Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің субсидия беру мәселесіне жүргізген сараптамасы нәтижесінде әртүрлі айла-шарғы жасау арқылы бюджет қаражатын жымқыруға бағытталған көптеген елеулі кемшіліктер мен қылмыстық схемалардың беті ашылды. Мұндай «батпан құйрықтан» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері де сырт қалмағаны анықталды. Олардың кейбіреулері білместіктен мұндай қадамға барса, кейбіреулері пайдакүнемдік мақсатын көздеген. Сөйтіп, бір малға бірнеше рет субсидия алған шаруашылықтар бар екені әшкере болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына қатысы жоқ фирмалар да қаржыландырылған. Еліміздің барлық өңірлерінде жұртшылықты, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, ең алдымен субсидияға бөлінетін бюджет қаржысын жоспарлау тиімділігі төмен әрі оның мақсатты жұмсалуын бақылау тетіктері жоқ. Атап айтқанда, бюджетті жоспарлаған кезде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты сұранысы ескерілмейді. «Әрине, жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы бөлімдері тауар өндірушілерден сұрастырады, дегенмен бөлінген қаражат алып үлгерген адамға ғана бұйырады. Сараптама барысында мемлекеттің қолдауын тек «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігі, «ТайыншаАгроИнвест», «Тұқым», «Шатило и К» сияқты ірі шаруашылықтар ғана алатыны анықталды. Ал шағын шаруа және фермерлік қожалықтар тапсырыс беріп үлгермегендіктен, мұндай қолдаудан қағылып отыр. 2020 жылы бір ірі тауар өндірушіге бөлінген қаржы сомасы 400 миллион теңгеден 2 миллиардқа дейін ауытқиды. Ал шағын шаруашылықтарға бөлінгені – небәрі 5-6 миллион теңге ғана», – деді Нұрлан Серікұлы. Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов та оның сөзін қолдады. Оның айтуынша, бұған субсидия алу үшін шамадан тыс талап қойылатыны себеп. Мәселен, бұқаларды бордақылау үшін бір мезгілде 1000 ірі қара сыярлық бордақылау алаңы болуы шарт. «Біздің өңірде мұндай алаңға ие кәсіпорындардың саны үшеу-ақ: «Шатило и К», «Зенченко и К» және «Тайынша Астық» серіктестігі. Солар ғана субсидия ала алады. Ал шағын тауар өндірушілер шөміштен қағылады», – дейді Марат Жақсылықұлы. Оның айтуынша, тәулігіне кемінде 1 500 бас ірі қараны союға арналған жеке жабдықтың болуы туралы талапқа сәйкес келетін ет комбинаты Солтүстік Қазақстан облысы түгіл, елімізде жоқ екен. Сондай-ақ ай сайын сүт сынамасын тапсыру туралы талап та қиындық туғызатын көрінеді. Себебі облыс аумағында мұндай зерттеу жүргізетін екі-ақ зертхана бар әрі олар шаруашылықтарға бармайды.
НЕГІЗСІЗ БЕРІЛГЕН ҚАРЖЫ КӨП
Субсидияларды заңсыз алуға байланысты жүйелі заңбұзушылықтардың ішінде ең негізгісі – тұқымдарды, пестицидтерді нақты пайдаланбаса да, сатып алатын жосықсыз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге байланысты. Мәселен, 2020 жылы «Талшық Астық Агро» кәсіпорны гербицид сатып алу мақсатына 59 миллион теңгеден астам субсидия алған. Алайда тексеру барысында өтінімде көрсетілген жер телімі мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылып, шабындық жер ретінде пайдаланылғаны анықталды. Осы іспеттес жағдай «Жаңа ел» серіктестігінде де болған. Олар 43 миллион теңгеден астам сомаға картоп тұқымын сатып алып, пайдаланбаған. Мемлекеттік органдар 2021 жылдың бірінші жартысында 1 миллиард теңгеден астам субсидия негізсіз берілгенін анықтады. Мониторинг барысында белгілі болғанындай, «Атамекен Агро» АҚ-ның 15 еншілес ұйымы бар екен. Олардың барлығы пестицидтерді тек бас компаниядан сатып алатын көрінеді. Мысалы, «Сағат-СК» ЖШС 2020 жылы пестицидтерді субсидиялауға 20 өтінім беріп, оларды тек «Атамекен Агро» АҚ-дан сатып алған. «Атамекен Агро» ЖШС-ның басқа еншілес ұйымы 2020 жылы жалпы сомасы 350 млн теңгеден астам сомаға пестицидтерді ұқсас схема бойынша сатып алған. Алайда прокурорлық тексеріс барысында жер телімдері жайылымдық жер болып табылатындықтан, 8 өтінім бойынша пестицидтер пайдаланылмағаны анықталған. Бұл схема жосықсыз тауар өндірушілерге субсидияларды заңсыз алуға мүмкіндік береді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдарды субсидия арқылы сатып алу кезінде үлестес болу мәселесі ведомстволық нормативтік актілермен реттелмеген. Бір улы химикаттарды екі рет субсидиялау да кездеседі. Мәселен, 2020 жылы «АБИ ЖЕР» ЖШС пестицид сатып алу үшін 112 млн теңгеден астам субсидия алған. Бұл шаруашылық – «Агрофирма Жамбыл» және «Агрофирма Есіл» ЖШС-ларына пестицидтерді тұрақты жеткізіп беруші. Тіпті, электрондық шот-фактура егжей-тегжейлі талданған күннің өзінде субсидияланған құралдар ғана сатылғанын дәлелдеу мүмкін емес. Былтырдан қалған пестицидтер сатылуы мүмкін. Сондықтан мамандар пестицидтер мен минералды тыңайтқыштарды жеткізіп берушілерді субсидиялау тетігінен алып тастау қажет деген ұсыныс жасады. Өйткені өнім беруші дәл субсидияланған препаратты пайдаланғанын немесе оны басқа тауар өндірушіге сатқанын бақылау мүмкін емес. 