Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны (175-конвенция) ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.
Конвенция толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек ететін қызметкерлердің құқығы толық жұмыс күні бойынша жұмыс істейтіндермен тең болуын қамтамасыз етуге арналған. Соған байланысты қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейту мәселесіне басымдық беріледі.
«Бұл конвенция толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек ететін азаматтардың мүдделерін қорғауды көздейді. Олардың жалақы алуға, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына, әлеуметтік қамсыздандыруға, жыл сайынғы ақылы немесе ауруы бойынша демалысына қатысты құқығын қорғайды. Алдағы уақытта конвенция бұл бағыттағы халықаралық стандарттарды елімізде одан әрі енгізуге қызмет етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Мұрат Бақтиярұлы елдегі мелиоративті қызметті заңнамалық тұрғыдан жетілдірудің, суармалы егіншілікпен айналысатын шаруаларды қолдаудың, сондай-ақ фермерлерге несие беру рәсімдерін жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті.
Ал Әбдәлі Нұрәлиев атмосфералық ауаның ластануына назар аударып, еліміздегі экологиялық проблемаларды кешенді түрде шешуге бағытталған іс-шараларды іске асырудың тиімділігін арттырудың маңызды екеніне тоқталды.