызады. Бұл ретте электр энергиясының құны нарықтың жекелеген қатысушылары үшін төмен болды. Мұндай үдерістер тиімді бәсекелестікке қауіп төндіреді және соның салдарынан өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді. Бұл әрекет әдейі ұйымдастырылды ма, жоқ па ол тергеу барысында анықталатын болады», – дейді Ернар Қосбаев. Шымкентте энергиямен жабдықтау нарығында жұмыс істейтін кәсіпорындар бір-бірімен тығыз байланысты. Сонымен қатар олардың қызметі енді жекеменшік монополияның жұмыс істеуіне өте ұқсас жағдай қалыптастырды. Салдарынан бұл жағдай нарыққа шыға алмайтын басқа энергия желілері, яғни жекеменшік компанияладың құқықтарын бұзу қаупін тудырады. Монополияға қарсы департамент мұның барлығы бәсекелестіктің тиімді дамуына қауіп төндіреді және бизнеске зиянын тигізеді деп отыр. Ернар Қосбаев әділетсіз монополияға жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Тексеру аяқталған соң тиісті шаралар қабылданбақ.Қоқыс тазалаудағы талас
Сонымен қатар Шымкентте қоқыс тасушылар арасындағы дау бойынша тергеу жұмыстарының басталғанын еске салды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті. Монополияға қарсы департамент қызметкерлері «LTD Тұрмыс» ЖШС-на қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Серіктестік қалаға кірген өзге компанияларға үстемдік танытқан. Еске сала кетейік, мегаполисте күл-қоқыс шығарумен айналысатын бірнеше колмпания арасында талас туып жүрген болатын. Мәселен, «LTD Тұрмыс» ЖШС, Shymkent SpecComplex ЖШС, EcoSpecTrans ЖШС және «МПЗ Green Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару нарығына басқа бәсекелестердің кіруіне жол бермей келген. «Салдарынан мұндай әрекеттер нарықты монополиялау барысындағы әділ бәсекелестікті жояды», – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ернар Қосбаев. Аты аталған компаниялар өткен екі жыл бойы өзге компаниялардың нарыққа енуіне жол бермеу үшін барынша кедергі келтірумен айналысқан. Кейде, тіпті қоқыс жинау орындарынан бәсекелестерінің контейнерлерін алып тастауға дейін барған. Дәл осындай жағдайдан соң 2019-2020 жылдары «Орионнговтех» ЖШС мен «Экоспектранс» ЖШС нарықтан кетіп тынды. Департамент басшысының орынбасары тергеу аяқталып, қорытындысы алынғаннан кейін тиісті шешім қабылданады деп отыр. Алайда қоқыс тазалаушылар бір-бірімен таласып соттасып жүргенде үшінші мегаполис бүгінде лас қалаға айналып барады.Шымкент қаласы