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша шаруа қожалықтарына қатысты жалпы сомасы 7 млн 990 мың теңге (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау немесе алдау жолымен бөтеннің мүлкіне құқық алу) көлемінде және Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 371-бабы бойынша (немқұрайдылық) сотқа дейінгі екі іс қозғалды.БІР МАЛ БІРНЕШЕ РЕТ СУБСИДИЯЛАНҒАН
Субсидиялаудың Qoldau, Plem.kz ақпараттық жүйелерінің жетілдірілмегеніне қатысты тәуекелдер бір төбе. Бұл ақпараттық жүйелер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен кіріктірілмеген әрі бюджет қаражатының түскені хабарланбайды. Мемлекеттік қызметтерге тең қол жеткізу құқығы бұзылады және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін әкімшілік тосқауыл көп. Өтінім беру үрдісін автоматтандыру дәрежесі төмен. Бұл өз кезегінде өтінім қаралған кезде субъективті тәсілді қолдануға жол ашады. Мәселен, «Qoldau» порталы электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылмаған. Бұл шешім қабылдайтын лауазымды тұлғаның жауапкершіліктен жалтаруына қолайлы жағдай туғызады әрі жалған шот-фактура ұсынуға мүмкіндік береді. Plem.kz жүйесінің кіріктірілмегені шын мәнісінде жоқ малға субсидия алуға мүмкіндік береді. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай жағдайлар да болғаны белгілі болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шаштараз, массаж салондары сияқты фирмалар қаржыландырылған. Себебі өтінімге қоса берілетін құжаттардың дұрыстығын тексеру үшін басқа деректер базасымен байланыс жоқ. Соның салдарынан жануарлардың саны, түрі, жынысы және жасы бұрмаланған. Тіпті, бір мал басы бірнеше рет субсидияланған. Былтыр бастапқыда қаржы түспегендіктен, кейін техникалық себептерге байланысты «Qoldau» порталының жұмыс істегенінен істемеген күні көп болыпты. Соның салдарынан кейбір шаруашылықтар тапсырыс беру мерзімін өткізіп алған. Сондықтан олар қаржының бар-жоғына қарамастан, тапсырыстар қабылданып, кезек сақталса және оның ашықтығы қамтамасыз етілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин «Qoldau» порталындағы кемшіліктер үшін шынында да ешкім жауап бермейтініне таңданысын жасырмады. «Тіпті, кейбір кемшіліктер үшін біреуді жауапкершілікке тартайық десек, жауап беретін адам жоқ», – дейді ол. Qoldau порталын пайдалану ақылы. Жыл сайынғы абоненттік төлем субсидиялау мөлшеріне байланысты 3-тен 11 айлық есептік көрсеткішке дейінгі аралықта. Ал мемлекеттік қызметтер ақылы болмауы тиіс. Сонымен қатар Qoldau порталы автоматты есептеу калькуляторларымен, оларды автоматты тексерумен қамтамасыз етілмеген, қоса берілетін файлдарды жүктеудің көлемі шектеулі. Өтінімдер мен олар бойынша есептерді қызметкер қолмен қайта тексереді. Бұл нақты тауар өндіруші бойынша шешім қабылдау кезінде субъективті тәсіл танытуға мүмкіндік береді. Яғни, бұл жағдайда Ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіпкер сияқты порталды пайдаланушы ғана. Субсидиялардың экономикалық тиімділігін анықтаудың нақты критерийлері жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын барлық субсидиялардың 48,3% өсімдік шаруашылығына, оның 28,6% өсімдіктерді қорғау құралдары – пестицидтерге бөлінеді. Соған қарамастан 2019-2020 жылдары астық өнімділігі тиісінше гектарынан 14,2 және 14,4 центнерді құрады. 2006-2007 жылдары да бидай шығымдылығы дәл осындай болған. Гектарынан 20,9 центнерден өнім алынған ең жоғары көрсеткіш 2011 жылы, яғни субсидиялау бағдарламалары іске асырылмай тұрған кезде тіркеліпті. Осындай мысалдар бюджет қаражатын жұмсаудың экономикалық тиімділігі жоғын немесе мақсатсыз пайдаланылатынын айғақтаса керек.Солтүстік Қазақстан облысы