Сенаторлар студенттермен кездесті
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бейбіт Исабаев, Ақылбек Күрішбаев, Нұртөре Жүсіп мырзалар оқу орнының студенттерімен және оқытушы құрамымен кездесті.
«Жаңа саяси реформалар: Жастардың рөлі мен үлесі» деп аталған кездесу ашық форматта өтті.
Алдымен сөз алған Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысының жақында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауының саяси маңызы мен астарына кеңірек тоқталып өтті.
Одан кейін сөз алған Сенатор Ақылбек Күрішбаев та Президент жолдауында айтылған саяси өзгерістерге бет алған Қазақстанда жастардың рөлі мен орны ерекше екеніне тоқталып өтті.
Сенатор Нұртөре Жүсіп болса еліміздегі Жаңа Қазақстан жобасы басталып кеткенін тілге тиек ете келіп, жолдаудағы мәселелерді жүзеге асыру үшін Парламент жыл соңына дейін бірнеше заңдарға өзгерістер енгізетінін айтты. Сондай-ақ ол жастарға өзгелерге еліктеп емес қазақ болып туғанына мақтанатын жас ұрпақ керек дегенді айтты. Сонымен қатар рухы мықты жастар тәрбиелену қажет деді.
[caption id="attachment_189916" align="alignnone" width="1280"] ©А.Мұрзанов[/caption]
«Мынау ағашта қабық болады. Оның сол қабығы қалың болған сайын оны үсік шалмайды. Сол сияқты біздің де рухымыз жалаңаштанбай керісінше ұлттық мәдениет, біліммен қалыңдай түсуі керек. Мен жастарды соған шақырамын. Бүгін алдарыңызға үш бірдей Сенатор келіп отыр. Президентіміз ылғи да айтатын ашықтық керек. Бүгін сіздердің тараптарыңыздан қойылған кез-келген сауалға ашық жауап береміз деп ойлаймын», – деді Нұртөре Байтілесұлы.
Осыдан кейін студент жастар тарапынан халық қалаулыларына түрлі сауалдар қойылды. Сенаторлар болса барлығына тыңғылықты әрі толыққанды жауап беріп отырды.
Кездесуді қорытындылаған аталған оқу орнының Басқарма төрағасы, ректор Жансейіт Түймебаев келген қонақтарға ашық-жарқын кездесу үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол бүгінгі жиынның негізгі мақсаты болған жастардың саяси белсенділігі, қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты өзекті мәселелер мен ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын талқылау өз деңгейінде өткендігін атап өтті.